Қазақ бейнелеу өнерінің көш басында тұрған алыптар шоғыры мен бүгінгі заман шеберлерінің шығармашылығымен таныстыруды мақсат еткен ÚRKER арт-галереясы аз ғана уақытта қайнап жатқан шығармашылық ортаға айналып үлгерді. Қазақтың даңқты суретшілерінің ауқымды тақырыптарға құрылған картиналары мен графикалық туындылары көрме төрінен жарқырай орын алған.
Галерея – «Астана» Халықаралық университетінің арнайы жобасы. Аталған университеттің Жоғары өнер және дизайн мектебінің деканы Саят Баймұратұлы бізге көрме орталығын таныстыра жүріп, ұлттық мектеп қалыптастырудағы аға буын суретшілеріміздің өрісті өнегесі жайында әңгімелеп берді. Оның айтуынша, көрме ашудағы мақсат – рухани және ұлттық бірегейлікті нығайту, тарихи мұраларды сақтау және жаһандық мәдени кеңістіктің өзгеру жағдайында ұлттық бейнелеу өнерін дамыту. Көрмеге тәуелсіздік кезеңі алдында өзіндік ізденісімен уақыт жаршысына айналған суретшілер Орал Таңсықбаев, Салихитдин Айтбаев, Алпысбай Қазығұлов, Камил Муллашев, Әбдірәшит Сыдыханов, Гүлмира Телғозиева, Зейнекүл Түсіпов, Абрам Черкасский, Абрам Шарайденовтің жұмыстары қойылған.
«Біздің қорымызда Қазақстан бейнелеу өнерінің атақты суретшілерінің жұмыстары сақтаулы. Арасында Ұлттық музейде жоқ құнды жәдігерлер де бар. Көріп тұрғаныңыздай, Камил Муллашевтің Қазан қаласына қойылуы тиіс «Сүйінбике» мүсінінің шағын көшірмесі де осында тұр. Жалпы, «Астана» Халықаралық университетінің құрамында жеті жоғары мектеп бар. Соның бірі осы өнер және дизайн жоғары мектебі шығармашыл, өршіл талапкерлерге жан-жақты қолдау көрсетіп келеді», дейді Саят Баймұратұлы. Оның айтуынша, Қазақстан бейнелеу өнерін қолдау және насихаттау, отандық шеберлер мен талантты жастарды қазіргі әлемнің шығармашылық өнер процестеріне тарту – галерея жұмысының негізгі міндеттері. Сондай-ақ «Астана» Халықаралық университетінің (AIU) бренд-амбассадоры NOMAD этнотобының әртістері Олжас Құрманбек пен Айқын Сейтековтің Dimash Qudaibergen Team жобасының солистері екенін де университет мақтаныш тұтатынын атап өтті.
Біз галереяда өтіп жатқан музей көрмесін аралай жүріп, дүниежүзілік өнер тарихында маңызды үлес ретінде қаралатын Шығыс кілемдерінің экспозициясына куә болдық. Мұндағы түрлі кескіндемелік бейнесімен ерекшеленетін кілемдер әр кезеңдегі өндіріс нарығынан хабар береді. Бұл – жоғары мектеп бастамасымен құрылған үлкен көрме кешені саналатын Шығыс музейінің кезекті жобасы. «Шығыс музейінің тағы бір жобасы – кілемдер. Әр кезеңге тиесілі қазақ, түрікмен, әзербайжан кілемдері жинақталып жатыр. Байқасаңыз, Еуропа, АҚШ елдерінде Шығыс музейі деген арнайы мұражай бар. Ал ондай шығыстық мәдениеттен хабар беретін музей өзіміздің Орталық Азияда жоқ. Келешекте ұлттық дүниелерді қалыпқа келтіруді, экспедиция ұйымдастыра отырып музей қорын кеңейтуді ойластырып отырмыз», дейді Саят Баймұратұлы.
Биыл Шығыс музейі мен ÚRKER арт-галереясы қоры бойынша арнайы жинақ шығарылмақ. Сондай-ақ музейде нумизматиканың үлкен қоры, Шығыстың тарихи карталары, шығыс өнері жайында сыр шертетін сирек басылымдар сақталған. Музей коллекциясының біраз бөлігін шеберлер сыйға тартқан 100-ден астам жәдігерлер құрайды. Тамырын тереңнен алатын зергерлік өнер шеберлері Шалқар Секенов, Берік Әлібай, Нұрдамбек Бекболаттың топтамасын да осы қатардан көре аласыз.
Аталған мектептің тағы бір тағылымды жобасы – балалар көркемсурет студиясы. Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев, Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов бас болып ашылған орталық балаларды көркемдік-эстетикалық дамуға жетелей отырып, тәжірибелі ұстаздар алдынан сәндік-қолданбалы өнер, кескіндеме, графика және мүсін өнері жайында дәріс алуға мүмкіндік береді.
«Астана» Халықаралық университетінде «Дизайн» бағдарламасы бойынша оқытылатын танымал сәулет және интерьер дизайны, графикалық дизайн, веб-дизайн мамандықтары нарықтық экономикадағы көптеген бағытты қамтиды. Бұл мамандық бойынша оқудың басты артықшылығы Камил Муллашев, Жұмақын Қайрамбаев, Қазбек Әжібек шеберханасынан тәлім алуға мүмкіндік береді.
Қай заманда да өнер үлкен қамқорлықты қажет еткендігін ескерсек, бүгінгі уақыт шеңберінде университет берген мүмкіндік негізінде көргені мен түйгені мол, тәжірибесі толыққан аға буын ғибратын келешек жастарға жеткізудің маңызы зор.