• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Бокс 13 Сәуір, 2021

Екі алпауыттың айқасы

985 рет
көрсетілді

ХХ ғасырдың екінші жартысында КСРО мен АҚШ боксшылары арасында матчтық кездесулер үздіксіз өтіп тұрғанын көзі қарақты көрермендер ұмыта қойған жоқ. Нақты деректерге сүйенсек, 1969-1990 жылдар аралығында осындай жарыстың жалауы 57 мәрте желбіреген екен. Оның арасында ресми де, бейресми де бәсекелер бар. Жарыс бірде Америкада өтсе, енді бірде Кеңес Одағы аумағындағы бірқатар қалада ұйымдастырылды. Айтулы матчтық кездесуге деген жанкүйерлердің қызығушылығы өте жоғары болды.

Әрине, оған еш таңдануға болмайды. Өйткені бұл екі алпауыттың арасындағы «қырғи-қабақ соғыстың» қатты ушығып тұрған кезі еді. Бірі – капиталистік, екіншісі – социалистік бағыттағы мемлекет. Әрқайсысы әр салада өзінің мықтылығын дәлелдеуге тырысты. Бұл экономика мен техника, ғылым мен білімді айтпағанда, тіпті өнер мен спортта да айқын көрініс берді. Ғарышқа ұшып, қару-жарақ жасап та жарысты. Бір сөзбен айтсақ, барлық салада ымырасыз бәсекелестік орын алды. Сол себепті де бокстан АҚШ пен КСРО құрама командалары арасындағы матчтық кездесуге де айрықша саяси мән берілді.

Екі алпауыттың арасындағы тұңғыш матчтық кездесу 1969 жылдың 27 қазанында АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында ұйымдастырылды. Бұл жарыстың шымылдығын 48 кило салмақтағы қазақ жігіті Жандос Көкімов пен Вильям Хотторн ашты. Бәсеке қандасымыздың басым­­дығымен өткенімен, жеңіс америкалық боксшыға берілді. Осы орайда, жекпе-жектерге қазылық қапталдағы үш төрешінің екеуі АҚШ, тек біреуі КСРО-ның өкілі болғанын айта кеткен абзал. Яғни жекпе-жек барысында қарсыласыңды ұрып жықпасаң, онда сырттан келген өреннің жеңімпаз деп танылуы неғайбыл. Жандос дәл сондай жағдайға душар болды.

Лас-Вегастағы жарыста Қазақстанның тағы бір боксшысы өнер көрсетті. Ол – Әбдірашит Әбдірахманов. 67 кило салмақ дәрежесінде күш сынасқан жерлесіміз Армандо Муницке есе жіберді. Алғашқы раундты өте жақсы өткізген Әбдірашит бәсеке бел ортадан ауғанда қарсыласына тізгінді беріп қойып, қолда тұрған жеңістен айырылды.

Қазылар қанша жерден қыспаққа алса да КСРО мен АҚШ құрамалары арасындағы тұңғыш матчтық кездесу алғашқыларының пайдасына шешілді. Есеп – 6:5. Кеңес Одағы құрамасы сапында Виктор Запорожец (51 кило), Александр Мельников (54 кило), Валериан Соколов (57 кило), Валерий Фролов (63,5 кило), Валерий Трегубов (71 кило) және Владимир Бабарыка (81 кило) жеңіске жетті.

Арада үш күн өткен соң келесі бәсеке Мон­реальда жалғасты. Жарнамаларда қарсы­ласымыз Канада құрамасы деп жазылғанымен, сол команданың тең жартысы АҚШ боксшыларынан жасақталды. Бұл жолы да Кеңес Одағының өрендері дес бермеді. Жандос Көкімов Клаудио Ривераны қуып жүріп сабаса, Әбдірашит Әбдірахманов Парид Бальдассарды екі рет нокдаунға жібергеннен соң бәсеке тоқтатылды. Қалған жігіттеріміз де намысты қолдан бермеді. Есеп – 10:1.

1970 жылдың ақпан айында америкалықтар КСРО-ға келіп, оңбай таяқ жеп қайтты. Мәс­кеуде өткен кездесуде 9:2 есебі тіркелсе, Минскіде де қонақтар жарытып қарсылық көр­сете алмады – 8:3. Бұл жарыста екі қан­дасымыз күш сынасты. Атап айтсақ, Жандос Көкімов Вильям Хотторнды бас көтертпей төмпештеп, Лас-Вегаста жіберген есесін толығымен қайтарса, Марат Жақсыбаев (51 кило) Эдвард Сантьягоны сан соқтырды.

Аталған мемлекеттің боксшылары арасын­дағы матчтық кездесулер одан кейінгі жылдары да өз жалғасын тапты. Сан миллион көрермен қызыға тамашалаған бәсекелердің екеуі Алматыда ұйымдастырылды. 1974 жылдың 21 мамырында Қазақстанның боксшылары АҚШ-тың ұлттық құрамасын 5:3 есебімен ұтты. Жерлестеріміздің арасында Василий Плакущий (48 кило), Эдуард Дубовский (54 кило), Виктор Курышко (71 кило), Валерий Соколов (81 кило) және Виктор Гребенюк (+81 кило) жеңіс тойын тойлады. Сол жарыста әйгілі Валерий Рачковтың да өнер көрсеткенін айта кетуге тиіспіз. Алматылық өрен Арроу Прайорға есе жіберді. Алайда ол кезде Валера небәрі 18 жастағы бозбала еді. Уақыт оза ол әлем чемпио­ны, КСРО біріншілігінің үш дүркін жеңімпазы атанып, басқа да көптеген аса ірі халықаралық жарыста жеңіс тұғырына көтерілгенін жанкүйерлер жақсы біледі.

1990 жылдың 2 мамырында КСРО мен АҚШ-тың гүрзі жұдырықты жігіттері қайта Алатау баурайында бас қосты. Бұл екі алпауыт­тың арасындағы соңғы кездесу еді. Алматының қақ ортасында орналасқан қазіргі Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өткен жарыста 6:4 есебімен ринг қожайындары басымдық танытты. Тарқатып айтсақ, Сейілбек Балтабаев (48 кило) Брэдли Мартинесті, Есболат Нұрманов (51 кило) Рональд Данлэпті, Игорь Ярменко (67 кило) Патрик Бердті, Дмитрий Корсун (71 кило) Крис Бердті, Андрей Курнявка (81 кило) Тэрри Макгрумді және Игорь Шишкин (91 кило) Хавьер Альваресті ұтты. Ал Альберт Пакеев (54 кило), Валентин Юнусов (57 кило), Бақтыжан Аманбаев (60 кило) және Александр Банин (63,5 кило) өз қарсыластарына жол берді.

Жалпы, КСРО мен АҚШ құрама командалары арасында ұйымдастырылған 57 матчтық кездесуде америкалықтардың небәрі жеті рет қана асығы алшысынан түскен екен. Ал Кеңес Одағы былғары қолғап шеберлерінің 45 мәрте мерейлері үстем болды. Тағы бес бәсекеде тең есеп тіркелді. Яғни КСРО құрамасы спорттың бұл түрінде өзінің мықтылығын мойындатты.

Сөз орайы келгенде, әр жылдары осы жарыстарда жоғарыда аталған қазақстандық бокс­шылардан бөлек, Анатолий Торопов, Бақтай Сәпеев, Василий Плакущий, Валерий Рачков, Берікбай Нұрмаханбетов, Серік Қонақбаев және тағы басқа жерлестеріміздің жасындай жарқылдағанын айта кеткен абзал. Олардың әрқайсысы өз қарсыластарын қапы қалдырып, КСРО құрамасының жеңіске жетуіне сүбелі үлес қосты.