Сенатта «Тұрғын үй-коммуналдық дамудың мемлекеттік бағдарламаларын жетілдіру және оларды іске асырудың кейбір мәселелері туралы» тақырыбына арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Дәурен Әділбеков жүргізді, деп хабарлайды Egemen.kz
Дөңгелек үстелде сөз сөйлеген Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев соңғы жылдары тұрғын үй құрылысында оң динамика байқалып отырғанын атап өтті.
«2020 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 15,3 миллион шаршы метр тұрғын үй салынды. Оның құрылысына салынған инвестиция 2019 жылмен салыстырғанда 33,6 пайызға өсіп, 2 триллион теңгені құрады», деді Қайырбек Өскенбаев.
Алайда, Сенат депутаты Әлімжан Құртаев бұл салада мемлекеттік бағдарламалар сәтті іске асырылып жатқанымен, олар әлі күнге дейін ауыл тұрғындары үшін қолжетімсіз екеніне назар аударды.
«Жалпы соңғы жылдары тұрғын үй саласына қатысты мемлекеттік бағдарламалар біршама нәтижелі іске асырылуда. Дегенмен, ауыл тұрғындарын баспанамен қамтамасыз ететін бөлек бағдарлама керек. Өйткені қазіргі қолданыстағы тұрғын үй бағдарламаларын ауылда жүзеге асыруға мүмкіндік жоқ», деді Әлімжан Құртаев.
Сондай-ақ, ол жосықсыз құрылыс салушылардың үлестік тұрғын үй құрылысына қатысты заңнаманы бұзуы өзекті проблема екенін айтты. Өткен екі жылда осындай 123 компания анықталған. Осыған орай сенатор бұл мәселені шешудің жолын ұсынды.
«Қаржы жағынан тұрақсыз компаниялар сапалы және арзан тұрғын үй саламыз деп уәдені үйіп-төгіп, әртүрлі кооперативтер, одақтар, жарналар арқылы халықтың салымдарын ашық түрде тартады. Бірақ тұрғын үй құрылысының аяқталуына ешкім кепілдік бермейді. Сондықтан халықтың үлестік салымдарын тартуға құқылы құрылыс компанияларының қарапайым, ашық және түсінікті рейтингін әзірлеуді ұсынамыз. Соның аясында қаржы деңгейі тұрақты компаниялар үшін кепілдендірудің қолданыстағы тетігі сақталады», деді Әлімжан Құртаев.