Халық денсаулығы туралы Кодексте халықтың негізгі топтарымен жүргізілетін профилактикалық жұмыстардың бағыттары кеңейтілді. Бұл – еліміздегі АИТВ-инфекциясын ауыздықтау жолындағы өте маңызды қадамның бірі. Профилактикалық қадамдардың өзектілігі туралы Денсаулық сақтау министрлігінің Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығы директорының орынбасары Ирина ПЕТРЕНКОМЕН әңгімелескен едік.
– АИТВ-инфекциясы – қоғамдық денсаулық сақтауда негізгі жаһандық мәселелердің бірі. Мұны ЖИТС жөніндегі Жаһандық статистика да айғақтайды. АИТВ эпидемиясы басталғалы бері бұл кеселді 75,7 млн адам жұқтырды. Қазіргі уақытта АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың саны 38 млн-ға жетті. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар – 1,8 млн. 2019 жылы АИТВ-ның жаңа жағдайларының саны 1,7 млн болды. Қазақстан Үкіметі денсаулық сақтау мәселелеріне, оның ішінде АИТВ инфекциясын қоса алғанда, әлеуметтік мәні бар ауруларға ерекше назар аударып отыр. Мұны «Қазақстан азаматтарының денсаулығы, білімі мен әл-ауқаты» атты 2030 стратегиясының ұзақ мерзімді басымдығынан көреміз. Бұл мәселеде Қазақстанның әлеуеті жеткілікті және АИТВ-инфекциясымен күресте әлемдік қауымдастық қабылдаған мақсатты жоспарлы түрде іске асырып келеді. Қазақстан – АИТВ инфекциясын емдеу толығымен мемлекет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын Орталық Азиядағы елдердің бірі.
– Ирина Ивановна, қазіргі кезде АИТВ-ға қатысты қандай бағдарламалар қаржыландырылып отыр?
– Мемлекет «зиянды азайту жөніндегі бағдарламаларды» қоса алғанда, халықтың негізгі топтары арасында АИТВ-инфекциясына тестілеу, профилактика бойынша бағдарламаларды қаржыландырады. АИТВ-ахуалды адамдарды АРТ-емдеуді және диспансерлеуді қамтамасыз етеді. АИТВ бойынша бағдарламаларды қаржыландыру соңғы екі жылда ғана 2 есеге артты (2018 жылы – 8 млрд 963 млн 595 теңге, 2020 жылы – 16 млрд 995 млн 012 теңге).
Эпидемияға қарсы бірлескен іс-шараларды жүргізуде халықаралық және үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдау, көмек көрсету, халықаралық ұсынымдарды енгізу АИТВ-инфекциясының таралуын шоғырлану сатысында ұстап тұруға мүмкіндік береді (0,27). Профилактиканың, диагностиканың, емдеудің және күтімнің тиімді құралдарына қолжетімділікті кеңейтудің нәтижесінде АИТВ-инфекциясы созылмалы аурулардың басым терапия санатына өтті. Бұл АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға ұзақ және саламатты өмір сүруге мүмкіндік береді. ДДҰ/ЮНЭЙДС–90-90-90 стратегиясын іске асыру шеңберінде Қазақстанда АИТВ-инфекциясына тестілеу жүргізуге және оны тиімді емдеуге жаппай қолжетімділік қамтамасыз етілді. 2020 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың 83%-ы өз мәртебесін біледі, 73%-ы антиретровирустық терапиямен қамтылған, 84%-ында вирустық жүктеменің анықталмаған деңгейі бар.
– Денсаулық туралы жаңа Кодексте АИТВ-инфекциясының алдын алудағы қандай инновацияларды атап өтер едіңіз?
– Әрине, жүргізілетін профилактикалық іс-шаралардың мәртебесі мен маңыздылығын көрсететін заңнамалық нормалардың маңызы зор. 2020 жылы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» жаңа Кодекс қабылданды. Кодексте АИТВ-инфекциясы мәселелеріне қатысты түрлі нормалар көрсетілген. Мысалы, Кодексте бұрын болмаған жаңа анықтамалар пайда болды: «сенім пункті», «Достық кабинеті», «халықтың негізгі топтары», «қатынасуға дейінгі профилактика», «қатынасудан кейінгі профилактика», «антиретровирустық терапия». Халық үшін де, негізгі топтар үшін де профилактикалық іс-шараларды жүргізу тәртібі құрылымдық түрде айқындалған. Бұрын вирусқа қарсы терапияны ұсыну профилактикалық іс-шара болып табылатындығы туралы халықаралық тәсілдерді ескере отырып, емдеу профилактикалық іс-шаралардың тізіміне енді. Профилактика бойынша іс-шаралар халықтың, оның ішінде негізгі топтардың арасында АИТВ-инфекциясының таралуына эпидемиологиялық бақылау жүргізу, қатынасуға дейінгі профилактиканы ұсыну туралы бөлімдерімен толықтырылды. Уәкілетті органның, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті өкілді және атқарушы органдарының құзыреті үкіметтік емес ұйымдар, оның ішінде халықтың негізгі топтары үшін азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру, іске асыру, іске асыруды мониторингілеу және бағалау жөніндегі қызметпен толықтырылды, бұл үкіметтік емес ұйымдардың негізгі топтармен жұмыс істеу мүмкіндіктерін кеңейтеді.
– Профилактиканы дамытатын тағы қандай маңызды құжаттарды атар едіңіз?
– Профилактикалық іс-шараларды жүргізу тәртібі заңға тәуелді актіде әзірленді: Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 19 қазандағы № ДСМ-137/2020 «АИТВ инфекциясының профилактикасы жөніндегі іс-шараларды жүргізу қағидаларын бекіту туралы» бұйрығы. Бұл түбегейлі жаңа құжат, онда профилактикалық жұмыстың барлық бөлімдері бойынша негізгі топтармен жұмыс жүргізу әдіснамасы, қағидалары және индикаторлары көрсетілген. Сенім пункттері мен достық кабинеттерін жарақтандыру нормаларының болуы оларды жарақтандыру мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Бұйрықта баяндалған нормаларды қолданудың ағымдағы тәжірибесі профилактикалық қызметтерді тарифтеу, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс тетігі мәселелері бойынша оны одан әрі жетілдіру қажеттігін көрсетеді. Бұл мәселелерді басқалармен қатар іске асыру 2021-2023 жылдарға арналған АИТВ саласындағы қызметтердің тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі Жол картасы шеңберінде көзделген. АИТВ-инфекциясының профилактикасы бойынша әлемдік тәжірибе халықтың көптеген топтары арасында және бірінші кезекте негізгі топтар арасында АИТВ-инфекциясының таралу қарқынын азайтуға, ал мемлекеттік құрылымдардың, азаматтық сектор мен қоғамдастықтардың бірлескен күш-жігері олардың тиімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
– Бүгінгі таңда елімізде АИТВ-инфекциясының эпидемиялық ахуалы қандай?
– Биылғы, яғни 2021 жылғы 1 қаңтардағы мәліметтерге сәйкес, Қазақстанда АИТВ-ахуалды 27 498 адам бар. Денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде антиретровирустық терапиямен қамту бойынша индикатордың орындалуы 2020 жылдың қорытындысы бойынша 73%-ды, нысаналы индикаторда 71%-ды құрады. Тестілеу көлемі 3 млн-нан астам тестті құрады, тестілеумен қамту 13,7%-ды құрады. Профилактикалық іс-шаралармен барлық негізгі топтар қамтылған (инъекциялық есірткіні пайдаланатын адамдар, секс қызметкерлер, еркектермен жыныстық қатынасқа түсетін ерлер). Достық кабинеттерінде – 39 және сенім пункттерінде – 139, сондай-ақ аутич-қызметкерлер үкіметтік емес қоғамдық ұйымдар арқылы профилактикалық қызметтер көрсетеді.
Әңгімелескен
Айнаш ЕСАЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»