Түркістан облысы – республика бойынша жемқорлық деңгейі төмен өңірлердің алғашқы бестігінде. Мұнда өткен жылы жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлеріне қатысты тіркелген сыбайлас жемқорлық қылмыстарының саны 33,7% - ға азайған.
Cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев осындай дерек келтірді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының кеңесшісі Жазира Жылқышиева, аталған агенттіктің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Хаким Қошқалиев, республикалық «Парасат жолы» орталығының жетекшісі, жазушы, қоғам қайраткері Сәдібек Түгел, облыс әкімінің орынбасарлары және басқарма басшылары қатысқан жиында облыстық мемлекеттік органдар тарапынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы қабылданып жатқан шаралар баяндалды. Сондай-ақ заңнамалық жаңашылдықтар жайында айтылды.
«Заңнамадағы өзгерістерге сәйкес, мемлекеттік органның басшысы жемқорлыққа байланысты алдын алу шарасын қабылдамаса, оған айыппұл салынады. Немесе мемлекеттік орган, квазимемлекеттік орган басшылары жемқорлықтан бұрын жазасы бар азаматтарды жұмысқа алса, оған да айыппұл салынады. Заңсыз кәсіпкерлікке араласатындар және сыйлық беретін жеке немесе заңды тұлғалар да айыппұл арқалайды. Осындай 15 бап бойынша уәкілеттілік берді. Жалпы сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға байланысты бірнеше тетік бар. Талдау, мониторинг жүргізу керек. Ұсыныс беру керек», деді Жазира Жақсылыққызы.
«Ашық бюджеттің интерактивті картасы» жобасы аясында Түркістан облысында 1352 мемлекеттік мекеменің барлығы өз бюджеттерін жариялаған. Облыс көлеміндегі барлық аудан, қалалар мен басқармалар тарапынан сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне 280 ішкі талдау жұмысы жүргізілген. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес бір терезе қағидаты арқылы азаматтардың мәселелерін кедергісіз шешу мақсатында облыстағы барлық 16 қала мен ауданда сервистік әкімдіктер ашылған. Яғни өңір толық сервистік форматқа көшкен. Сервистік әкімдіктерде тұрғын үй кезегі, ауыл шаруашылығы техникаларына көрсетілетін қызметтер, мекенжай тіркелімі, жер қатынастары, әлеуметтік және кәсіпкерлікті қолдау салалары бойынша қызметтер көрсетілуде. Бұдан бөлек, бүгінде облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, қала, аудандарда халық саны ең көп бір ауылдық округтен «Сервистік әкімдік» ашу мәселесі бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Азаматтардың барлық сындарлы сауалдарына жедел және тиімді жауап беру мақсатында облыс орталығында екінші фронт-офис, «Парасаттылық орталығы» ашылды. Өңірде мемлекеттік қызметтің ашықтығын, қолжетімділігін көздейтін алаң құру мақсатында «Басқармалар үйінде» «Ашық әкімдік» құрылған. Сондай-ақ халыққа кедергісіз қолайлы ортаны қалыптастыру және мемлекеттік қызмет көрсетудің ашықтығын қамтамасыз ету бағытында облыс аумағында 67 мемлекеттік мекеме «Ореn space», 84 мемлекеттік мекеме фронт-офис үлгісінде жұмыс істеуде. Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру 93%-ға жетіп, тұрмыстық жемқорлық деңгейін төмендетуге өз септігін тигізуде. Жемқорлықпен күресті күшейту жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасы аясындағы басым бағыттарға тоқталған Өмірзақ Шөкеев өңірлік іс-шаралар жоспарына сәйкес және сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу мақсатында атқарылған жұмыстардың маңыздылығына тоқтала келе, ең бірінші алдын алу, түсіндіру жұмысына көбірек көңіл бөліну керектігін айтты.
Түркістан облысы