Петропавлдық зейнеткерлерге интернет-алаяқтар қоңырау шалып, әбігерге салған. Қоңырау шалған бикеш үй иелерінің аты-жөндерін атап амандасқан соң, өзін банк қызметкерімін деп таныстырып, жеке мәліметтерін атауды сұраған. Банк карталарыңызда күдікті біреулер бұзып кіріп, сіздердің атыңызға несие ресімдепті-мыс деп түсіндірген.
Абырой болғанда, зейнеткерлер жағдайды тез болжап, банк жолдың арғы бетінде екендігін алға тартып, тез арада мән-жайды анықтау үшін банкке баратындықтарын айтқан. Бойжеткен болса, телефон тұтқасын банк бөлімінің басшысымын деп таныстырған ер адамға берген. Ер адам да карта номерін және үш санды құпия кодты шұғыл атауларын сұраған, алайда зейнеткерлер көнбеген. Сөйтіп, олар зейнеткерлердің жеке мәліметтерін алдап алмақшы болған. Абырой болғанда, зейнеткерлер қырағылық танытып, алаяқтарға жем болған жоқ. Қазіргі уақытта полицейлер қаскөйді анықтау үшін жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізуде.
Жалпы биылғы жылдың өзінде облыста 211 интернет-алаяқтық тіркелді, оның 57-сі өндіріспен аяқталған.