Дүниені дүрліктірген пандемия жайлағалы ғылымның жаңа дәуірі басталғандай. Және бүкіл адамзат ғалымдардың вирусқа қатысты жаңалығына, еңбегіне, зерттеулерінің нәтижесіне иек артып отыр. Қауіпті инфекцияның таралуын тоқтатуға ғылымның ғана қауқары жетеді. Соның ішінде биология ғылымның ең үлкен жетістігі – вакцина. Бұл ретте отандық ғалымдардың еңбегі ерен. Себебі әлемнің ешбір елінде жалғыз институт COVID-19-ға қарсы 5 бірдей вакцина түрін әзірлеп жатқан жоқ.
Біріншісі – вакциналардың ішіндегі қауіпсіз түрі
Біз бұған дейін отандық вакцинаның 5 түрін әзірлеумен айналысып жатқан Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты (БҚПҒЗИ) ғалымдарының зертханалық жұмыстарымен тікелей танысып, сол бойынша жарияланған бас басылымдағы «Жабық жердегі жаһандық жаңалықтар» атты арнайы репортажымызда екпе түрлеріне толық түсінік бергенбіз. Қысқаша еске салсақ, аталған институттағы Аса қауіпті індеттік аурулар зертханасының меңгерушісі, ветеринария ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Леспек Бекболатұлы: «Біз әзірлеп жатқан вакциналардың біріншісі – инактивтелген немесе өлтірілген вакцина (бұл негізінен вакциналардың ішіндегі қауіпсіз түріне жатады), ал екіншісі – суббірлікті, яки ақуыздық вакцина. Үшіншісі – рекомбинатты (векторлы), яғни генді-инженерлік вакцина. Мұнда қауіпті вирустың РНҚ-ынан қажетті бөлігін алып, қауіпсіз вирустың геномына салады. Сонда ақуызы синтезделіп, оны адамға салған кезде ағзада антиденелер пайда болады. Мәселен, біз каприпокс вирусына коронавирустың генін салдық. Сол кезде каприпокс вирусы коронавирустың антигендік ақуызын синтездейді. Дәл осы вакцинаны еккенде адамның иммундық жүйесі коронавирус келді екен деп антидене шығарады. Төртінші вакцина да – векторлы. Тек бұл вакцинаның екінші түрінде каприпокс вирусының орнына тұмау вирусы қолданылады. Бесіншісі – тірі вакцина. Бұл түрін дайындау үшін біз сол коронавирустың өзін алып, түрлі әдістермен зарарсыздандырамыз. Сонда вирус тірі бола береді, алайда ауру тудыра алмайтын жағдайға түседі», деп түсінік берген еді.
Еріктілердің кейбіріне вакцинаның орнына плацебо салынған
Ал енді осы 5 түрлі вакцинаның біріншісі, яғни ең алғаш болып Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тіркеуінен сәтті өтіп, клиникалық сынақтың соңғы сатысына жеткені – QAZVAC (QazCovid-in – вакцинаның ғылыми, ал QazVac – бренд атауы) инактивтелген немесе өлтірілген вакцинасы. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов аталған вакцинаны клиникалық зерттеудің 3-сатысы 50 пайызға аяқталғанын айтты.
«Қазіргі уақытта 244 еріктіге жасалған клиникалық зерттеулердің 1-2 фазасы мәресіне жетті. Сонымен қатар 3 мың еріктіге жасалған клиникалық зерттеудің соңғы сатысы 15 сәуірде 50%-ға аяқталды. Клиникалық зерттеулер хаттамасына, сондай-ақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Денсаулық сақтау министрлігінің талаптарына сәйкес клиникалық зерттеулер жүргізудің белгілі бір мерзімі бар екенін түсінуіміз қажет. Мәселен, клиникалық зерттеулердің үшінші кезеңінде кем дегенде 70 күн болуы керек. Сондықтан бізге шыдамдылық танытып, түпкілікті нәтижені күтуге тура келеді. Қазіргі таңда ғалымдарымыз non-stop режімінде, яғни тоқтаусыз, демалыс, мереке дегенді ұмытып, күні-түні тынымсыз еңбек етіп жатыр. Сол себепті отандық зерттеушілерімізге қолдау білдірейік», деді вице-министр.
Бір қызығы, клиникалық зерттеуде еріктілерге вакцина да, сонымен қоса плацебо (Плацебо дегеніміз – адамды «бос» дәрі, яғни белгілі бір дәрілік қасиеті жоқ препарат арқылы «сеніммен» емдеу) да қолданылған. Бірақ отандық вакцинаны клиникалық сынақтан өткізуге қатысқан адамдардың ешбірі не вакцинаның өзін, не плацебоны қабылдағанын білмейді.
«Біз «соқыр» рандомизацияланған зерттеуді қолдандық. Дегенмен бұл жағдайда еріктінің өзі нақты вакцина немесе плацебо алғанынан бейхабар. Сондықтан олар өздері мән-жайды білмейінше, еріктілер туралы мәліметтерді жария ете алмаймыз. Тіпті мен министрдің орынбасары ретінде вакцинаны немесе плацебоны кім алғанын білмеймін. Мұның бәрін деректерді жариялап, құжаттарды Денсаулық сақтау министрлігіне бергеннен кейін білеміз. Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен хаттамаға сәйкес барлығы қалыпты түрде, Алматы және Тараз қалаларында тиісті GCP сертификаттары бар клиникаларда жүріп жатыр. Барша ерікті апта сайын дәрігерлерге денсаулығының жай-күйі туралы хабарлайды, клиникаларға үнемі келіп тұрады. Дәрігерлер оларды бақылады, және еріктілерден вирусқа тән антиденелерге де, бейтараптандыратын антиденелерге де сынама алынады», деді М.Дәуленов.
Ғалымдардың жалақысы артады
Отандық вакцинаның 5 түрін әзірлеп жатқан институт соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Бұл туралы Ғылым комитетінің басшысы Жанна Құрманғалиева аталған баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
«Отандық вакцинаны әзірлеп жатқан институт ғалымдарының жалақысы өседі. Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҚПҒЗИ-ды қолдауға қатысты күрделі және жүйелі шаралар қабылдауды тапсырды. Мұнда институтты қажетті құрал-жабдықтармен, қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету, сондай-ақ ондағы мамандардың жалақысын арттыру мәселесі бар. БҚПҒЗИ-ды мемлекеттен қаржыландыру көлемі 2021 жылы былтырғымен салыстырғанда 2 еседен асып, 2,2 млрд теңгеге көбейді. Соның ішінде соңғы үлгідегі құрал-жабдықпен жабдықтауға 900 млн теңгеге жуық қаражат қарастырылды. Бұл қаржыға препараттарға арналған ең төмен температурадағы мұздатқыштар, таңдаулы микроскоптар, фотометр мен дистиллятор, т.б. құралдар сатып алынды. Сонымен қатар 2022 жылы затты 100 есеге дейін үлкейтіп көрсететін әлемдегі үздік, электронды микроскопқа тапсырыс берілмек. Бұл микроскоп мөлшері 12-ден 15 нанометрге дейін болатын микроорганизмдердің мөлшері, формасы, ішкі құрылымы туралы мәліметтер алуға мүмкіндік береді», деді комитет төрағасы.
Ал институтты жүйелі қолдаудың бұдан кейінгі қабылданған шараларына келсек, БҚПҒЗИ қызметкерлерінің жалақысы артады.
«2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджеттен елдің биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша ғылыми зерттеулерге 2,8 млрд теңге қарастырылды. Бұл жылына шамамен 1 млрд теңгені құрайды. Қазіргі уақытта институт жанында БҚПҒЗИ қызметкерлеріне арналған 180 пәтерлік үш үй салынып жатыр. Жақында ғана осы 180 пәтерге тұрмыстық техника, жиһаз және басқа жабдық сатып алуға республикалық бюджеттен 293 млн теңге бөлінді. Яғни біздің ғалымдар мен институт қызметкерлері осы пәтерлерге келгенде, жайлы өмір сүруге қажетті барлық жағдаймен толық қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ жақында өткен Республикалық бюджеттік комиссияның отырысында аталған институт қызметкерлерінің жалақысы жөніндегі ұсыныс та қолдау тапты. Енді БҚПҒЗИ ғалымдарының орташа жалақысы 325 мың теңгеден басталады, ал әкімшілік және қызмет көрсетуші персоналдың еңбекақысы 250 мың теңгеге дейін жетеді», деді Ж.Құрманғалиева.
Вакцина вирустың жаңа түрлеріне төтеп бере алады
Қазіргі таңда коронавирустың түрлі штамы елімізде де табылды. Бұл халықты алаңдатып тұр. Ал QAZVAC отандық вакцинасы вирустың соңғы уақытта пайда болған мутуацияларына төтеп бере алады. БҚПҒЗИ бас директоры Күнсұлу Закарья: «Біз Алматы қаласындағы науқастардан патологиялық материалды алдық. Зерттеулерді биологиялық қауіпсіздік деңгейі жоғары зертханада жүргізіп келеміз. Ғалымдарымыз осы вирустың британдық және оңтүстік африкалық штамдарын бөліп шығарды. Осы штамдардың генетикалық және биологиялық қасиеттері зерттелуде. Зерттеу нәтижелері болашақта технологиясы жетілдірілген вакциналарды дайындауға қолданылады. Бұл технология бір күннің ішінде жасалмайды. Бастысы зерттеу жұмыстары басталып, белсенді жүргізіліп жатыр. Қазақстандық вакцина тұтас вирустан жасалғанын түсіну керек. Онда вирустың барлық мутацияланған штамына қарсы тұруға қауқарлы иммунитеттің пайда болуына септесетін вирус ақуыздарының толық жиынтығы бар», деді.