Жұмыс істейтін адамның ай сайынғы жалақысынан жеке табыс салығы ұсталатыны белгілі. Отбасы банкінен несиеге баспана алғандар осы салықтың түріне жеңілдік ала алады.
Салық кодексінің 349-бабында: «Сыйақылар бойынша салықтық шегерімді Қазақстан Республикасының резидент-жеке тұлғасы өз пайдасына жұмсалған, Қазақстан Республикасының тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы заңнамасына сәйкес, Қазақстан Республикасының аумағында тұрғын үй жағдайларын жақсарту жөніндегі іс-шараларды жүргізуге тұрғын үй құрылысы жинақ банктерінен алынған ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша сыйақыны төлеуге арналған шығыстар бойынша қолданады», деп атап көрсетілген. Қарапайым тілмен айтқанда, осы банктен несиеге үй алған адам банк белгілеген сыйақы мөлшерінде салық жеңілдігін ала алады. Ол үшін не істеу керек? Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары Айнұр Сартаеваның айтуынша, ипотекамен баспаналы болған азамат Отбасы банкімен жасаған несие шарты мен қарызды өтеу мерзімі белгіленген кестенің көшірмелерін және төлем түбіртегін алып, жұмыс берушісіне тапсыруы керек. «Бухгалтер осы құжаттарды қарап, банктің қосқан сыйақы мөлшерін есептейді де, жұмысшының жалақысынан сыйақы мөлшерін шегеріп, ұсталатын салықты азайтуға тиіс. Отбасы банкінен ипотекалық несие алған жұмысшыдан салық аз ұсталатындықтан, оның жалақысы бұрынғыдан көбірек түседі деген сөз», дейді Айнұр Сартаева.
Отбасы банкіндегі ипотекасын өтеп келе жатқан, бірақ бүгінге дейін салық жеңілдігін алмаған азаматтар да өз құқын пайдалана алады. Ол үшін жұмыс берушіге өтініш жазу керек. А.Сартаеваның айтуынша, өтініште несиенің өтелген мерзімі мен салық жеңілдігі қолданылмаған кезең көрсетілуге тиіс. Ескере кететін жайт, өтіп кеткен кезеңдер үшін тек соңғы үш жыл ғана есепке алынады. Осы өтінішке сай жұмыс беруші есеп жүргізіп, жұмысшының алмаған ақшасын қайтаруға міндетті.
Салық кодексіндегі бұл жеңілдіктер басқа банктерден ипотека алған азаматтарға да қарастырылуға тиіс болатын. Бірақ әзірше бұл салық шегерімі кейінге қалды. «Салық кодексіне енгізілуге тиіс бұл түзету жалпыға бірдей декларациялауға көшудің соңғы кезеңімен тұспа-тұс келіп отыр. Сондықтан бұл ауқымды жұмыс аяқталған соң ипотека алған барлық азаматқа салық жеңілдігі қарастырылады деп күтілуде. Биыл жалпыға бірдей декларациялаудың алғашқы кезеңі жүріп жатыр, соңғы төртінші кезең 2025 жылға жоспарланған. Сондықтан жеке тұлғаның Отбасы банкінен басқа, екінші деңгейлі банктерден алған несиесі бойынша салық шегерімдерін, яғни жеңілдіктерін қолдану 2025 жылдың 1 қаңтарына ауыстырылды», дейді А.Сартаева.