Батыс Қазақстан облысында жанармай дағдарысы әлі реттелген жоқ. Бүгінде өңірдегі жекелеген май құю бекеттері бензин сатуды мүлдем тоқтатқан. Ал облыстың шалғай аудандарында АИ-92 маркалы бензиннің бағасы 200 теңгеге жетті, деп хабарлайды Egemen.kz «Астана» арнасына сілтеме жасап.
Қазір қалада жұмысын тоқтатқан жанармай бекеттерінің саны көбейген. Бензинді ірі стансалар ғана сатып жатыр. Сатушылар азайған соң, баға да қымбаттаған. АИ-92 маркалы бензиннің литрі 160-175 теңге аралығында. Ал облыстың шалғай аудандарында литрі 200 теңгеге бір-ақ жеткен.
«Бензинннің қымбаттағаны ештеме емес, кейбір заправкаларда жоқ, «талонмен» деп солай жазып қойыпты. Енді қазір көктем уақыты, ауыл шаруашылығы жұмыстары бар, дачалар бар. Қазір нағыз бензин керек кез. Оның жоқ болып жатқаны, қымбаттатып жатқаны біріншіден халықтың қалтасына ауыр түседі», дейді Орал қаласының тұрғыны Манарбек Кушалиев.
«Бір апта бұрын қаладағы май құю бекеттерінің бірінде бағаның өсуі мұң еді, қалғандары да соған ілесті. Тіпті бензин азайып, тапшы бола бастады. Жалпы, біздің экономикамыз қызық. Мұнай қымбаттаса, бензин де қымбаттайды. Бірақ мұнай арзандаса, бензин сол қымбат бағамен сатыла береді», дейді тағы бір тұрғын.
Өңірге қажетті жанармай осыған дейін көршілес Атырау мен Ресейден жеткізілетін. Көрші облыстағы зауыт жөндеу жұмыстарына жабылғасын, бензиннің азайғанын жергілікті шенеуніктер де мойындайды.«Энергетика министрлігінің хабарлауы бойынша, Атыраудағы зауыт 24-сәуірде жұмыстарын бітіреді екен. Қазіргі уақытта Шымкент зауытынан әкелінуде. Бұл енді өзінара бағаның қымбатсуына әкелініп отыр. Қалада жабылған жанармай бекеттері бар, ауылда да жабылып жатқандар бар», дейді БҚО ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары Бейімбет Мусин.
Сала өкілдері Атыраудағы мұнай өңдеу зауыты іске қосылғасын, жағдай реттелер деген үмітте. Бірақ бензин тасымалы қайтадан жолға қойылғанша да біраз уақыт қажет. Әрі бағаның қалай құбыларын ешқайсысы тап басып айта алар емес.