Солтүстік Қазақстан облысының Көкшетау тауының сілемдерінен Айыртау, Имантау сияқты төбелері көп аудан аумағында жел генераторлары 2021 жылдан бастап электр қуатын бере бастайтыны туралы облыс әкімі Құмар Ақсақалов екі жыл бұрын жариялаған болатын.
Бұл іске Energo Trust ЖШС инвестор болатыны, 25 генератор орнататыны туралы да нақты айтылған.
Алайда 2021 жыл басталғанына төрт айға аяқ басқанымен әлі күнге генератордың жобалық-сметалық құжаттары (ЖСҚ) жасалмаған, тіпті жер учаскесі де нақты белгіленбеген. Әрине, оның себебі көп, соның ішінде жаман індеттің кесірі де тигені анық.
Ал жуырда «Қызылжар – Адалдық алаңында» осы жоба бойынша жұмыстар жандана бастағаны белгілі болды. Бірақ электр қуатын өндіру екі жылға шегеріліп, 2023 жылға қалдырылыпты. Соңы сәтті болса оған да көнуге болады...
Егер бұл жоба толығымен іске асып кетсе жылына 50 мегаватт электр қуатын өндірмек. Салыстыру үшін айтар болсақ, қазір Айыртау ауданы бар болғаны 6-7 МВт электр қуатын жұмсайды екен. Қалғанын сатылымға шығарса облыс экономикасының қуаттылығы да арта түсер еді.
Солтүстік Қазақстан облысы