Елімізде ұзын саны 30-35 гидрологиялық электр стансасы болса, соның бесеуі Шығыс Қазақстанда екен. Алайда оның екеуі, яғни Өскемен және Шүлбі ГЭС-і жекеменшікке өтіп кетуі мүмкін. Стратегиялық нысандардың сатылуына қарсылық білдірген 7 мың адам петицияға қол қойып, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған.
Елді электр қуатымен қамтып тұрған Өскемен және Шүлбі ГЭС-і өткен жылдың соңында жекешелендіруге жататын республикалық меншіктегі ірі ұйымдардың тізіміне кіріпті. Бірақ аймақтағы экологтар мен қоғам белсенділері стратегиялық маңызы бар нысанның жекенің қолына өтуіне үзілді-кесілді қарсы.
Президентке жолданған ашық хатта гидротехникалық нысандарды жекеменшікке берудің қауіптілігі туралы егжей-тегжейлі жазылған. Тіпті Алматы облысының Қызылағаш ауылындағы жағдай да мысал ретінде келтірілген. 2010 жылы көктемде болған ол оқиғаны еске алудың өзі қорқынышты.
– Кез келген жеке бизнестің басты мақсаты – пайда табу. Сондықтан олар кейбір жерде ақшаны үнемдегісі келеді. Қауіпсіздік шаралары ескеріле ме, ол жағы үлкен мәселе. Қазір уәдені үйіп-төккенімен, ертең қалай болары белгісіз. Құдай сақтасын, бірақ ГЭС-те апат болса, бүкіл қаланы су шайып кетеді, – дейді қоғам белсендісі Денис Данилевский.
Іргесі жетпіс жыл бұрын қаланған Өскемен ГЭС-нің қазіргі жай-күйі де қоғамға беймәлім. Шындығында ел арасында экологиялық апат болуы мүмкін деген де үрей жоқ емес.
– Гидрологиялық электр стансаларын жеке қолға беруге болмайды. Себебі оның жұмысын қадағалау механизмі, бақылау жасау жүйесі жасалмаған. Оның бәрі дайын емес. Соған қарамастан жекеге бермекші. Мұның арты экологиялық апатқа да әкелуі мүмкін. Әрине, ертеңі қалай болмақ деп алаңдаймыз. Елдің сөзі ескерілсе екен, – дейді экологиялық бастамалар қауымдастығы филиалының жетекшісі Елена Березинская.
Аймақтағы стратегиялық нысандардың жекеменшікке сатылуына қарапайым тұрғындар да қарсы. Оларды қауіпсіздікпен қатар электр энергиясының ертеңгі бағасы да толғандырады. Алайда кәсіпорын өкілінің пікірі «қосылғыштардың орны өзгергенімен қосынды өзгермейді» дегенге келеді. Демек, иесі өзгергенімен, электр энергиясына деген баға өзгермейді.
– Энергетикалық нысан кімнің меншігінде болса да, энергонарықтың ережелері бойынша жұмыс істеуге міндетті. Мұндай нысандардың жұмысын қадағалайтын арнайы органдар бар. Біздің тоған өз салмағының арқасында тұр. Бүкіл тоғанның, машина залы мен оның ішіндегі қондырғылардың жалпы салмағы 1 млн 700 тоннадан астам. Сондықтан оның бұзылуы мүмкін емес, – дейді сеніммен «АЭС Өскемен ГЭС» ЖШС қоғаммен байланыс бойынша маманы Светлана Нищенко.
Қалай болғанда да қоғам белсенділері стратегиялық нысандарды мемлекет иелігінде қалдыруға барын салмақ. Бірақ жоспар бойынша келесі айдың басында гидрологиялық электр стансалары жеке инвесторға сатыла бастайды. Бағасы әзірге белгісіз.
Шығыс Қазақстан облысы