Тұңғыш Президент – Елбасының Баку саммитінде көтерген ұсыныстары Түркістанда мақұлданғаны белгілі. Енді сол бастамалар Ыстанбұл саммитінде рәсімделеді. Бұл туралы Сыртқы істер министрінің орынбасары Шахрат Нұрышев мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz
«Бейресми саммиттің қорытындысы бойынша қабылданған Түркістан декларациясында Нұрсұлтан Назарбаевтың 2019 жылғы 15 қазанда Бакуде өткен Түркі кеңесінің жетінші саммитінде Түркі кеңесінің атауын өзгерту және «Түркі әлемінің келешегі-2040» құжатын дайындау туралы бастамалары қолдау тапты. Бакуда ұсынылған бұл бастамалар Түркістанда мақұлданып, кезекті Ыстанбұлдағы саммитте рәсімделетін болады. Мұның барлығы Түркі мемлекеттері ұйымының халықаралық сахнадағы беделін көтеріп, түркі интеграциясын ұзақмерзімді жоспарлау тұрғысынан жаңа деңгейге шығаратыны сөзсіз», деді Шахрат Нұрышев.