Солтүстік Қазақстанның су қоймаларындағы су деңгейі соңғы кездері қатты көтеріліп келеді. Кеше Сергеев су қоймасындағы платинадан су 119 сантиметрге көтерілген. Ал судың жалпы көлемі болжам бойынша 840 млн текше метрдей болып отыр. Алдында, бір тәулік қана бұрын осы қоймадағы судың деңгейі 50 см төңірегінде еді. Мұндағы су деңгейінің ең жоғары көтерілгені 2017 жылы 336 см көрсеткен. Ал Петропавлда Есілдің деңгейі Сергеевкаға қарағанда көп төмен. Сонымен қатар Иманбұрлық, Ақанбұрлық, Қамысақты, Шағалалы сияқты шағын өзендердің де су деңгейі тұрақты, кейбіреуінде тіпті төмен түсу байқалуда.
Қазір облыстық ТЖД қызметкерлері барлық апатқа дайын болу бағытында өздерінің жұмыстарын өрістетуде. Олардың бақылауына қарағанда, кейбір көлдерде әлі де қар ери қоймаған. Мұндайлар Есіл, Тимирязев, Шал ақын аудандарындағы үлкен көлдерде байқалады. Ал департамент бастығы Рамиль Камалов жұмыс сапарымен облыстың Уәлиханов ауданына барып, осы аудан ауылдарындағы су тасқынына қарсы іс-шаралармен танысты. Бұл ауданның тұрғындары бірнеше рет су тасқынына тап болды және су тасқыны деген не екенін өз тәжірибесінен біледі. Сондықтан аудан аумағындағы осы табиғи құбылысқа қатысты жағдай жергілікті атқарушы органдардың, департаменттің тұрақты бақылауында. Р.Камалов Құлыкөл ауылдық округінде Уәлиханов ауданының әкімі Қайрат Пішенбаевпен бірге Сілеті өзенінің арнасында орналасқан «Екі көз», 13 терезелі «Әлкі» және 5 терезелі «№33» гидротехникалық құрылыстарын тексерді. Сондай-ақ Қаратал ауылының төңірегіндегі қалпына келтірілген топырақ үйінділерін аралап, беріктігіне көз жеткізді.
Жергілікті атқарушы органдардың және департамент күштері мен құралдарының жедел әзірлігін тексеру шеңберінде су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайды жоюға арналған техниканы қарау өткізілді. Сапар барысында департамент бастығы тек уақтылы қабылданған шаралар ғана халықты сенімді қорғауға, ықтимал табиғи жағдайдың дамуына жол бермеуге қабілетті екенін атап өтті. «Ең бастысы, су тасқыны қаупін азайтып, ауылдардың қалыпты тіршілігін қамтамасыз ету», деді Рамиль Фаткуллаұлы.
Аудан әкімі Қайрат Пішенбаев та халықтың су тасқынына қарсы күреске дайын екендігін айтты. Олар жергілікті күштерді дайындық сапына қойып, ТЖД қызметкерлерімен бірлесіп тасқынға қарсы күреске дайын тұр екен. Қазір осы ауданда бұрын облыстан жіберілген ТЖД тобы жұмыс істейді, оның құрамында жеке құрамнан 15 адам, 3 бірлік техника, жүзу және су айдау құралдары бар. Олар өзеннің 3 гидротехникалық құрылыстарына («Жыра», «Сегізкөз», «Екікөз») тұрақты мониторинг жүргізеді, мұз кептелісінің алдын ала отырып, оларды мұздан тазартады.
Жалпы, қазір облыстың төрт ауданында (Уәлиханов, Тимирязев, Айыртау және Ғ.Мүсірепов) ТЖД жеке құрамынан 49 адам, 10 бірлік техника, жүзу құралдары мен мотопомпалардан тұратын топтар жұмыс істейді. Топтың жеке құрамын бөлу өткен жылдардың талдауын ескере отырып, су тасқыны құбылыстарына неғұрлым бейім орындарда – Рузаевка және Чистополье ауылдарына жақын Ақан-Бұрлық, Шарық және Жембарақ өзендері, Жембарақ және Есіл, Ғ.Мүсірепов ауданындағы Тоқсан би ауылы маңында, Айыртау ауданы Константиновка ауылының маңындағы Бабық-Бұрлық өзендерінің учаскелерінде жүргізілді. Оның мақсаты – осы қиын кезеңде жергілікті атқарушы органдарға көмек көрсету, елді мекендерді осындай қауіпті стихиялық құбылыстың салдарынан қорғау. Жеке құрам су тасқыны жағдайына, су басқан аумақтардан суды соруға, өзен арналары мен мұз кептелістерін тазалауға мониторинг жүргізеді.
Солтүстік Қазақстан облысы