Қызылордада түзеу мекемесіне келген сәлемдемеден, қолдан жасалған құрт ішінен есірткі шықты, деп хабарлайды Egemen.kz ІІМ сілтеме жасап.
Бұл оқиға Қызылорда облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты ЗК-169/5 мекемесінде болды.
Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігімен жазасын өтеп жатқан В. есімді азаматқа жолданған сәлем-сауқаттың ішінен есірткі тектес зат анықталды. Алты дана құрттың ішінен дәкеге оралып салынған өзіне тән хош иісі бар шөп тәркіленді.
«Мекемеге Қызылорда қалалық Полиция басқармасының жедел-тергеу тобы шақыртылды. Тәркіленген зат бойынша сот сараптама жұмыстарының нәтижесінде ол салмағы 3,2 грамм кептірілген марихуана болып шықты. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде», деді Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінен.