Алдыңғы тәулікте Шығыс Қазақстан облысында COVID-19 індеті 105 адамнан анықталды. Бір тәулік үшін аз көрсеткіш емес. Жалпы өңірдегі эпидемиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес Шығыс Қазақстан облысы «сары аймаққа» ауысқандықтан, қосымша шектеу шаралары енгізілді. Демек, жайбарақат жүруге болмайды.
15 сәуірде облыстың Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері өңір халқы арасында COVID-19 коронавирустық инфекциясымен сырқаттанушылықтың алдын алу жөніндегі шараларды күшейту туралы №5 қаулыға қол қойды. Қаулы 19 сәуірден бастап күшіне енеді. Аталған қаулыда ең бастысы, Алматы, Қарағанды облыстары тарапынан Шығыс Қазақстан облысының сыртқы шекараларына кіруді/шығуды бақылау үшін санитарлық бекеттердің жұмысы жалғасатын болады. Бильярд, балалар ойын-сауық орталықтарының, банкет залдарының жұмыс істеуіне және еске алу рәсімдерін өткізуге тыйым салынады. Ал білім беру және тәрбиелеу объектілерінің жұмыс тәртібі айқындалған COVID-19 коронавирустық инфекциясының бір-екі жағдайы тіркелсе, топ карантинге жабылады. Ал қызметкерлер қашықтан жұмыс істеуге көшеді. Кейбір жағдайда жақын байланыста болған азаматтар да онлайн режімде қызметтерін жалғастырады.
Аймақтағы ахуал күрделеніп бара жатқан сәтте жаппай санитарлық талаптарды ұстанған жөн-ау. Алайда ережеге құлақ аспайтындар да бар. Өткен аптадан бастап Өскемен және Семей автобус аялдамаларында полиция қызметкерлері жұмыс істей бастады. Бір апта ішінде олар азаматтардан сыпайы түрде бетперде киюді сұрайтын болады. Сонымен қатар Өскеменнің аялдамаларына ішкі кестелеріне сай мұғалімдер де шықты. Олар бетперде тақпаған оқушыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізетін көрінеді.
Өңірде бас санитарлық дәрігердің қаулысы аясында қойылатын тиісті талаптардың сақталуына мониторинг жасалып, құзырлы органдарға баяндалып отырмақ. Әйтпесе, халықты қарапайым ережелерге бағындыру қиындып бара жатқан секілді. Өкінішке қарай, соңғы екі аптада Аягөз ауданында инфекция жұқтыру жағдайының өсуі байқалады. Анықталғандай, 14 күн ішінде тіркелген 43 жағдайдың 39-ы сырттан әкелінген. Яғни «KAZ Minerals Ақтоғай» ЖШС-не жұмысқа келген басқа өңір тұрғындарынан анықталған. Осыған байланысты, кәсіпорын басшылығына жағдай тұрақталғанға дейін бірқатар облыстардан адамдарды әкелуді тоқтату қажеттілігі туралы хат жолданады.
Еске сала кетсек, Бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес ереже ескерілмеген жағдайда, заң аясында шара қолданылады. Ол үшін мониторингтік топтың жұмысы жалғаса бермек.
Шығыс Қазақстан облысы