Тәуелсіздікке қол жеткізіп, ел еңсесін енді тіктеген тұста аяққа оралғы болып, алаңсыз өмір сүруге, жұмысыңды емін-еркін атқаруға мүмкіндік бермей коронавирус деген одыр індет қала мен ауылдың арасына дендей кіріп барады. Өткен жылы талай жақсыларымыз бен жайсаңдарымызды, жақындарымыз бен дос-жарандарымызды бірінен соң бірін баудай түсіріп, қара жер қойнына тықты. Сол сияқты беті әрмен жамандықтар биыл тағы қайталанып жатқанын көз көріп, құлақ естіп, ел-жұрттың зәре-құтын қашыруға айналды.
Пандемияның құрығына ілінгендерді қарап тұрсаң олардың кімдер екендігіне қарап жатқан тағдыр тезі жоқ. Ішінде хан да, қара да бар. Таяуда ғана бүкіл елге танымал кесек тұлғаның бұ дүниеден озғаны әлеуметтік желіге тарады. Жерлеу аяқталған соң қабіріне көзі-бастарын әбден тұмшалап, үстіне аппақ киім киген адамдар профилактикалық шаралар жүргізіп жатқанын аңғардық. Демек, ол азамат та коронавирустың қармағына түскен. Қатыгез кеселді қалай жұқтырды екен деп аһ ұруымызға тура келді.
Иә, бұл жұқпалы індет сақтанбасаң өз құшағына тез тартады. Кешегі бір эпидемиялық жағдайдың ушыққан екінші кезеңінен кейінгі ауру саябырлаған аралық тұста халық тым еркінсіп кетті. Шектеу жеңілдетілді деп босаңсу белең алды. Жиын-тойларды көбейтіп жібердік. Тойхана мен кафелер өз есіктерін құпия кіретін жақтан ашып алып, шараға келушілерді топырлатып жинауларын жиілетті. Базарлар мен сауда орындарында сапырылыс толас таппады. Тіпті қонаққа, садақаға барғанда аузы-мұрнымызды тұмшалауды ерсі көретінді шығардық. Қол бермей амандасып, ишарат жасағандарды күстаналайтын болдық. Жақын досымыз қайтыс болғаннан кейін оның кейінгі садақасына барған, бұрын сап-сау жүрген жетпіс жастан асқан екі-үш қатарласымыз жөпелдемеде індеттің құрсауына түсіп, ажалға ұшырады. Тағы да басқа медицина қызметкерлері, елге танымал тұлғалар халық көп жиналған жерлерге барамыз деп опық жеп, арты қайғылы жағдайға душар етті. Сөйтіп, талайлар сан соғып қалды. Қазір ораза айы кезінде бір-бірімізді ауыз ашуға шақыру, көрісу дәстүрлері толас таппай тұр. COVID-19 вирусы дегенді қаперге алмаушылық азаяр емес. Оған бір себеп әлеуметтік желіні жайлаған діни бұрыс ағымдағы біреулердің, өздерінше «батырсынған» көкезу әлдекімдердің коронавирус пандемиясын жоққа шығарғысы келген, індетке қарсы екпені зиян деп дәлелдеуге тырысушылық әрекеттері, теріс үгіт-насихаттары болып отыр. Сондықтан мұндай бейберекетсіздікке, бейбастақтыққа, ауа жайылушыққа жол бермеудің қатаң шараларын қолға алу керек деп ойлаймын. Өткен ғасырдың басқы тұстарында оба, алапес, шешек, қызылша тәрізді аса қатерлі жұқпалы аурулардың етек алған кезінде ауыл мен ауылды бір-біріне қатыстырмау, тіпті кісілерді туған-туыстарын жерлеуге де жібермеу шаралары қатаң жүзеге асырылған. Тәртіп бұзғандарды қатаң жазалауға тартқан. Осындай ілкімді, қатал іс-әрекеттерге баруды бүгінгі алаңдатарлық, күрделі ахуал талап етіп отыр.
Құдай сақтансақ сақтайды. Қауіптің алдын алуға ден қояйықшы, ағайын. Бұл менің – жасым сексеннің сеңгіріне шығуына екі-үш жыл қалған ақсақалдың сөзі, тілегі, өтініші. Індеттің өршуіне тосқауыл қоюға бәріміз жұмыла ат салыспасақ болмайды. Қазақтың іргелі ақыны Ығылман Шөрекұлы 1913 жылы Батыс Қазақстан өңірінің Калмыков қаласы маңындағы Есімтөбе деген жерден оба ауруы шыққанда Денсаулық сақтау халық комиссариатының ұсынысымен оба ауруының ошақтарын жою жұмыстарын ұйымдастыру үшін іссапарда болған дәрігер Халел Досмұхамедовтың атынан монолог ретінде шығарған «Оба» атты жан күйзелісінде:
...Көреміз көз алдыңда ойран үйді,
Мал қалып, қожа басын жойған үйді.
Ызбырай, зілмәңкесін – бәрін жағып,
Қарайтып керегесін қойған үйді, – дегеніндей қасіретті жағдайға ұшырамаудың жолдарын қарастыру бірден-бір міндет, парыз. Мұны жоғары тұрған құзыретті органдар жан-жақты, кешенді ойластырулары керек дегім келеді. Әйтпесе, мына жаман індет жалмауыздай жайпап барады.
Төлеген ЖАҢАБАЙҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Қазақстанның құрметті журналисі
АТЫРАУ