Қазақстан және ЕАЭО заңнамаларында белгіленген карантиндік талаптар бұзылғаны үшін 8 мың тоннадан астам өнім экспорттаушы елдерге кері қайтарылды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті хабарлады.
Биылғы үш айдың қорытындысы бойынша елімізге әкелінген жоғарғы тәуекелдегі фитосанитариялық карантиндік өнімге қарасты тексеріс нәтижесінде 800-ден астам заң бұзушылық анықталған. Оның ішінде 110 факт карантиндік объектілер ретінде тіркелген болса, 500-ден астамында тиісті құжаттары сәйкес келмеген немесе мүлдем жоқ болып шыққан. Осыған қарай, Қазақстан және ЕАЭО заңнамасында белгіленген карантиндік талаптардың бұзылуына байланысты экспорттаушы елдерге 8 мыңнан астам тонна өнім кері қайтарылды. Қайтарылуға жатқызылған өнімнің көлемі бойынша экспорттаушы елдер көшін Қытай (6022,2 тонна) мен Ресей Федерациясы (1136,2 тонна) бастап тұр. Одан бөлек Өзбекстан (439,2 тонна), Қырғызстан (307,4 тонна), Әзербайжан (303,6 тонна), Иран (243 тонна) және Түрікменстан (212,5 тонна) елдері де бар.
Қайтарылған өнімдердің басым көпшілігінде қызанақ, бұрыш және арпа өнімдері болған. Онда қызанақ жемістерінің қоңыр әжім вирусы, арамсояу, батыс гүл трипсі, Комсток құрты және тағы да басқа карантиндік объектілер анықталды.
Айта кетелік, талаптарды бұзған тараптар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 37 млн теңгеге жуық айыппұл салынды.