Қызылжар өңірінде дардай басшылық қызмет атқарып жүрген кезінде былық-шылығы әшкереленіп, орнынан алынып қана қоймай, бұл туралы өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында жазылып, абыройы жалпақ жұрттың алдында айрандай төгілген бір жасы үлкен кісі арада он шақты жыл өткенде маған: «Алдағы жетпісжылдық мерейтойымның қарсаңында «Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы» атағын алғым келеді. Қандай жәрдемің болады?..» деп қолқа салғаны бар. Мемлекеттік қызметтегі мансабын масқарашылықпен аяқтағанын мүлдем ұмытқандай, «Ол атақты мен алмағанда кім алады?» дегендей, менменси сөйлегеніне қарап, «Мына ағамыз қалай өзі?..» деп, қайран қалғанмын. Содан кейін әлгі экс-шенеунік облыс түгіл, өзі туып-өскен ауданның құрметті атағын алуға еңбегі сіңді ме екен деп, сұрастырып көргенімде тіпті жағамды ұстадым. Себебі ол бір кезде өзінің туған ауылының қыруар жерін баласының атына жалға алып, егіншілікпен айналысқанымен, жұмысқа салған ауылдастарының еңбегіне дұрыс ақы төлемей және олардың өзіне сеніп тапсырған жер үлестері үшін де жартымды ештеңе бермей, бәрін қатты ренжіткен болып шықты. «Ол ағайды ауданымыздың «Құрметті азаматы» атағына ұсынсам, басым пәлеге қалады. Өйткені оны мұнда ешкім құрметтемейді», деді аудан әкімі.
Жуырда астанада тұратын тағы бір жерлесім хабарласып, «Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы» атағын әзірге сұрамай-ақ қояйын, әуелі өз ауданымдікін алсам да жарар. Сен аудан басшыларын танисың ғой, бір ауыз сөзіңді айтшы...» деп қиылды. Ол азамат өмір бойы басқа өңірлерде қызмет істеген еді. Алған атақ-марапаты да бір басына жетерліктей. Тек оның өзі туып-өскен ауданы түгіл, туған ауылына да қолұшын созып, қарайласпағанын білемін. Сондықтан қоштамағанымды сездіріп, үндемедім.
Негізі, оған ренжуге де болмас. Себебі қазір ауданның ғана емес, облыстың «Құрметті азаматы» деген атағының өзін де кім алмай жатыр?! «Ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс» болып тұрған әкімдер жергілікті мәслихаттардың өз айтқандарынан шықпайтын «көңілшек» депутаттарының «бір ауыздан» қолдауымен кімге бергісі келсе, соған бере салады.
Мәселен, теріскей өңірдің бұрынғы әкімдерінің бірі облыстың «Құрметті азаматы» атағын өзіне мешіттің асханасындағы ауызашарда қатырып мақтап бата берген ақсақалға әпергені әлі есімде. Ал ол кісі кезінде жарытып жұмыс істемей, зейнетке бір жыл бұрын аттандырылғанын (кеңес өкіметі тұсында сондай «жеңілдік» болған) жақсы білуші едім...
Сондай «құрметтілердің» ішінде жұрт жемқорлығын білетін кешегі шенеунік те, парақорлығы үшін орнынан алынған судья да бар. Осындай атақты өзінің кандидаттық диссертациясын «жазуына» жәрдемдескен ғалымға әперіп тұрып: «Бұл кісіге алдағы уақытта мал шаруашылығын көтеруге аянбай атсалысатындығы үшін аванспен береміз», деп ішек-сілемізді қатыра күлдірген әкім де болған. Ол әкімнің өзі де кейін қызметінен сөгіс алып, түсіп қалса да, арада уақыт өте келе, «құрметтілердің» қатарынан ойып орын алыпты. «Бір қызымнан бір қызым сорақы» дегендей, жуырда бұрын сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін сотталып, түрмеде бірнеше жыл отырып шыққан экс-шенеунікке де мерейтойына орай кезінде өзі басқарған ауданның «Құрметті азаматы» атағы беріліпті деп естідім.
Әрине «Құрметті азамат» атағын алғандардың ішінде лайықты тұлғалар аз емес. Тек солар жұрт алдында абыройдан жұрдай болған, ел ішінде биені бүгімен, түйені түгімен жұтқан жемқорлығы жайлы неше түрлі «аңыз» айтылатын кешегі шенеуніктермен салтанатты жиындарда бір қатарда отыруға іштей ұялып, намыстанатын да шығар-ау...
Сондықтан осы, қадірі түскен атақты беруді доғарып, оның орнына бәленбай ауданның және бәленбай облыстың «Құрметті меценаты» немесе «Атымтай жомарты» деген жаңа атақ енгізсек және оны Елбасы ұсынған «Туған жер» бағдарламасына қуана үн қосып, туып-өскен ауылдарына миллиондаған теңгенің әлеуметтік-мәдени ғимараттарын салып беріп жатқан кәсіпкер азаматтарға берсек, дұрыс емес пе? Шынтуайтында, мұндай жаңа атақтың жөні бөлек қой. Ал даңққой ағайындарға атақ керек болса, атамекендеріне қолұшын берсін. Бәлкім, сонда жергілікті басшыларға әркімді салып, атақ сұраушылық та өз-өзінен тыйылар...