• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 20 Сәуір, 2021

Періште көңіл пейзаждары

906 рет
көрсетілді

Бала – кенептің тап-таза бе­тіндей тұп-тұнық әлем десек, балалар шығармашылығын қолдау мен дәріптеу болашақ ізгі қоғамның көрінісі. Ел Тә­уел­сіздігінің 30 жылдығына орай Мемлекеттік Орталық му­зейде балдырған сурет­ші­лердің «Біз бұл әлемді кө­рік­тендіреміз» атты шы­ғар­­машылық көрмесі ашыл­ды. Періште көңілдің перизат өр­нек­терінен кіршіксіз таза­лық­тың лебі еседі.

Қылқаламға құштар құ­рақтай өрендерді бір алаңда қауыштырған көрме Алматы қаласындағы 20-дан астам балалар шығармашылығын дамыту және бейнелеу өнер орталықтары шәкірттерінің сурет және сәндік-қол­данбалы өнер жанрындағы таң­даулы жұмыстарын қамтыған.

Аталған шара жасөспірім су­ретшілерге еліміздің тарихы мен мә­дениетін таныс­тыруға, туған же­рінің ұлттық құндылықтары, дәс­түрлері мен сұлулығы туралы түсі­ніктерін кеңейтуге жол ашып, өнер әлеміне деген сүйіс­пеншіліктерін оятқаны даусыз. Жас суретшілер өз жұ­мыстарында қоршаған әлем­ге, елдің өткені, бүгіні және бо­лашағы туралы өз көз­қа­рас­тарын білдіруге тырысқан. Олар Қазақстанның тарихы, мә­дениеті, табиғатымен байланысты түрлі аспектілер мен сюжеттерді бейнелейді. Көр­кем пейзаждарда адам портреттері және натюрморттар, қала көшелері мен тәуелсіз мем­леке­тіміздің рәміздері бала қия­лын қанаттандыра түскен.

Өнерге іңкәр өскіндер­дің идеялары мен шығар­ма­шылық ниеттерін көр­сететін авторлық туынды­лар әртүрлі техникада орын­дал­ған. Айталық, көрме қа­бырғасынан кескіндеме, ак­варель, сәндік-қолданбалы өнер – гобелендер, кесте тігу, ап­пликациялар, қуыршақтар, маскалар сынды түрлі жанр­дағы туындыларды кездес­тіруге болады. Суреттен бө­лек, ше­берлер гравюраларды, пластилиннен, саздан, гипстен жасалған мүсіндік композицияларды, суретпен безендірілген керамикадан, матадан, ағаштан жасалған бұйымдарды бедерлеген.

 – Өнер орталықтарының ұстаз­дары балалардың шы­ғар­машылық дағдыларын да­мытуға зор үлес қосқандығы мұнда келген өрендердің қа­бі­летінен байқалып тұр. Балалардың қолтаңбасы өте көркем, ашық, ерек­шелігі мен әр алуан бол­ғандығы сон­дай, қоршаған әлемге деген қуа­нышты көз­қарастары мен қиял­дары, ой­лары таң­ғалдырады. Атал­ған шараны бала­лардың Тә­уелсіздік тойына тартуы деп қабыл­дадық, – дейді көрме жетекшісі Гүлмайра Ахатова.

200-ден астам өнер туындысын қамтыған айрықша көрме сәуір айы­ның соңына дейін жалғасады.

 

АЛМАТЫ