2020 жылы еліміздің тұрғындары «Қазпошта» АҚ-ға қарасты сәлемдемелер супермаркеттері арқылы 11,2 млн тіркелетін пошта жөнелтілімдерін алды. Биылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша 4 млн-ға жуық сәлемдеме берілген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 500 мыңға артық.
«Қазпошта» АҚ тұрғындарға барынша ыңғайлы қызмет көрсету үшін GoPost Home жобасын қолға алып отыр. Оның аясында клиенттер сәлемдемелер супермаркетіне бармай-ақ, сәлемдемелер мен ұсақ пакеттердің үйге дейін жеткізілуіне тапсырыс береді. Бүгінде GoPost Home қызметі қанатқақты жоба ретінде Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында жүзеге асырылуда. Оның ішінде бұл қызмет елордада Орталық операциялық учаскеде және №20 қалалық пошта байланысы бөлімшесінде, ал Алматыда Орталық операциялық учаскеде қолжетімді.
Бір мекенжайға 5 сәлемдемеге тапсырыс беруге мүмкіндік бар. Бұл жағдайда біріншісін жеткізу құны 1 мың теңгені құраса, қалған сәлемдемелердің әрқайсысы үшін тек 200 теңге төлеу қажет. Қазіргі таңда бұл қызмет Telegram-бот @KazPostBot арқылы қолжетімді. Клиенттің сәлемдемесі супермаркетке келген кезде оған аталған мессенджер арқылы хабарлама жолданады. Егер оның тарапынан сағат 16:00-ге дейін үйге дейін жеткізу расталса, сәлемдеме сол күні қолға тапсырылады. Алдағы уақытта GoPost Home қызметі WhatsApp және 1499 байланыс орталығы арқылы қолжетімді болады.
«Қазпошта» АҚ келешекте жаңа қызметтің аясын кеңейтіп, еліміздің барлық өңірін қамтуды жоспарлап отыр. Сол арқылы келешекте тіркелетін пошта жөнелтілімдерін үйге дейін жеткізу қызметі өңір тұрғындары үшін қолжетімді болмақ. Бүгінде «Қазпошта» АҚ-ға қарасты сәлемдемелер супермаркетінің саны 237-ге жетті. Оның 127-сі қалаларда, қалған 110-ы аудандар мен ауылдарда орналасқан.