Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиялық жағдай, еліміздің 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының нақтыланған болжамы және 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет пен 2021 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасы, сонымен қатар ауылдық жерлерде тұратын халықтың тұрмыс деңгейін арттыру мәселелері қаралды.
Вакцинамен қамту кеңейтіледі
Қазіргі жағдай, халықты вакциналау барысы және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов баяндады.
Вирустың репродуктивті көрсеткіші республика бойынша 1,065 құрайды. Инфекциялық төсек орындарының жүктемесі – 41%, реанимациялық төсек орындары – 27%. Қазіргі уақытта Covid-19 таралу қарқыны бойынша «қызыл аймақта» Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды және Ақтөбе облыстары тұр. Қостанай және Түркістан облыстарын қоспағанда, қалған барлық өңірлер – «сары аймақта». «Халықты, әсіресе қамтылуы төмен өңірлерде вакциналаумен қамтуды кеңейту қажет. Ай сайын 2 млн адамды вакцинамен қамтамасыз ету жөніндегі жоспарды нақты орындау керек», деді А.Мамин.
Премьер-Министр коронавируспен ауырып қалған науқастарға сапалы медициналық көмек көрсетуге және дәрі-дәрмектердің болуына тұрақты мониторинг жүргізуді тапсырды. Әкімдіктерге Денсаулық сақтау, Ішкі істер министрліктерімен, «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, мобильді мониторингтік топтардың белсенді қатысуымен халықтың санитарлық-эпидемиялық талаптарды сақтауын қамтамасыз ету тапсырылды.
Үкімет отырысында Қазақстанның 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының нақтыланған болжамы және 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет қаралды. Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев және Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов баяндама жасады.
Жыл басынан бері Қазақстан экономикасының өсуі бойынша жедел деректерді және әлемдік тауар нарықтарындағы ахуалды, сондай-ақ әлемдік экономиканың өсу болжамдарын ескере отырып, Үкімет 2021 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамының көрсеткіштері мен индикаторларын нақтылады.
Бюджет кірісі көбейе түспек
Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевтің айтуынша, макрокөрсеткіштердің болжамы ел экономикасының өсуі бойынша жедел деректерді, әлемдік экономика мен нарықтағы оң үрдістерді ескере отырып, нақтыланды. Осылайша, жыл басынан бері ел экономикасы өсімінің қалпына келуінің оң серпіні байқалуда. «Мәселен, ІЖӨ-нің өсу қарқыны қаңтар айындағы минус 4,5%-дан бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша минус 1,6%-ға дейін жақсарды», деді Ә.Ерғалиев.
Жыл басынан бері мұнайдың орташа бағасы барреліне 61 долларды құрады. Бұл ретте мұнай бағасы бойынша Дүниежүзілік қаржы ұйымының болжамдары 44 пен 67 доллар аралығында болып отыр. Осыған байланысты, макрокөрсеткіштерді нақтылау кезінде мұнайдың орташа жылдық бағасы барреліне 50 доллар деңгейінде айқындалды (бұрын мақұлданғаннан 15 доллар жоғары). «Дүниежүзілік банк вакциналау жүргізудің тиімділігіне байланысты әлемдік экономиканың өсуін 1,6%-дан 5%-ға дейін болжап отыр. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, ел экономикасының өсу болжамы 2,8%-дан 3,1%-ға дейін жақсарды. Бұл ретте номиналды ішкі жалпы өнім 77,8 трлн теңге көлемінде бағалануда, бұл мақұлданған болжамнан 1,2 трлн теңгеге жоғары», деді Ә.Ерғалиев.
Сыртқы сұранысты қалпына келтіру аясында металлургиядағы өндірістің неғұрлым белсенді өсуі есебінен өңдеуші өнеркәсіптегі болжамды көрсеткіштер 4,1%-дан 5,2%-ға дейін жақсарды. Құрылыста жоспарланған 17 млн шаршы метр тұрғын үйдің пайдалануға беруіне байланысты болжам 2,5%-дан 5%-ға дейін жақсарды. Ақпарат пен байланыста IT қызметтерге сұраныстың өсуі нәтижесінде болжам 3,8%-дан 6,5%-ға дейін ұлғайды.
Ұлттық экономика министрі хабарлағандай, Ұлттық банктің болжамы бойынша экспорт 10,8 млрд долларға өсіп, 52,2 млрд долларға дейін ұлғаяды (бұрын мақұлданғаны – 41,4 млрд). Импорт 37,1 млрд долларды құрайды. Инфляция бұрын бекітілген 4,0-6,0% дәлізінде сақталды.
Түзетілген макроэкономикалық болжам негізінде 2021 жылға арналған республикалық бюджет параметрлері болжамы нақтыланды. Республикалық бюджеттің кірістері (трансферттерді есепке алмағанда) 2021 жылы 7 204 млрд теңге көлемінде бағаланады, бұл бекітілген жоспардан 279 млрд теңгеге жоғары. «Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт өзгермейді және 2 700 млрд теңге мөлшерінде сақталды. Nur Otan платформасының іс-шараларын қаржыландыру үшін Ұлттық қордан нысаналы трансферт 1 трлн теңгеден 1 трлн 850 млрд теңгеге дейін ұлғайды», деді Ә.Ерғалиев.
Республикалық бюджет шығыстары 15 334 млрд теңге көлемінде болжанып отыр, бұл бекітілген көрсеткішке қарағанда 1 285 млрд теңгеге жоғары. Бюджет тапшылығы ішкі жалпы өнімге қатысты 3,5% деңгейінде болжанып отыр.
Өз кезегінде Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Үкіметтің қарауына 2021 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасын ұсынды. «Нақтылау кезінде Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасының іс-шаралары мен Мемлекет басшысының тапсырмалары, оның ішінде жыл сайынғы Жолдаулары шеңберінде айтылған стратегиялық бастамалары ескерілді. Сондай-ақ пандемияға қарсы күрес жөніндегі шаралар мен бұрын қабылданған міндеттемелер ескерілді», деді Е.Жамаубаев.
Аталған бағыттар бойынша бюджет шығыстары 1,3 трлн теңгеге ұлғайып, 15,3 трлн теңгені құрады. Бюджет шығыстары келесі көздер есебінен ұлғайтылды: 279 млрд теңге қосымша түсімдер; 850 млрд теңге Ұлттық қордан нысаналы трансферт тарту; бюджет тапшылығын ІЖӨ-нің 3,5%-ына дейін жеткізу. Бұдан басқа, Президенттің бастамаларына арналған резерв қаражатын қайта бөлу іске асырылды.
Сайлауалды бағдарламаны қаржылық қамтамасыз ету мынадай негізгі бағыттар бойынша іске асырылатын болады: әлеуметтік саланы қолдау, құқық тәртібі мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге – 182 млрд теңге; «Жұмыспен қамтудың жол картасы» және «Еңбек» мемлекеттік бағдарламаларын, «Ауыл – ел бесiгi» жобасын іске асыруға – 177 млрд теңге; ауыл шаруашылығын және ТКШ саласын дамытуға – 143 млрд теңге; республикалық және жергілікті жолдарды салу, реконструкциялау, жөндеу және ұстауға – 140 млрд теңге; ШОБ-ты қолдауға – 64 млрд теңге. Індетке қарсы іс-шараларға қосымша 265 млрд теңге бөлінді, оның ішінде карантиндік іс-шараларын жүргізуге тартылған медицина қызметкерлеріне қосымша ақы төлеуге – 70 млрд теңге; ТМККК шеңберінде медициналық қызметтерге ақы төлеуге – 80 млрд теңге. Мемлекет басшысының басым тапсырмаларын қаржыландыруға 154 млрд теңге көзделген. Бюджеттің қосымша шығыстарының жалпы көлемінде өңірлерге трансферттер 539 млрд теңгені құрайтын болады. «Осы шаралардың барлығы экономиканы ынталандыру мен азаматтардың әл-ауқатын арттырудың негізін қалайды. Ағымдағы жылға арналған республикалық бюджеттің негізгі параметрлері осындай. Осы мәселенің маңыздылығы мен жеделдігін ескере отырып, заң жобасын қолдауды сұраймын», деді Қаржы министрі.
Министрлердің сөзін қорытындылай келе, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Ә.Смайылов осы іс-шараларды қаржыландыру үшін бюджетте бұрын бекітілген шығыстарды қосымша оңтайландыру бойынша жұмыстар жүргізіліп, бюджет тапшылығы ұлғайтылғанын және Ұлттық қордан нысаналы трансферт тартылғанын атап өтті. Ұсынылған нақтылау азаматтардың тұрмысын жақсарту және экономиканы дамыту жөніндегі маңызды іс-шараларды іске асыруды қамтамасыз етеді. Осы қаражат есебінен республикалық және жергілікті деңгейлерде автомобиль жолдарын дамыту; «Ауыл – ел бесігі» жобасын одан әрі іске асыру; ШОБ-қа қолдау көрсету; Жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыруды жалғастыру; ауыл шаруашылығын дамыту жүзеге асырылады. «Мұның барлығы орта мерзімді кезеңде экономикалық өсу үшін керекті негіз қалауға және Ұлттық қордың резервтерін қалыптастыру саясатына оралуға мүмкіндік береді. Жалпы, бюджет теңгерімі қалыптастырылды», деді Ә.Смайылов.
Бірінші вице-премьердің айтуынша, жоғарыда айтылғанды ескере отырып бюджет қаражатын барынша тиімді пайдалану керек. Мәселені Үкімет басшысы Асқар Мамин қорытындылады. Оның айтуынша, 2021 жылы ел экономикасының өсу болжамы 2,8%-дан 3,1%-ға дейін жақсарды.
Экономиканың өсу болжамы 3,1%-ға дейін ұлғайтылды
Мұнай бағасы барреліне 50 (бұрын 35) доллар, ұлттық валюта бағамы – бір долларға 425 теңге (бұрын 420 теңге) деңгейінде болжануда. Сыртқы сұранысты қалпына келтіру аясында металлургиядағы өндірістің неғұрлым белсенді өсуі есебінен өңдеу өнеркәсібіндегі болжамды көрсеткіштер 4,1%-дан 5,2%-ға дейін жақсарды. Құрылыста болжам 17 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарына байланысты 2,5%-дан 5%-ға дейін жақсарды. Ақпарат пен байланыс саласында АТ қызметтерге сұраныстың өсуі нәтижесінде болжам 3,8%-дан 6,5%-ға дейін ұлғайды.
Ұлттық банктің болжамы бойынша экспорт 10,8 млрд долларға – 52,2 млрд долларға дейін ұлғаяды. Инфляция бұған дейін бекітілген 4,0-6,0% дәлізінде сақталды.
Сонымен қатар түзетілген макроэкономикалық болжам негізінде 2021 жылға арналған республикалық бюджет параметрлерінің болжамы да нақтыланды. Осы жылға арналған нақтыланған бюджет шығыстарының негізгі бағыттары – Nur Otan партиясының бағдарламасын және Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауын іске асыруды қамтамасыз ету. Сондай-ақ шығындар пандемияға қарсы күрес жөніндегі іс-шараларды қаржыландыруға және денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртуға, экономиканың нақты секторын ынталандыруға бағытталады.
Премьер-Министр еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының 2021-2025 жылдарға арналған болжамын және 2021-2025 жылдарға арналған нақтыланған республикалық бюджет туралы заң жобасын Парламентке енгізуді тапсырды.
Ауылдағы тұрмыс жақсара түседі
Үкімет отырысында ауылдық жерлерде тұрмыс деңгейін арттыру мәселелері қаралды. Ауылда өмір сүру сапасын жақсарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова баяндама жасады. Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауылды ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр, онда ауыл халқының 87%-ы тұрады, бұл – шамамен 7 млн адам.
Бірінші кезекте, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру үшін инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. 2025 жылды қоса алғанда, жергілікті маңызы бар 27 мың шақырым жол салынып, жөнделеді. Ауылдарда 24 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. АӨК саласында 500 мың жұмыс орнын құрумен 845 жоба, 350 мың фермерлік және үй шаруашылықтарын тартумен 7 экожүйе жүзеге асырылатын болады.
Қабылданып жатқан шаралар 1 млн ауыл тұрғынының табысын арттыруға мүмкіндік береді. Ауыл тұрғындарының 100%-ы сапалы ауыз сумен, 60%-ы табиғи газбен қамтамасыз етіледі. Денсаулық сақтау саласында бес жыл ішінде 1 095 нысан жөнделіп, салынады. Бұл халықты медициналық қызмет көрсетумен қамтуды 2 есеге ұлғайтуға мүмкіндік береді. 5 жыл ішінде 5 мың мектеп жаңғыртылып, 315 ауыл мектебі салынады. Ауыл оқушыларын қосымша біліммен барынша қамту және қала мен ауыл арасындағы білім сапасындағы алшақтықты қысқарту бойынша жұмыс жүргізілуде.
2025 жылға қарай 748 мәдениет нысаны мен 1 719 спорт нысаны жөнделіп, салынады. Биыл 480 ауылды жаңғыртуға 105 млрд теңге бөлінді. «Басты міндет – ауылда тұрмыс сапасын арттыру», деді А.Мамин.
Үкімет басшысы Ұлттық экономика министрлігіне ауылдық аумақтарды кешенді дамыту жөніндегі жұмысты тиісті көрсеткіштермен және бірыңғай тәсілмен үйлестіруді тапсырды. Ауыл шаруашылығы министрлігіне «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-пен және әкімдіктермен бірлесіп, ауылдық жерлерде кредит қаражатына қажеттіліктің ұлғаюын ескере отырып, АӨК-ті тұрақты қаржыландыруды, сондай-ақ жоспарланған барлық жобалардың іске асырылуын қамтамасыз ету тапсырылды. Индустрия, Энергетика, Денсаулық сақтау, Білім және Мәдениет министрліктеріне өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, барлық қажетті шараларды қабылдау және 2025 жылға қарай ауылдық аумақтарды дамыту бойынша нысаналы индикаторларға қол жеткізуді қамтамасыз ету тапсырылды.