Май ауданы топтық су құбырындағы судың сапасы барлық талаптарға сәйкес келеді, яғни ауыз су ретінде пайдалануға жарамды. Мұндай қорытындыны Павлодар облысы бойынша Ұлттық сараптама орталығы Май аудандық бөлімшесінің сарапшылары жасады.
Баскөл және Ақжар ауылдарындағы магистралдық су құбырына тоқсан сайын өндірістік бақылау жүргізіледі, келесі бақылау биылғы 20 сәуірде.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Су ресурстары комитетінің өкілдері жұмыс сапарымен Павлодар облысы Май ауданының Малайсары ауылына барды. Сапар барысында жергілікті тұрғындармен кездесу өтті. Жиында ауылдың тұрғындары ауыз судың сапасына қатысты біраз мәселе көтерді. Кездесу қорытындысы бойынша Су ресурстары комитетімен бірлесе ауыз судың сапасына ашық тәуелсіз зертханалық зерттеу жүргізу туралы шешім қабылданды.
Еске сала кетейік, Су ресурстары комитетінің бастамасымен Павлодар облысының Май ауданында жергілікті топтық су құбырын қайта құру жобасы жүзеге асырылды. Нәтижесінде, 2020 жылдың мамыр айында суды тазарту стансасы іске қосылды. Бұл 11 мың тұрғыны бар 16 ауылды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Су құбырының ұзындығы 146 шақырымды құрайды, сумен жабдықтау көзі – жерасты сулары. Жобалық өнімділігі – тәулігіне 4 150 текше метр. Май ауданы топтық су құбырын қайта құру және су тазарту стансасын іске қосқаннан кейін аудан халқы сапалы ауыз суды ғана емес, сонымен қатар тұрмыстық мақсаттар үшін тазартылған суды да алды. Қазіргі уақытта топтық су құбыры жоспарлы режімде жұмыс істейді.