Шет ауданының аумағында орын тепкен Талды тарихи-археологиялық паркі – тас, қола дәуір, ерте темір ғасыры, орта ғасыр және заманауи этнографиялық кезеңдерді қамтитын ескерткіштердің шоғырланған жері.
Таяуда «Игі істер марафоны» жалпыұлттық жобасы аясында Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайы осы аталған тарихи мекенге экотур ұйымдастырды. Бұл іс-шараға жастар ресурстық орталығының өкілдері, оқытушылар, оқушылар және музей қызметкерлері қатысты. Археологиялық паркте олар бірегей тарихи ескерткіштермен танысып қана қоймай, сол маңдағы аумақты қоқыстан тазартты.
Қазіргі таңда Талды тарихи-археологиялық паркінде үлкен шаруалар қолға алына бастаған. Мысалы, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қызметкерлері мен Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің археолог-ғалымдары бұл жерде саябақ құру жобасын әзірледі. Жоба бойынша археологиялық зерттеулер, қалпына келтіру және консервациялау жұмыстары жүргізілді. Паркте күзет тақталары мен нысандардың орналасу орындары көрсетілген. Қазіргі уақытта туристер үшін қажетті ақпарат үш тілде жазылған QR-коды бар баннерлерді орнату бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ алдағы уақытта Талды тарихи-археологиялық паркі бойынша экскурсиялық турлар әзірленіп, сынақтан өткізіледі және туристік жолсілтемелер шығарылады.
Еске салсақ, Талды тарихи-археологиялық паркінің құрамына енетін Қаражартас қорымындағы ең ірі Беғазы-Дәндібай кесенесінің табылуы ғылым үшін үлкен жаңалық болды. Осыдан төрт жыл бұрын қайта қалпына келтірілген бұл ескерткіш пирамидалық-сатылы құрылым болып саналады және сыртқы пішіні Мысыр мен ацтек пирамидаларын еске түсіреді.
Қарағанды облысы,
Шет ауданы