Қарағанды маңындағы Доскей ауылында тқрмыстық қатты қалдықтар төгілетін қоқыс полигонынан өрт шықты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Полигонда өрт шыққандығы туралы хабарлама 19-сәуірде 14:00 шамасында облыстық ТЖД бөлімшесіне түскен. Көрсетілген аумаққа өрт сөндірушілер дереу жетіп, полигондағы бірнеше жерден өрт ошағын анықтаған.
«Өртті сөндіруге автоцистерна, екі мотопомпа және ТЖД бөлімшелерінің 10 адамы, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар мен құралдары жұмылдырылған. Өрт шыққан аумақ шамамен 900 шаршы метр болады. Сонымен қатар биіктігі 3 метрден асатын қоқыс үйіндісіндегі өртті сөндіруге ауа-райы кедергі болды», деді облыстық ТЖД өкілдері.
Доскей ауылының тұрғындары өрттен шыққан өткір иіске шағымданды. Ауыл тұрғындары бұл полигондағы алғашқы өрт емес екендігін айтады. Олар полигонды жауып, қоқыс төгетін аумақты ауылдан алыс әкетуін сұрайды.
Гаухар ҚАПАШ