Бизнес қоғамдастықтың бастамасымен 2021 жылдың қаңтарынан бастап Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды қалаларында «Ashyq» мобильдік қосымшасын енгізу бойынша ілкі жобаны жүзеге асыру басталды. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz
«Аталған жобаны кеңейту мақсатында, Бас мемлекеттік санитар дәрігердің қаулысына сәйкес Ақтөбе, Көкшетау, Тараз және Талдықорған қалалары қосылды. 21 сәуірінен бастап бағдарлама фитнес-клубтарда, СПА-салондарда, сауналарда, бассейндерде, боулингтерде, бильярд залдарында, компьютерлік клубтарда, концерт залдарында, қоғамдық тамақтану орындарында жұмыс істеп тұр», деді вице-министр.
Жоба облысаралық және қалааралық тұрақты емес туристік тасымалдауға да енгізіліп жатыр.
«5 мамырдан бастап жобаға «жасыл» аймақтағы банкет залдары, сонымен қатар караоке-клубтар қосылатын болады. 26 сәуірден «Ashyq» жобасын республиканың барлық өңірінде тарату жоспарланып отыр. «Ashyq» жобасына «Info-Kazakhstan» сайты арқылы өтінім берген және қызмет түріне сәйкес QR-код алған, әкімдіктердің сайтына орналастырылған, 7 күндік оқудан өткен бизнес өкілдері қатыса алады», деді Ерлан Қиясов.