Оқыс оқиға өңірдегі «Ертіс орманы» резерватына қарасты Шалдай орман шаруашылығында орын алды. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт шалған орман аумағы 1200 гектарға жеткен. Өрт сөндірушілер, орманшылармен бірге жергілікті әкімдік қызметкерлері, еріктілер орман өртін сөндіруге шықты.
– 18 сәуір күні сағат 13.34-те Шалдай орман шаруашылығының Галкин ауылдық аумағында өрт шыққаны туралы хабар түсті. Өрт жалыны Сүгір, Садықащы ауылдарына дейін ұшқындаған. Оқиға орнына 206 адам мен 50 техника жұмылдырылды. Оның ішінде 20 өрт сөндіру техникасы және МИ-2 тікұшағы қолданылды. Кейбір техника бара алмайтын жерлерді өрт сөндірушілер сөндірді. Алайда өрт әлі толығымен сөндірілген жоқ. Оқшауланған аумақтардың ішінде тұтанған жерлерді сөндіру жүргізілуде, – деді департамент басшысы Ернұр Өтегенов.
Өрттің өрши жайылуына секундына 25 метрден асқан желдің екпіні әсер еткен. Өрт шыққан аумаққа Галкин ауылдық аумағындағы Арбиген, Сүгір, Садықащы ауылдары жақын орналасқан. Бірінші кезекте бәрімізді де тұрғындардың қауіпсіздігі алаңдатты. Өрт сөндірушілер жедел қимылдап, өрт ауылдарға жетпей өшірілген.
Сәл үрейленіп қалғандары болмаса, ауылдықтар аман-есен. Арнайы құрылған штабта аудан әкімі, орман шаруашылығы бойынша аумақтық инспекцияның өкілдері бар. Өрттен зардап шеккен жануарлар анықталған жоқ. Қазір алапат өрт оқиғасы бойынша комиссия құрылып, 15 күннің ішінде тексеру жүргізіп, өрттің шығу себебі мен шығынын анықтайды.
Көктем шықты деп жасыл желекке қарап қуанып жүргенімізде тосыннан «Шалдай орманы өртенді!» деген хабар жеткенде, алапат тіксініп қалғанымыз бар. Жеріміздің 4,6 пайызын орман алқабы құрайтын болса, осы көлемнің бір пайызы қарағайлы орман ағаштарына бай Павлодар облысының үлесіне тиесілі екен.
Ертеден бері Кереку, Семей өңірінің аумағын алып жатқан қалың қарағай жалдары «Ертіс орман жолағы» деп аталады. Оның бұлай аталу себебі орманның ені – 0,4 шақырымнан 40 шақырымға дейін жететініне байланысты көрінеді. Шалдай ормандары Алтай тайгасына барып қосылады.
2003 жылы «Ертіс өзені бойындағы көне реликті яғни, қарағайлы ормандарды сақтап қалу, қалпына келтіру» мақсатында Үкімет қаулысы шыққан. Осы қаулының негізінде «Семей орманы» және «Ертіс орманы» деп аталатын ерекше қорғалатын табиғи орман мемлекеттік мекемелері құрылды. Олай болмағанда, Шалдай мен Бесқарағайдағы табиғи орман байлығы көз алдымызда селдір тартып, құрып кетер еді. Бұл кезде көршілес Ресей қалың орман қорын сақтауға ерекше мән беріп, спутник жүйесі арқылы бақылауға ала бастады.
Біздің «Ертіс орманы» мемлекеттік табиғи орман резерваты мекемесіне облыстың Аққулы және Шарбақты аудандарының аумақтарын қамтыған қалың ағашты Шалдай, Бесқарағай орманды аймақтары қарайды. Оның орталығы Шалдай ауылы болып есептеледі.
Орманның Аққулы ауданына қарасты аумағы «Бесқарағай» табиғи орман шаруашылығы мемлекеттік мекемесі деп аталады. Резерваттың құрамында әрқайсысы жеті-жетіден 14 орманшылық бар. Бұл жердегі жалпы орман қоры орманшылардың берген мәліметтері бойынша 277 961 гектар жерді алып жатыр.
Жоғарыда айтқанымыздай, тіксініп қалғанымыздың себебі, 1995-2002 жылдары аралығында «Ертіс орманы» резерватына қарасты Шалдай мен Бесқарағай орман шаруашылықтарында 71 мың гектар, 2003 жылдары осы аталған орманда 2 222 гектар орманды алқап жанып кеткен-ді. Бұл туралы мәліметтер көп жазылды, көп айтылды. Осы жылдары бірінен соң бірі алапат орман өрттері болғаны өңір тұрғындарының есінде.
Шалдай мен Бесқарағай ормандары да жаздың ыстығында емес, салқын сәуір, күз айларында «қарадан-қарап» өртке оранып, ел ішін дүрліктіргені, таңғалдырғаны есімізде.
Тілші ретінде өрт шыққан орман аумақтарына барып, талай аралап көріп, «қайран орман» деп күрсініп қайтқан да кездер болды. Қара орманның өртке оранғанына қапаланып, Шалдай ормандарын өз көзімен көрген марқұм Шерхан аға Мұртаза бұл жайында «Ақындар мен әкімдер» деген кітабында жазды да.
Шалдай орман шаруашылығында сол жылдары жиі өрт оқиғасы тіркелетін. Бірақ жүргізілген тексерулер орман өрттерінің шығу себебі табиғат құбылысынан емес, адамдардың қолымен жасалғанын анықтайды. Оның үстіне, өңірлердегі ағаш байлығының кезінде тікелей адам қолымен қасақана жасалған қиянаттың, аямаушылықтың кесірінен өртенгені жайлы сыбысты бәрі де естіген.
Бұған тағы бір белгілі жайт: 1997-2007 жылдар аралығында он жыл бойы үзіліссіз болған орман өрттерін қосыңыз. Тіпті орманшылар қаза болды. Тіпті, орманның 24 пайызы, яғни 47 мың гектар алқабы, үйлер, қора-қопсы жанып кетті.
Ал былтыр аталған департаменттің мәліметінше, облыстың, ірілі-ұсақты орман қоры аумағында 80 орман өрті орын алған.
2009 жылы дәл осы сәуір айының ортасында Шалдай орман шаруашылығының Бауыртал бөлімшесінде болған өрттің зардабын да облыс тұрғындары әлі ұмыта қойған жоқ. Сол кезде өрт салдарынан орманға жақын отырған осы ауылдағы бірнеше отбасының үйлері, қора-қопсылары тұтастай жанып кеткен еді.
Орман – еліміздің байлығы. Оны тілсіз жаудан сақтау – басты міндетіміз. Осы міндетімізді адал атқарсақ, табиғатқа жанашырлықпен қарай білсек, мұндай алапат өрттер аз тіркелер еді.
– Қазір Шалдай орманындағы өртті толық сөндіру бойынша әлі де жұмыс жүргізілуде. Ауылдар аман-есен. Қауіп төніп тұрған жоқ. Бүгінгі күні жағдай тұрақты, – дейді біз хабарласқан аудан әкімінің орынбасары Ризагүл Негманова.
Павлодар облысы,
Шарбақты ауданы