• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Спорт 21 Сәуір, 2021

Елданаға ел риза

624 рет
көрсетілді

Бұл күндері Польшаның Кельц қаласында өтіп жатқан жастар арасындағы әлем біріншілігінде Қазақстанның боксшылары табысты өнер көрсеткені белгілі. Дәп қазіргі кезде 10 бірдей өреніміз жеңіс тұғырына көтеріліп, солардың алтауы алдағы күндері бас жүлде үшін таласады, деп хабарлайды Egemen.kz

Айтулы жарыста Қазақстан құрамасының қоржынына алғашқы жүлдені салған Алматы облысының тумасы Елдана Тәліпова екені мәлім. Аса ауыр салмақ дәрежесінде күш сынасып жүрген қазақ қызы ширек финалдық сайыста Украинаның өкілі Виктория Левчукты екінші раунда есінен тандырып, жартылай финалға жолдама алды. Бұл межеде Елдананың жолы болмады. Аса шиеленісті өткен бәсекеде ол Молдова боксшысы Дария Козорезге есе жіберіп қола медальді қанағат тұтты. Десек те Тәліпованың өнері мамандар тарапынан жоғары бағаланды.

Бүгін  Елдана Тәліпованың алғашқы бапкері Дархан Қабыланбековпен жолығып, айтулы былғары қолғап шебері жайында біраз мағлұмат алдық. Дарханның өзі де кезінде осы спорт түрімен шұғылданып, азды-кемді табыстарға қол жеткізген екен. Сонымен қатар, кикбокс және қоян-қолтық айқастан да түрлі жарыстарда өнер көрсетіп, біраз жарыстарда қанжығасы майланған көрінеді. Қазіргі кезде Дархан өзінің досы, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушы Дархан Сәдуақасов және танымал кикбоксшы Нұрболат Ташпен бірге «Дарын» промоутерлік компаниясын құрып, отандық кәсіпқой боксты дамытуға барынша ат салысуда. Айтулы промоушеннің ұйымдастыруымен Жетісу өңірінде бірқатар дүбірлі додалардың ұйымдастырылғанын жанкүйерлер жақсы біледі. 

–  Мен бірер жыл Алматы облысы Іле ауданында бапкер болып еңбек етіп, бокс өнеріне аңсары ауған жастарды жаттықтырдым. Солардың қатарында Елдана Тәліпова да бар. Оны мен Қазциктегі орта мектептің сегізінші сыныбында оқып жүрген кезінде байқадым. Өз құрбыларынан бойы едәуір ұзын қызға бірден көңілім түсіп, оған бокспен айналысу жайында ұсыныс айттым. Алдын-ала Елдананың апасы Жұпар Омаровадан рұқсат сұрап, сол кісінің ақ батысын алдым. Содан жаттығу жұмыстарына кірісіп, шәкіртімнің шеберлігін әбден шындадым. Нәтижесі жаман болған жоқ. Елдана өзі қатысқан жарыстардың барлығында жүлделі орындарды иеленіп, үнемі жеңіс тұғырына көтерілді. Міне, енді жастар арасындағы әлем біріншілігінде қола медальді мойнына ілді. Мен шәкіртімен дән ризамын. Алдағы уақытта Елдананың бағындырған белестері бұдан да биік болатынына өз басым еш шүбә келтірмеймін, –  деп Дархан Қабыланбеков ағынан жарылды.

Айтқандай-ақ, Елдана Тәліпова қысқа ғана мерзім аралығында өз құрбыларының алды болды. Орта мектепте оқып жүрген кездің өзінде бірқатар республикалық және халықаралық турнирлерде атой салды. Әлі есімізде, 2017 жылы 15 жасар Елдана Швецияға сапар шегіп, «Алтын қыздар» деп аталатын дүбірлі додада алтыннан алқа тағынғаны. Финалдық сайыста ол ирландиялық Лорен Лайонды 90 секунд аралығында ұрып жыққаны жайында сол кезде барлық газеттер жарыса жазған еді. Содан кейін Украина, Ресей және тағы басқа мемлекеттерде жалауы желбірген жарыстарда Тәліпова бас жүлдені олжалады.

Жасөспірімдер мен жастар буыны арасындағы Қазақстан біріншілігінде қарсылас шақ келтірмеген Елдана Тәліпова биыл Польшада өткен әлемдік додада Қазақ елі намысын қорғады. Жауапты жарыста ол жанкүйерлер сеніміне селкеу түсірмей, елге қола медальмен оралды. Елданының ендігі мақсаты – Қазақстанның әйелдер құрамасы сапына еніп, байрақты бәсекелерде табысты өнер көрсету.