• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Пікір 22 Сәуір, 2021

Бірлігі жарасқан елміз

575 рет
көрсетілді

Қазіргі таңда Қазақстан және онда тұратын барлық этностардың тыныс-тіршілігі әлемдік қоғамдастықтың көз алдында. Қай елде болмасын өмір сүріп жатқан әрбір этнос өкілдерінің рухани және мәдени өмірінде бейбітшілік пен келісім және жасампаз еңбек болуы қажет екендігі белгілі. Онсыз демократияны қайта құру, мәдениетімізді алға жылжыту және экономикалық тұрақтылықты жүзеге асыру мүмкін емес. Мұның еліміздегі барлық шағын этностық топтардың өкілдеріне тікелей қатысы бар.

Қазақстан мемлекеттік тәуел­сіздігін иемденгеннен кейін біздің қоғамымыздың тек күнде­лікті тіршілігінде ғана емес, сонымен бірге ұлттық саясатында да біршама өзгерістер болды. Қазақстан Республикасының ұлтаралық қарым-қатынасында мемлекет жүзеге асырған, ұлттық қарама-қайшылықты шешуге және ондағы барлық этностардың ұлттық талап-тілегін орындауға бағытталған ұлт мәселесі жан-жақты дәлелді жүйедегі өлшемге ие бола бастады.

Қашанда тұғырлы татулықтың бастауы бола білген Түркістан облысы Қазақстан халқы Ассам­блеясы мүшелері осы уақыт аралығында ел ертеңіне үндейтін ба­йыпты бастамаларға ұйытқы болып, қашанда біздің қоғам үшін маңызды мәселелерге лайық­ты атсалысып келеді. Бір үй­дің баласындай болған этно­мә­дени бірлестіктер Ассамблея шаңы­рағының астына топтасып, бірталай тындырымды тірлік­тер­дің темірқазығы бола білді.

Еліміздің Тұңғыш Президенті Елбасы Н.Ә.Назарбаев айт­қан­дай, ұлттық салт-дәстүріміз, тілі­міз бен му­зы­камыз, әдебиетіміз, жорал­ғы­ларымыз, жалпы ұлттық рухы­мыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс. Әрине, ұлттық құн­ды­лықтардың бәрі жас ұрпаққа отбасынан, балабақшадан, мектептен берілері анық. Жоғары оқу орындарында ол одан әрі тереңдетілуі тиіс.

Шындықтың шамы дарияның астында да жанады. Шын жү­рекке тұсау жоқ. Қай істе бол­масын ашықтық пен шындық керек. Абайдың «Адалдыққа еш нәрсе жетпейді» деп айтқан сөзі бар. Біздің елімізге, жерімізге деген адалдығымыз, Отанымызға деген сүйіспеншілігіміз арта бе­руі керек. Елдің имандылығын, тату­лығын, тұтастығын, бірлігін ту етуіміз керек.

Біздің республикамыз көп этнос­ты мемлекет. Сондықтан елде­гі барлық этностардың этно­мәдени ерекшеліктерін зерттеп, зер­делеу қажет. Мұның барысында қазақ халқымен ағайын, бауыр­лас түрік этносын да зерттеу қа­зіргі заманға сай және өзекті мәселе.

Түрік ұлттық мәдени орта­лығы 1991 жылы ақпан айын­да ұйымдастырылды. Ал 1996 жылы ол Түріктердің «Ахыска» қоғамы болып атауын өзгертті. Рес­публикалық қоғамның облыс­тық, қалалық, аудандық бөлім­ше­лерімен және түрік этносы тығыз қоныстанған елді мекендерімен байланыстың құрылымдық жү­йесі қалыптасқан.

Қоғам бірлестігінің бағыттары мыналарға сайып келеді: Қазақ­стан халқының ұлттық мәде­ниет­терінің, соның ішінде қазақ және түрік мәдениетінің өзара ық­пал­дастығына қызмет ету, Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени байланыстардың дамуына үлес қосу, түрік этносы арасында ана тілі мен тарихын оқып үйрену, мә­дениетін, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін сақтау және дамыту бағытындағы мәдени-ағарту жұмыстарын ұйымдастыруды жолға қою, түрік этносының мәселелерін зерттеу және рес­пуб­ликадағы мемлекеттік және қоғамдық бірлестіктерде, шетелдерде олардың мүддесін қорғау, түріктердің тарихын, мәдениеті мен өнерін басқа ұлт өкілдеріне таныстыру, насихаттау.

Осы бағытта Шымкент қала­сы «Ахыска» түрік этно-мәде­ни қоға­мының мүшелері, қоғамы­мыздың барлық саласында қыз­мет атқа­ратын тұлғалар ел бірлігі үшін аянбай қызмет етіп келеді.

Біздің елдегі қоғамдық келі­сім мен жалпы ұлттық бірлік са­ла­сындағы мемлекеттік сая­сат елді алалап, бөлуге емес, кері­сінше бірігуге үндейді. Осы тұр­ғыдан алып қарағанда ел игілігі жолындағы жұмыстардың жаны­нан табылатын Ассамблея мүше­лері ел болып ұйысу жолын­дағы байсалды бастамаға лайық­ты қол­дау көрсетеді деген сенім­де­мін.

Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айт­қан­дай, қашанда тұғырымыз – тыныштық, тірлі­гіміз – тұрақ­тылық, тілегіміз – татулық болғай!

 

Ағапаша ҚҰРБАНОВ,

филология ғылымдарының кандидаты, Шымкент қаласы «Ахыска» түрік этномәдени қоғамының мүшесі