• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Пікір 22 Сәуір, 2021

Мақсаты айқын, қалыптасқан, орнықты құрылым

361 рет
көрсетілді

Жақында, нақтылай айтқанда алдағы 28 сәуірде Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIX сессиясы өткелі отырғаны баршаға аян. Осы орайда, еліміздегі қоғамдық келісім мен татулықты, бірлікті нығайту бағытында атқарылып жатқан шараларға, қабылданып жатқан шешімдерге тоқталар болсақ, ауыз толтырып айтарлық дүние көп.

Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінде Парламентте өкілдігі бар жалпыұлттық институт болып қалыптасты. Бұл түсіне білген адамға үлкен дүние. Осы ұйымның қажырлы еңбегінің арқасында бейбітшілік пен ты­ныштық, ынтымақтастық пен сенім қоғамда орныға түсті. Ол азаматтық қоғамға тән құры­лым­ның озық үлгісін көрсете алды. Елбасының осы саладағы саясаты әлем елдері арасында мо­йындалып, БҰҰ-да бұған үнемі жоғары баға беріп келеді.

Тағы бір айта кететін жайт, мемлекеттік тіл – қазақ тілі бар­лық этностар арасында қолдау тауып, біріктіруші рөл атқаратын дәре­жеге жетіп қалды. Бұл да мем­лекет саясатының дұрыс ба­ғыт­та келе жатқандығының бір дәлелі.

Қазақстандағы азаматтардың теңдігі мен этносаралық қаты­нас­тар тұрақтылығына жоғары баға беруге болады. Тәуелсіздік алғаннан бері Елбасы Н.Ә. Назар­баев этносаралық татулық пен келі­сімді сақтауға, дамытуға барынша күш-жігерін салды. Бұл өз кезегінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сали­қалы саясаты негізінде жалғасын табуда.

Еліміздегі бейбітшілік пен келісім тұрақтылық пен орнық­ты даму кепілі екенін халық терең түсінеді. Қазақстан жал­пы­ адамзаттық дәстүрлерді сақ­тай отырып, сарабдал саясат пен мемлекет дамуының дұрыс, айқын жолын таңдады. Осы орайда Қазақстан халқы Ассам­блеясы да мемлекетіміздегі этнос­аралық қатынастарға байланыс­ты жүргізіліп отырған саясатты жақсы жағынан көрсете білді.

Мәселен, жылдың басында Жамбыл облысындағы Масанчи ауылында Өтеген, Қаракемер, Сортөбе, Қарасай ауы­лының ақсақалдары бас болып, қоғам белсенділерінің ұйым­дастырумен өткен іс-шараларды ерекше атап көрсетуге болады. Олар осы ауылдарда концерттік бағдарламалар, көрмелер мен ұлттық өнер түрлерін көрсетіп, бірлесе жүріп көшеттер отыр­ғызды. Мешіттерде дұға оқылды. Бұл іс-шаралар барысында тұр­ғындарға қоғамдық келісім мен татулықтың, бірліктің қадірін ұғын­дыра түсу негізгі басым бағыт, мақсат болды.

Әрине, мұндай шаралар тек биыл ғана емес, біз көзімізді ашқалы бері өтіп келе жатыр. Бала кезімдегі оқиғалар әлі есімде, ата-анамызбен Күнбатыс деген тау бөктеріндегі ауылда тұратынбыз. Ол кезде осындай іс шаралар іргелес ауылдардың бірлесуімен өте жиі өтетін. Және бұл шаралар бұқаралық ақпарат құралдарында жиі жарық көріп жататын.

Ауыл-ауыл өзара тығыз қаты­­нас орнатып, дос болысып, ара­сында түрлі этностар өз ара­сында қыз алысып, қыз берісіп, құдандалы да болып жата­тын. Бұның өзі береке-бірлік­тің, достықтың көрінісі емес пе? Осындай іс-шараларды қазір де көптеп өткізіп, ақпарат құралда­ры арқылы насихаттауды күшей­те түсу қажет деп ойлаймын. Біздің идеологтар осы жағын жіті қадағаласа дұрыс болар еді.

Бүгінде Ассамблея өкілдері бел­сене қатысатын қоғамдық кеңес­тердің жұмысы қарқын алып отыр.

Жалпы, Қазақстан халқы Ассам­блеясы өз жұмысына әрда­йым жауапкершілікпен қарап келеді. Солай десек те, жаңа көзқа­рас пен жақсы жұмыс істеу әдісі керек. Атап айтсақ, респуб­ликалық Ғылыми-сараптамалық кеңес қоғамға төнетін ықтимал қауіп-қатердің алдын алу үшін алдын-ала іргелі зерттеу, зерделеу жұмыстарын жүргізуі қажет.

Кейде ғалымдар мен сарап­шы­лардың жұмыстарын қоғам­дық-саяси алаңдарда ашық жүр­гізу жағы жетіспей жатады. Сол себептен көпшілік мұнда атқарылып жатқан істерден хабардар бола бермейді.

Ғылыми-сараптамалық ке­ңес құрамында 50-ден астам ға­лым жұмыс істейді. Жоғары оқу орындарында да Қазақстан хал­қы Ассамблеясы кафедралары ашылып, жұмыс істеуде. Осыдан бір-екі жыл бұрын ғана Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде бірінші курс студенттері үшін «Н.Ә.Назарбаевтың этнос­а­­ара­лық келісімінің Қазақ­стандағы үлгісі» пәні енгізіліп, жастар осы төңіректе білім алып жатыр. Сонымен қатар, Мем­лекеттік бас­­қару акаде­мия­сының Орта­лық Азия айма­ғындағы этнос­ара­лық және конфес­­сияара­лық қаты­настарды зерттеу орта­лығы мен Ұлттық эконо­мика министр­­лігінің «Эко­но­­микалық зерт­теулер инсти­туты» АҚ әлеумет­тік-демогра­фиялық дамуды зерт­теу орта­лығы құ­рылған. Осы кеңестер мен орталық­тар­дың атқарып жат­қан істері Ассам­блея­ның жұмы­сын алға ілге­ріле­туде қомақты үлес қосып отыр.

Тағы бір ерекше тоқтала кетер жайт, Қазақстан халқы Ассам­блеясы құрылғаннан бері қайы­рым­дылық істерге мұрын­дық болып келеді. Былтырдан бері аймақтардағы Достық үйлер­інде Қазақстан халқы Ассам­блея­сының еріктілер қозғалысы құрылып, жұмыс істеп жатыр. Бұл игі іс келешекте де жалғасын таба береді.

Алайда «Оң қолың бергенді сол қолың көрмесін» деген қазақ­тың аталы сөзі бар. Өкініш­ке қарай, кейбір азаматтар бір дорба азық-түлік апарса, жетпей отыр­ған сол отбасының бала-ша­­ғасымен суретке түсіп, әлеу­мет­тік желіге жариялайды. Бұл ыңғайсыз дү­ние. «Жақ­сылық қылсаң жасыр, жақ­сылық көр­сең асыр» демей ме?! Негізі жа­риясыз қылған қайы­рымды­лықтың сауабы мол. Кері­сінше, қайырымдылыққа қомақты қаражат бөліп, алайда аты-жөнін еш жерде жарияламауды өтінетін жомарт жандар да бар...

Қалай десек те әлеуметтік жағ­­дайы төмен отбасыларға көмек беру сауапты, игі іс. Бұл бағыт­тағы жұмыстардың игілігін мұқ­таж жандар барынша көріп жатса, ол біздің қоғамымыздың ізгілігін, мейірімділігін көрсе­теді. Әсілінде, қоғамдағы аз қамта­масыз етілген отбасылар не­гізінен Үкіметтің жауапкер­ші­лігінде болуға тиіс деп ойлаймын. Ал аз қамтылған, көмекке зәру азаматтарымыз Үкіметтің қол­да­уынан бөлек, қосымша өз отан­дас­тарынан, жерлестерінен қайы­рымдылық көріп жатса, қанеки.

Қорыта айтқанда, Қазақстан халқы Ассамблеясы қалыптасқан, орнықты институт ретінде қоға­мы­мыздың дамуына, оның бірлі­гінің нығаюына барынша атса­лысып келеді. ҚХА бұл бағыт­тағы жұмыстарын әрі қарай жал­ғастыра бермек.

 

Ілияс БҰЛАРОВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты