ІІМ-де Ерлан Тұрғымбаевтің төрағалығымен кеңейтілген алқа отырысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Онда ішкі істер органдарының ағымдағы жылдың 1 тоқсанындағы қызметінің қорытындылары, сондай-ақ Мемлекет басшысының қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы тапсырмаларын іске асыру жөніндегі шаралар қаралды.
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев полиция қызметінің негізгі екі бағыты – құқық бұзушылықтардың алдын алу сондай-ақ қылмысқа қарсы күрес бойынша міндеттерді атап өтті.
Құқық бұзушылық профилактикасы саласында:
- неғұрлым криминогенді учаскелерде стационарлық бекеттер орнату, және үйлердің аулаларындағы саябақтарда, скверлерде жаяу патрульдеу есебінен «жұртқа жақын полиция» қағидатын іске асыруды қамтамасыз ету;
- қоғамдық орындарда, елді мекендерде және республикалық маңызы бар жолдарда полицияның жедел басқару орталықтарымен ықпалдаса отырып зияткерлік қауіпсіздік жүйелерін дамыту бойынша шаралар қабылдау;
- учаскелік полиция бөлімшелері желісін дамытуды қамтамасыз ете отырып, учаскелік инспекторлар қызметінің қажеттіліктерін арттыру;
- жол қозғалысы қауіпсіздігі мен жол инфрақұрылымын бақылауды күшейту;
- қылмыстық-түзеу мекемелеріне жаппай бейнебақылау енгізу;
Қылмысқа қарсы күрес мәселелері бойынша:
- қылмыстық процестің үш буынды моделіне көшу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс шеңберінде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің сапасы мен ашықтығын жақсарту;
- киберқылмыспен күрес бөлімшелерін білікті ІТ-мамандарымен толықтыру, интернет-алаяқтыққа қарсы тиімді іс-қимылды қамтамасыз ете отырып, қазіргі заманғы бағдарламалық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз ету;
- есірткі қылмысына қарсы күресті күшейту, синтетикалық есірткілердің оның ішінде интернет-ресурстар арқылы таралуының жолын кесу жөнінде маңызды шаралар қабылдау;
«Азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау және қоғамдық қауіпсіздік осы міндеттерді тиісінше орындаған жағдайда қамтамасыз етіледі», деді ІІМ басшысы.
Гаухар ҚАПАШ