• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Президент 22 Сәуір, 2021

Президент Сарайшық қаласындағы туристік саланы дамытуды тапсырды

380 рет
көрсетілді

Сарайшықтың танымалдығын арттыру үшін заманауи туризм инфрақұрылымы қажет. Бұл туралы Президент Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде өткен кеңесте айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Атырау өңірінде қастерлі әрі тарихи орындар көп. Соның бірі – ежелгі Сарайшық қаласы бой көтерген жер. Алтын Орда заманында маңызды рөл атқарған шаһардың Қазақстан аумағында орналасуы тегін емес. Бұл төл тарихымыздың тамыры терең екенін көрсетеді. Біздің бабаларымыз қала салып, жаңа мәдениетке жол ашқан. Әйгілі Сарайшық – соның айқын дәлелі», деді Президент.

Осы орайда Мемлекет басшысы мұнда Алтын Орда дәуірінің хандары және қазақтың ұлы ханы Қасым хан жерленгенін атап өтті.

«Жалпы, ұлан-байтақ жеріміздегі көне шаһарларды, мемлекеттігіміздің тарихында айрықша орны бар Алтын Орданы жан-жақты зерттеп, ғылыми ақпараттық жұмыстарды жүйелі жүргізу керек. Сол арқылы елдік шежіремізді кеңінен таныта аламыз. Осыны жас ұрпақтың санасына сіңіруіміз керек. Сарайшықтың маңыздылығы мен танымалдығын арттыру үшін заманауи туризм инфрақұрылымы қажет. Әкімдік Үкіметтен визит-орталық құрылысына қаражат сұраған екен. Бірақ келісімін әлі алмаған. Үкіметке осы мәселені дереу шешуді тапсырамын», деді Қ. Тоқаев.