2021 жылғы 22 сәуірде «Tashkent Law Spring» II Халықаралық Заң Форумы аясында Қазақстан Республикасы Әділет министрі М.Б. Бекетаев пен Өзбекстан Республикасы Әділет Министрі Р.К. Давлетов екі ел министрлігі арасындағы 2021-2022 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасына қол қойды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Екі министрлік арасындағы ынтымақтастық бағдарламасы зияткерлік меншік, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, заң шығару қызметі, ынтымақтастық саласын кеңейту және т.б. салаларда тәжірибе алмасуға бағытталған іс-шараларды көздейді.
Сонымен қатар, «Бірыңғай мемлекеттік құқықтық саясатты жүргізу: қазіргі заманғы сын - қатерлер мен болашақ үрдістер» атты Форумның бірінші сессиясында Қазақстан Республикасының Әділет Вице - министрі А.Е. Ахметова Қазақстан Республикасында қолайлы инвестициялық ахуал жасау бойынша жүргізіліп жатқан саясат туралы баяндама жасады.
Вице-министр Қазақстан Республикасында шетелдік инвестицияларды қорғау және тарту үшін құқықтық негіз құруға бағытталған қабылданып жатқан заңнамалық шаралар туралы хабарлады. Сондай-ақ, шетелдік инвесторларға берілетін негізгі кепілдіктерді, жеңілдіктер мен преференцияларды атап өтті.