• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Таным 22 Сәуір, 2021

Қылаң

2697 рет
көрсетілді

Қарашоқы. Қас қарая Бақыжан отырған киіз үйдің есігі сарт ашылып, еңгезердей біреу кіріп келген. Үй ішін алакөлеңкелеп тұрған пілте шамның сығырайған жарығы сұлбасын ғана көрсетті. Ентігін басар-баспастан жан-жағын жанарымен шолып шықты да, жер үстелдің аяқ жағына жайғаса кетті. Қазақтың «шықпа жаным, шықпа» деп үрейлі күй кешіп отырған кезі-тұғын. Қай күні итжеккенге айдалып, қай күні атылып кететіні де белгісіз. Үй иелері құдайы қонаққа дастарқан жайып, төрге оздырды. Бақыжан жөн сұрасып, онымен түн ауғанша әңгімелескен. Сөйтсе «қызылдардан» қашып жүрген қазақ баскөтерерінің бірі екен.

Таң ата іргеден аттылардың дүбірі естілді. Айнала азан-қазан. «Қызылдар» деп шуласты ел. Түнделетіп келген қонақ орнынан тұра бергені сол, қызыл жағалылардың бірі есікті жұлқи ашып, ішке енді де қылышын сермеп кеп қалды. Батырдың басы жерге домалап түскенде «қызылдың» қылышындағы қан киіз үйдің босағасына тамып бара жатқан. Аласапыран дүниеде орнай қалған тыныштықты келіннің айғай салған ащы дауысы бұзды. Сол-ақ екен, толғағы қысып, аз-кем уақытта маңдайы торсықтай ұлдың іңгәлаған үні естілді. Бұл – 1927 жылдың 12 мамыры. Әкесі Бақыжан елінің азаматы болсын деп ырымдап, «Қылаң» деп азан шақырды. Ұлт мүддесі үшін «қызылдың» қолынан қаза болған әлгі батырдың есімі Қылаң еді.

Алтайдың аясында айналып ай, жылжып жыл өтіп жатты. Ашаршылық, ату, асу, айдаудан көз ашпады. Ел енді еңсе тіктей бастаған шақта фашистер басып кірді. Ауылдың атқамінерлері майданға аттанды. Жыл өтпей көп үйге қаралы қағаз келіп, аман қалған мүгедек жауынгерлер елге оралды.

Намысты нар тұлға

Қылаң Бақыжановтың балалық шағы Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келіп, еңбекпен біте қайнасып өсті. Шыңғыстайдағы Әбдікерім болыстың мектебінде оқыған ол кейіннен қазақ күресінен Қазақстанның тұңғыш спорт шебері атанды. Иә, қазақ күресінің шебері шыңғыстайлық Қылаң Бақыжанов екенін ауылдастардан еститінбіз. Кейін өмірлік жары Күлжә Дәуітовамен әңгімелесудің сәті түскен. Жасы тоқсаннан асқан Күлжә апаның айтқан естеліктерін түртіп алып отырған едім.  

– Қылаң Шындығатайдың шахтасында жұмыс істеген кезінде атақты ақын Ақтан Нұрбаев екеуі бір бөлмеде тұрыпты. Бірде Қылаңның қарындасы Кәс қыдырып Шындығатайға барған ғой. Сонда сұлуға көзі түскен Ақтан ақын алып қашыпты. Ағасы қаһарына мініп, ашуланғанда маңайындағылар басу айтып, тыныштандырыпты. Қылаң намысты еді. Жасыратын несі бар?! Бірде Шындығатайдың шахтасында істеп жүрген орыстың бес жігіті қазақты мазақ қылып отырғанын құлағы шалып қалған. Мұндайда үндемей қалатын ол жоқ. Әлгі бесеуін сол жерде бір-бір ұрып сұлатқан көрінеді. Оны көрген Көкінің ұрпағы Жәдікеш «Орыстар оқыс қылады, сен бұл жақтан қаш», деп Шындығатайдан шығарып салған екен. Жәдікеш отбасымен сол жақта тұратын. Ағайынның ақылына құлақ асқан Қылаң Катонға түсіп, Қарағандыдан бірақ шыққан. 1947 жылдың қазанында Шындығатайдағы кеніш жабылып, көбі Көккөлге көшіскен, – деді уһілей тыныстап Күлжә апа. Тегі «Көккөл трагедиясы» еске түссе керек. Жазушы Әлібек Асқаров жазғандай, Көккөл кенішінде еңбек еткендердің барлығы дерлік дем жетпей тұншығып өлген. Сәл үнсіздіктен кейін:

– Балуан жігіт сізбен қалай танысып жүр? – дедім әңгіменің ауанын аудармақ болып.

– Өгей әкем Дәуіт Қасымхановты 1937 жылы 15 тамызда Көккөлге тамақ тасып жүрген жерінен «қызылдар» алып кетті. Кейін естідік, 14 қазанда атып тастапты. Ол заманда халық қараңғылау ғой. Не үшін атылып, не үшін айдалып жатқанын ешкім білмейтін. Сонда Молдабай Нұрбаев «кімде-кім сұраса, «партияда бармыз деңдер» деп хат та жазған. Ол өзі сәл ерте Сібірге айдалып кеткендіктен, көрген-білгені бар.

– Өзіміз Сахатушкада тұрамыз. Сабақты Берелдегі Мұхтархан нағашымның үйінде тұрып оқыдым. Сенбі, жексенбі күндері үйде болатынмын. Сөйтіп жүргенде Түсіпбек аға «әйелім жалғыз, біздің үйде тұрсын» деп сұрап алған екен. Бір күні Берелге былғары күрті киген сұңғақ бойлы бір жігіт келді. Есімі – Қылаң. Түсіпбекті жақын тартып жүреді. Мен ол келген күндері нағашыма кетіп қалатынмын. Бірде «Күлжә Дәуітоваға» деп хат келіпті. «Бақыжанов Қылаңың кім?» деймін жеңгеме. «Әнеугүні келген жігіт», деді. Маған неғыл деп жүр деп, хатты ашпастан жанып тұрған тандыр пешке тастап жібердім...

– Білуімше, сіз де Шыңғыстайда оқыдыңыз-ау? – деп әңгімесін сабақтай түстім.

– Иә, оны айтайын. Жазғы каникул бітіп, оныншыны оқуға ат-арбамен Шыңғыстайға қайта келдім. Шешем мен Дәуіт ағам бар жанымда. Ертесінде мен тоқтаған үйге Қылаң жетті шешесімен. Анасы Сайқыман ер мінезді, адуынды кісі еді. Амандық-саулықтан соң ағам мен анам үйге қайтты. Біз арбаға жабысып, қара далаға дейін шығарып салдық. Қайтып келе жатқанда Қылаң «Не ойлаған ойың бар?», деді. «Мәскеуде оқуым керек. Күтсең көрейік», дедім. Содан хат жазысып тұрдық...

Қарсылас шақ келтірмеген

Күлжә Дәуітқызы арман қуып Мәскеуге аттанған. Қылаң Бақыжанов Қарағанды тау-кен техникумына оқуға түсті. Спортқа да шынайы ден қоя бастаған кезі сол. Әйтпесе, бала күнінде өзінен жасы үлкендермен белдесіп жүретін. Сонда жауырыны жерге тимеген. Алғашқы жаттықтырушысы Шәріп Харисов классикалық күрестің қыр-сырымен таныстырып, өзіне жақын тарта бастайды. Қылаң да еңбекқор, тыңғылықты жаттығады. 1948-1952 жылдар аралығында қазақ күресінен өткен республикалық жарыстарға үзбей қатысып жүрген. Жұлдызы елуінші жылдары жана бастады. Бозкілемге «менмін» деп шыққан талай балуандардан айласын асырып, жауырынын жет иіскеткен. Замандастарының арасында «қазақ күресінің жолбарысы» деген атқа да ие болыпты. 1960 жылға дейінгі шыққан жарыстарын саралап көрсек, жеті дүркін республика чемпионы. Оның екеуінде абсолюттік салмақта өнер көрсеткен.

Балуанның шын шеберлігіне тәнті болған спорттың үлкен басшылары мен алқа мүшелері бірауыздан шешім қабылдап, Қылаң Бақыжановқа қазақ күресінен «Қазақ КСР спорт шеберінің» №1 куәлігін тапсырған. Балуан спорттың биігін өзі ғана бағындырып қойған жоқ. Шахтаның қарбалас жұмысымен қатар, жаттықтырушылықты да бірге алып жүрді. Сарғайған қағаздарын парақтап отырсақ, 8 спорт шеберін дайындаған екен. Күрестен «1 дәрежелі төреші» деген де атағы бар. Қағаздарды қопарыстырып отырып, көкшіл дәптер көзге түсті. Қарасақ, бұған өткінші өмірдің кейбір сәттерін түсіріп отырыпты: «...Есте қалған үлкен жарыстардың бірі – 1952 жылы қазанда Ашғабадта ұлттық күрестен өткен Орта Азия және Қазақстан балуандарының тұңғыш біріншілігі. Төрт күнге созылған жарыста жығылмай-сүрінбей, өз салмағымда чемпион атандым. Жарыс аяқталған соң Қырғызыстаннан келген жаттықтырушы ақсақал жақындап келіп: «Әкелген балуанымыз балуан-ақ еді, сен айлаңды асырып кеттің. Ризамын», деді.

– Ашғабадқа жарысқа кетіп бара жатқанда ғой, жолай маған бұрылды. Мен Мәскеудің К. Тимирязев атындағы академиясының студентімін ол кезде. Үшінші қабаттан түсіп келе жатсам, Қылаң тұр. О, астапыралла! Сабағымды кестеден біліп алыпты, – деп әңгімесін жалғады Күлжә апа. – Бір қызығы, жарыстарына біз барсақ, қарсыластары үнемі жарақат алып қалатын. Катонқарағайда өткен дүбірлі жарыста да қарсыласы қатты жарақат алды. Кейін Қарқаралыдағы додада тіпті қарсы шыққандар шетінен мертікті. «Күш атасын танымас» деген сол шығар. Атақты түйе-балуан Әмірхан Мөңкеев те сол жолы жеңіліс тауып, орнынан ақсап тұрған. Сонда «қызыл асығыма Қылаңның аяғы тигенде балғамен ұрып жібергендей болды» депті. Бірақ қасақана жарақат салмағанын төрешілер де көріп тұрды, – дейді Күлжә апа.

Қылаң ақсақалдың спорттағы жеткен жетістіктері – жары Күлжә Дәуітқызының арқасы. Өйткені, атақты балуан жұмыстан қолы сәл қалт етсе, спортзалға беттейтін. Балаларды бағып-қағу жарының мойнында еді. Алайда, балуанның бала десе ет-жүрегі елжіреп тұратын. Екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Ол спортта ғана емес, кен орнында да еселі еңбек етті. Өмірінің қырық жылын тау-кен саласына арнады. 

1927 жылдың 12 мамырында Шыңғыстайда туған балуан 1997 жылы 14 маусымда Қарағандыда қайтыс болды. Жетпіс жыл ғұмырында халықтың алғысын алды. Мемлекет тарапынан да ескерусіз қалған жоқ, көптеген марапатқа ие болды. Балуанның есімі елінің есінде болғанымен, Қазақ КСР-нің тұңғыш спорт шебері екенін бірі білсе, бірі білмес. Білмеген соң ғой, аты көп атала бермейтіндігі. Әйтпесе, атын туған жерінде көшеге, спорт нысандарына беріп қойса, нұр үстіне нұр болар еді.

– Кешқұрым бала-шағасымен арқа-жарқа әңгімелесіп, күліп-ойнап отырды. Ас үй жақтан көз қырымды салып қоямын. Сонда іштей «осының бәрі уақытша ғой» деген ой сақ ете қалды. Рас, адам басындағы бақытты сәттер уақытша. Осы жасқа келіп, соған көзім жетті. Көреген еді жарықтық. Өтерін бір күн бұрын айтып отырды. Қайда апарып жерлейін деп едім, «Өлген кісінің сүйегін салдырлатып алып жүрмей-ақ қойыңдар. Қазақстанның бір пұшпағында жатсам болды. Бабам мекен еткен жердің қай өңірі болмасын, киелі, қасиетті. Қазақстанға жете алмай өлгендер қаншама», деді. Жүрегім жылап сала берді. Өлімінің өзі – тәрбие, – деп тағы күрсінді тоқсанның төріндегі Күлжә апа.

Үстел үстіндегі ақсақал туралы жазылған газеттің қиындыларын, сарғайған қолжазбаларды, фотосуреттерді жинастырып Күлжә апаға ұсына беріп едім, «Өзіңе қалдыр, күндердің бір күні кітап етіп шығарарсың», деді. Үндемедім, апаның аманаты деп түсіндім...

Шығыс Қазақстан облысы