• RUB:
    5.05
  • USD:
    521.81
  • EUR:
    543.67
Басты сайтқа өту
Қоғам 23 Сәуір, 2021

Сәби саудасы қашан тоқтайды?

1443 рет
көрсетілді

«Баланың қара нарықтағы бағасы – 500 мың теңге. Бұл ақшаны бөліп төлеуге де болады. Басына іс түскенде жас аналарға пана болар дағдарыс орталықтары мен перзентханалар бала базарына айналған». Таяуда ақпарат құралдарының бірінен осындай мәтіндегі бейнесюжет көрсетілді. Жұрттың жағасын ұстатқан бұл ақпарат қаншалықты рас? Жас нәрестелерді саудалағандарға жаза қандай? Жалпы, елімізде бала саудасының көпшілік біле бермейтін «қыр-сыры» неде?

Үш айда тіркелген үш дерек

Бұл сұрақтарды ең бірінші ресми орган – ІІМ-нің Криминалдық полиция департаментіне қойдық. Жоғарыда айтылған ақпараттың рас-өтірігі туралы сұрағанымызда департаменттің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Шынар Көшербаева: «БАҚ-та айтылған бұл мәліметтердің барлығы шындыққа жанаспайды. Себебі жыл басталғалы бері еліміз бойынша бала саудасына қатысты 3 дерек тіркелді. Қазіргі таңда бұл үш оқиғаға қатысты жан-жақты тергеу-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан, мән-жайды толық ашып айта алмаймын. Бірақ бір нәрсе анық, ол – тіркелген істер бойынша бірде-бір дағдарыс орталығы немесе перзентхана қызметкері күдікке ілініп отырған жоқ. Сәби сату мен сатып алуға қатыстылар – жеке адамдар, яғни баланың анасы мен заңсыз жолмен балалы болғысы келгендер», деді. Департамент өкілі бала саудасымен айналысамын деп басы бәлеге қалған медицина қызметкерлеріне қатысты оқиғалар осыдан 5 жыл бұрын тіркелгенін айтып өтті.

«Көбіне жас қыз-келіншектер қа­лаусыз баласын саудалайды. Ал тірі тауар­ды «сатып алушылардың» дені – ана болу бақытынан айырылғандар», деген ол қандай жағдай болсын, дүние есігін енді ашқан сәбилерді саудаға салғандардың кінәлары толығымен дәлел­денсе, екі жақ та жазасыз қалмай­тынын ескертті. Жедел уәкіл айтқан «бес жыл бұрынғы бала сату ісі» Ал­маты қала­сында әшкереленген болатын. Ол кезде расымен жаңа туған шақа­лақ­тарды саудаға салғандар – «ақ желеңді азбал жандар» еді.

Алматы қаласындағы көпбейінді клиникалық ауруханасының қызмет­керлері, оның ішінде акушер-гинеколог пен медбикесі бар дүние есігін жаңа ашқан сәбилерді бес жыл бойы саудалап келген. Құқық қорғау органдары естіген елді елең еткізген осы бала сату «бизнесіне» қатысы бар қылмыстық топтың белгілі бір схема бойынша «сәтті сауда» жасап келгенін анықтаған еді. Аурухана қызметкерлері жаңа туған нәрестелерді 10 мың АҚШ долларынан бастап, 150 мың теңгеге дейін «сатылымға шығарған». Сондай-ақ олар тірі тауарларының болашақ ата-аналарын табу, жас босанған анамен келісу секілді делдалдық қызметтер де көрсеткен.

Бес жыл ішінде 28 шақалақты сатып, қара нарықтағы бала сату «бизнесімен» қалталарын қалыңдатып келген барлығы 30-дан астам адам 2016 жылы заң алдында жауап берді. Алайда өзекті өртейтіні, бұл сәби саудасына қатысты елдегі ал­ғашқы да соңғы дерек емес...

 

Бала сатқан да, сатып алған да жазасыз қалмайды

«Жаңа туған нәрестелерді сату ауыр қылмысқа жатады. Сол себепті де бұл сорақылыққа қатысы бар барлық адам жазаланады. Ішкі істер органдары осындай фактілерді анықтау мақсатында БАҚ, әлеуметтік желілерге тұрақты түрде мониторинг жүргізеді. Егер дерек расталса, міндетті түрде қылмыстық іс қозғалады», деді Шынар Қалибекқызы.

2019 жылы адам саудасымен айналыс­қандар үшін жауапкершілікті қатаңдату бойынша Қылмыстық кодекске бірқатар өзгерту мен толықтыру енгізілді. Атап айтқанда, Кодекстің 135-бабы бойынша қаралатын істер ауыр қылмыстар санатына жатқызылып, кәмелетке толмағандарды саудаға салып, пайда көздегендерді он сегіз жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы енгізілді.

«Талдау, сараптау жұмыстары «қара базарда» жаңа туған нәрестелердің құны миллионнан басталып, 3-4 миллион теңгеге дейін «бағаланатынын» көрсетіп отыр. Әдетте, әлі жарық дүниеге келме­ген сәбиін анасы интернеттегі түрлі сайт­тар, әлеуметтік желілер арқылы сатып, ақша тапқысы келеді. Бала асырап алудың сан талаптарын орындап, уақы­­тын жоғалтқысы келмейтін «сатып алушы­лар» да көбіне осы тәсіл арқылы «бола­шақ баласын» іздейді», дейді аға жедел уәкіл.

Жалпы, елімізде өткен 2020 жылы адам саудасына қатысты 44 дерек анық­талса, 15 қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 135-бабы, яғни бала сату бо­йынша қозғалған.

Бала сатудың «көлеңкелі бизнеске», бүгінгі қоғамның ащы шындығына айналғанын, әрине, жасыра алмаймыз. «Алайда қылмыстың ең сорақы түрімен қоғам болып күресуіміз қажет», деген ведомство өкілі әр аймақта адам саудасына қарсы орталықтар мен республикалық «116 16» сенім телефонының жұмыс істей­тінін еске салып өтті. «Сенім теле­фо­нының операторлары адам саудасы, оның ішінде бала сату фактілерінің алдын алу, бұл қылмыстарды болдырмау мақсатында тәулік бойы қызмет атқарып, осы мәселеге байланысты сұрақтарға жауап беруге дайын», деп мәлімдеді.

Рас, елімізде бұл сауданың «көрігін қыз­дырып» жүргендер ана болу ба­қы­тынан айырылғандар мен тағды­ры тәл­кекке түсіп, басына түскен қиындығынан құрсағына біткен шаранасын сатып құтылғысы келетіндер. Ата-ана атану бақытынан айырылғандар сәбилі болудың заңды жолы – бала асырап алудың жөн-жоралғысынан өткеннен гөрі, оңтайлы оңай іздейді. Қылмыстың азаймауына да осы жағдай түрткі болып отыр.

Қазақстанда бала асырап алу оңай емес. Қоғамда қалыптасып қалған осындай пікір бар. Бала асырап алу үшін тиісті құжаттарды рәсімдеу керектігі айдан анық. Бұл – заң талабы. Оның үстіне кезекке тұру және біраз уақытқа созылатын бюрократиялық кедергілерден өту қажет. Қамқоршы органдар онсыз да туа салып, тағдырдан теперіш көрген сәбиді кім көрінгеннің қолына ұстата салмайтыны тағы түсінікті. Алайда көптің көңілінде ресми органдар баланың жаңа отбасысымен табысуына кедергіні көбінесе өздері қолдан жасайды деген күдік те бар.

 

Құндақтаулы сәбидің құны қанша?

Бала асырап алғысы келетін адамдар қандай қиындықтарға тап болады? Аналар неліктен әлеуметтік желілер арқылы бауыр еті баласынан бас тартуға дайын? Осындай айуандыққа баруға оларды не итермелейді? Қазақстанда құндақтаулы сәбидің құны қанша тұрады?

Көпті мазалаған бұл сауалдарды Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, «Милосердие» еріктілер қоғамы» қоғам­дық қорының негізін қалаушы Аружан Саинға да қойған едік.

«Өкінішке қарай, елімізде қамқоршы мекеменің, жетімдер үйлерінің әкімшілігі мен қызметкерлері, кейде тіпті соттардың да қатысуымен бала саудасы бойынша жан түршігерлік оқиғалар болып жатады. Ең сорақысы, бауыр еті баласынан бас тартып, жаңа туған нәрестесін саудалайтын анасымақтар да кездеседі», деген Аружан Саин жақында ғана басынан өткерген жайтпен бөлісті.

«Өткен аптада маған бала асырап алғы­сы келген отбасы мен Бала асырап алған ата-аналар қоғамдастығының жетекшісі келді. Ол отбасы Алматы облысындағы Балалар үйінің бірінен заң бойынша бала асырап алу үшін әрекеттенген екен. Бірақ Балалар үйінің қызметкерлері олардан ақша сұраған. Бұл заңға қайшы екені белгілі. Сондық­тан олар еліміздің заңнамасына сәйкес Алматы қалалық Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл қызметіне жүгінген. Соның нәтижесінде тергеу амалдары жүргізі­ліп, қамқоршы мекеменің қызметкері мен ортадағы делдал ұсталды. Сондай-ақ балаларды сату жолдары анықталды. Қазір басқа шенеуніктер мен Балалар үйі қызметкерлерінің осы іске қатысы бар-жоғы тергеу барысында анықталу үстінде. Кейін бұл іс сотқа жіберіледі. Көбіне осындай жағдайда асырап алушылар бопсалау және бала сату туралы тиісті органдарға хабарлаудан қорқады. Өйткені олар осы іс бойынша кейін өздерін де жауапқа тартады немесе мүлдем бала бермей қояды деп қауіптенеді», дейді Аружан Саин.

Бала сатуға және сатып алуға қатыс­­қандар, баланы заңсыз жолмен басқа біреуге бергендер қылмыстық жауап­кершілікке тартылатынын ерекше атап өткен қоғам қайраткері: «Баланы сатқан немесе берген адамдар ғана емес, сатып алған және қабылдағандар да жауапты болады», деп Қылмыстық кодексте көзделген жазаны айтып өтті.

Қоғамда неліктен осындай қылмыс­тарға жол беріледі? Осы сұраққа кеңінен тоқталған Бала құқықтары жөнін­дегі уәкіл бұл мәселенің Балалар үй­лерінде, қамқоршы мекемелерде жұмыс істейтін кейбір адамдардың адамгершілігіне де қатысты екенін жасырмады.

«Өйткені олар балалардың қасында жүреді және қолдарында сол мекемеге келген тәрбиеленушілер туралы барлық ақпарат бар. Негізі, ондай ақпараттар – асырап алушыларға, қамқоршыларға немесе патронаттарға берілуге міндетті мәліметтер. Сондай-ақ еліміздегі перзентханалардың өзінде бала сату оқиғалары анықталғаны белгілі. Олар жөнінде бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазғанын да білеміз. Нәтижесінде, қылмыстық іс қозғалып, соттың шешімі де шықты. Қазіргі таңда қылмысқа қатысы барлар темір тордың ар жағында жазаларын өтеп жатыр», деді ол.

«Осындай қылмысқа баратындар, негізінен, асырап алушылардың көптігін және олардың тезірек балалы болғысы келетіндігін пайдаланады. Қазір жыл са­йын бала асырап алуға, қамқоршы және патронат болуға ниетті отбасылардың саны артып отыр. Олар құжат тапсыруға келген кезде бала жоқтығын, рәсімдердің күрделілігін, кезектің көптігін айтып, «күту керек» деп шығарып салады. Осылайша, алдарына келген отбасының бала асырап алу үшін бәріне де да­йын екенін анықтап, мәселені шешудің басқа жолын ұсынады. Сол жерде делдалдар да пайда бола кетеді. Ең өкініштісі, кейбір азаматтарымыз мұндай қадамның қылмыс екенін біле тұра, соған көнеді», деген қоғам қайраткері бүгінде елімізде бала асырап алу үшін кезекке тұрғандардың саны 8 мыңнан асып жығылатынын да айтып қалды.

 

Біреуге – қайғы, біреуге – пайда

«Өз бақытыңызды біреудің қайғысы­нан құра алмайсың», деген қоғам қайрат­кері бала саудасына тоқтау болмаған елде заң ғана емес, ең бірінші сәбилердің құқықтары аяққа таптала беретінін жеткізді. «Қылмыстың бұл сорақы түрі балаларымыздың қауіпсіздігіне қатер төндіріп тұр. Өйткені болашағы бұлыңғыр, алдағы мақсаты белгісіз күмәнді адам­дарға бірде-бір баланың тағдырын сеніп тапсыруға болмайды. Олардың ойында не тұрғанын ешкім білмейді. Мүмкін, сәбиді адам ағзасын сату үшін, құлдыққа салу үшін, педофилдікке пайдалану үшін асырап алып жатқан болар. Біз сол себепті де БҰҰ-ның балалар сауда­сының жолын кесу бағдарламалары аясында үнемі осы мәселелерді жіті назарда ұстап, талқылап отырамыз», деген Аружан Саин, өкінішке қарай, елімізде қызметтік лауазымын пайдакүнемдік мақсатта қолданып, адамдардың қайғы-қасіретінен байып қалғысы келетін арам ниеттілердің бар екенін ашық мәлімдеді.

Қоғам қайраткері мемлекеттік орган­дардың, үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық қоғам белсенділігінің арқасында соңғы 15 жылда елімізде ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың саны 5 есеге азайғанын да айтты. Оның айтуынша, 2006 жылы 19800 бала мемлекеттің қамқорлығында болса, бұл сан 2020 жылы 3700-ге дейін азайған.

«Қазіргі таңда Қазақстанда ерлі-зайыптылардың 15 пайызы бала сүю бақытынан айырылған болса, сәби сүйе алмағандықтан 20 пайыз отбасының некесі бұзылады», деп, уәкіл тағы бір үлкен мәселенің шетін шығарды.

«Әр баланың болашағына алаңдайтын ел екеніміз рас болса, ең алдымен заңды толығымен сақтай білуіміз қажет», деген Бала құқықтары жөніндегі уәкіл ол үшін бірінші кезекте ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды есепке алудың толық әрі ашық жүйесін құру керектігін алға тартты. «Бұл деректер жүйесінде ақпарат­тың барлығы қолжетімді болғаны дұрыс. Ең бастысы, біреуден жасырып-жабатындай құпиялық қажет емес. Әсіресе деректер жүйесі бала асырап алғысы келетін азаматтар, мемлекет, барлық жауапты және бақылаушы органдар үшін толығымен әділ әрі ашық және жариялы болғаны жөн. Біз біраз жылдан бері дәл осындай мемлекеттік деректер банкін құрудың түрлі жолдарын қарастырып көрдік. Алайда, өкінішке қарай, бала асырап алудың өзін «бизнеске» айналдырып үлгерген қаскөйлер осы деректерді қолдану арқылы да пайда табудың көзін тауып алуы әбден мүмкін. Сол себепті алдағы уақытта Бала құқықтарын қорғау комитетімен бірлесіп, жаңа деректер банкін құру бойынша жұмысты бастаймыз деп үміттенеміз», деген Аружан Саин сөзінің соңын заңнан аттамай-ақ бала асырап алуды мақсат тұтқан ата-аналарға қарата аяқтады. «Бала асырап алушы ата-аналарға айтар өтінішім бар. Егер сізден бала асырап алу, қамқоршы болу, патронаттық үшін ақша талап етсе, бұл жайында жергілікті органдарға ақпарат беруге сенімсіздік танытсаңыз, маған Бала құқықтары жөніндегі уәкіл ретінде кез келген уақытта хабарласа аласыз: info@detdom.kz, 8-727-250-12-83. Біз сізбен міндетті түрде хабарласамыз, жағдайды бақылауға алып, қолдан келгенше көмектесеміз», деді ол.

Қырық апта құрсағында көтеріп, жүрек тұсында тоғыз ай бойы сезініп келген сәбиін ана қалай саудаға салады? Бұл сұраққа жауап іздегенде тағы сол «тұрмыстың төмендігін», «күнкөрістің қиындығын» алға тартып ақталатындар әлі де табылады. Ал бірақ ең сорақысы – бала сатып баюды кәнігі кәсіпке айналдырып алған қаскөйлердің қылығы болып тұр. Жаза қатаңдатылғанымен, заңнан аяқ тартып жатқандары аса байқалмайды. Аяқ тартса, сәби сатқандардың саны азаяр еді.

Түйін: Бала сату – қазаққа ғана емес, барша адамзатқа жат қылық. Өмірге келмей жатып өгейлік пен мейірімсіздіктің құрбаны болған бала жетімдер үйінде жетілер. Алайда перзентін сатып байы­мақ болған ананың, аналық бақытты сатып алмақ болған жанның ар алдындағы жазасы қандай болмақ?