• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 23 Сәуір, 2021

Ахуал алаңдатып тұр

259 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысында коронавирусқа қатысты ахуал әлі алаңдатарлық күйде. Өңірдің ең қауіпті «қызыл аймақтан» шықпағанына айдан асты.

Сәуірдің басынан бері ғана облыста 2 361 адам қауіпті вирус жұқ­тырып тіркелген. Соңғы бір ап­та­ның өзінде ауырғандар саны 1 мың­нан асыпты. Қауіптілігі жө­ні­нен ал­дыңғы қатарда – Орал қаласы, Бәйтерек және Бөрлі аудан­да­ры қалып отыр. Эпидемиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес Ақжайық, Теректі, Қазталов, Шыңғырлау аудандары да «қызыл аймақта» болса, Тасқала ауданы – «сары», Бөкей ордасы, Жаңақала Жәнібек, Сырым және Қаратөбе аудан­дары «жасыл аймақта». Облыс бо­йынша індет жұқтырғандар саны соң­ғы тәулікте 237-ге жетіп, төрт мек­теп карантинге жабылған.

Арнайы дайындалған 11 инфек­ция­лық стационарда кереуеттер 62 пайызға толған.

– Жыл басынан бері Батыс Қа­зақ­стан облысында 96 адам ко­ро­на­вирустан қаза тапты. Марқұм­дар­дың 28-і – қаңтарда, 15-і – ақпан айын­да өмірден өтсе, наурызда ін­дет­тен қайтыс болғандар саны 30-ға жетті. Ал сәуір айының 21-іне дейін ғана 23 адам қайтты, – дей­ді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Қалибеков.

Коронавирус ең алдымен егде адамдарға қауіпті. Дегенмен, вирус жұқтырған мектеп оқушылары да аз емес. Өңірдің бас дәрігерінің айтуынша, 4-тоқсанның басынан бері 162 оқушы коронавирус жұқтырған. Қазір 4 мектеп карантинге жабылса 29 мектептегі 66 сынып, 6 ба­ла­­бақшада 8 топ және бір ЖОО-да 2 топта уақытша офлайн оқу тоқтатылды.

– Өңірде екі аптадан астам уа­қыт бойы індет жұқтырғандар саны тәулігіне 100 адамнан төмен түспей тұр. Бізде енді жұқпалы аурулар ауру­ханасында төсектік орындар жетіс­пей­ді. Осыған байланысты қосымша 200 орын дайындап жатырмыз. Вак­ци­наны тұрғындар алып жатыр. Вакцинаның тағы бір партиясы жа­қын арада келеді. Сондықтан екпе алғысы келетіндердің барлығына емхана арқылы кезекке тіркелу қажет. Өкінішке қарай, мониторингтік топтардың жұмысы КВИ-мен күресте үлкен нәтиже бермейді. Отбасылық, үйлену тойлары жалғасуда, ал қоғамдық көліктерде адамдардың дені маска тақпайды, әлеуметтік қашықтық та сақталмайды. Қала әкімі мен аудан әкімдеріне бұл жұмысты, әсіресе түрлі іс-шаралар өтетін күні күшейтуді тапсырамын. Орал қалалық №2 және №4 емха­на­лардың Call-орталықтары қоңырауларға жауап бермейтіні белгілі болды. Бұл процесс шұғыл түрде реттелуі керек. Барлық телефондар көрсетілген уақытта жауап беруі тиіс. Коронавирус аймақтың өміріне қатты әсер етті, экономикаға, бизнеске соққы берді. Егер осы аптада КВИ науқастарының төмен­деуі тіркелмесе, біз шараларды күшей­теміз. Мемлекеттік орган­дар­ға, жедел штаб мүшелеріне коронавирусқа қарсы күрес бойынша жаңа ұсыныстар мен әдістерді енгізу қажет, – деді коронавирусқа байланысты өткен арнайы штаб отырысында облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Аурудың бетін қайтару үшін карантин талаптарын толық сақ­тау­мен бірге, жаппай вакцина алу қажеттігін мамандар қайталаудан жалығар емес. Қазірдің өзінде облыста 23 790 адам вакцинаның бірінші екпесін алған. Халықты екпемен қамтамасыз ету үшін облыс орталығы мен аудандарда арнайы 30 кабинет ашылған.

– Өңірімізге 23 сәуір күні вакци­на­ның 9 800 дозасы келеді. Оның 4 900 дозасы – бірінші кезеңге, 4 900-ы – екінші мәрте егуге арналған. 25 сәуірде тағы 15 мың доза, 28-інде тағы 14 мың доза келеді, – дейді Арман Қалибеков.

 

Батыс Қазақстан облысы