«Жасыл аймақтағы» екі өңірдің бірі Түркістан облысында барлық мемлекеттік мекемелердің кеңселік қызметкерлері 50% қашықтан жұмыс істеуге ауысқан. Сондай-ақ бұған дейін рұқсат берілген жұма және тарауих намаздары уақытша тоқтатылып, еске алу, ауызашар сынды отбасылық іс-шараларға тыйым салынады.
Қоғамдық тамақтану орындарына жұмыс және демалыс күндері сағат 09.00-ден 22.00-ге дейін қызмет көрсетуге рұқсат берілді. Ғимараттың іші 50%-ға дейін ғана толтырылуы тиіс. «Жаңа қаулы бойынша облыстағы барлық спорттық іс-шара тоқтатылады. Бильярд, боулинг, компьютерлік клубтардың қызметіне, ойын-сауық орталықтарындағы балалардың ойын алаңшаларына, аттракциондардың жұмысына тыйым салынады. Ал театрларда бұған дейін көрермендердің толымдылығы 50%-ға дейін қызмет көрсетіп келсе, енді 20% толымдылықта қызмет көрсетеді», дейді облыстың бас санитар дәрігері Нұрбек Нышанов.
Алайда жаңа қаулы қабылданып, шектеулер енгізілгенімен түркістандықтардың той-жиыны тоқтар емес. Күні кеше Созақ аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері карантин режімін және шектеу шараларын сақтау мақсатында тұрақты түрде ұйымдастырылатын іс-шара кезінде 100-ге жуық адам жиналған бесік тойды тоқтатты. Ауданда жалпы жыл басынан бері карантин режімін бұзушылықтың 63 дәйегі тіркеліп, әкімшілік хаттамалар түзілген. Оның екеуі жеке кәсіпкер, бесеуі отбасылық мереке өткізгендер. Қалғаны салтанатты іс-шаралар ұйымдастырған. Бұл бір аудандағы ғана жағдай. Бұл орайда дәрігерлер індетті ауыздықтап, ағайын-туыспен бұрынғыдай жиі араласуға жақындататын жалғыз жол – екпе салу екенін айтуда.
Өңірде жасалған жаппай вакциналау алгоритміне сәйкес, қала және аудан тұрғындары вакцинаны жергілікті емханалардың егу кабинеттерінде арнайы тізім және алдын ала жазылу тәсілі бойынша салдырады. Екпе сондай-ақ жылжымалы пункттерде жүргізіледі. Тұрғындар алдын ала Egov электронды жүйесі арқылы тіркеліп, ерікті түрде вакцина жасата алады.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен аппарат отырысында қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов Түркістан қаласында 10 вакциналау пункттері ұйымдастырылғанын айтты. Вакцинаны сақтау және тасымалдау шарттары сақтала отырып, жалпы 80 егу пункттерінде екпе салынады. Олар 60 термоконтейнермен қамтамасыз етілген. Қосымша 50 данасы сатып алынады, 30 көшпелі егу бригадасы құрылған. Орталықтар арнайы даярланған мамандармен, 500-ден астам дәрігер мен орта буын медициналық қызметкерлерімен қамтамасыз етілді. Облысқа қарасты вакцина сақтайтын қоймада көлемі 300 литр болатын 2 мұздатқыш бар. Сонымен қатар облыстық бюджет есебінен көлемі 143 литр 20 дана және көлемі 601 литр 2 мұздатқыш сатып алынған. Одан бөлек вакциналау жүргізуге арналған 65 пункт тоңазытқышпен жабдықталған.
Пандемия басталғалы облыста 600 мыңнан астам адам ПТР тест тапсырған. Соңғы тәулікте ауруға шалдыққан 48 адам тіркелді. Өңірді 185 мың доза ресейлік Спутник V және 752 мың доза QazCovid-in отандық вакцинасымен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Ақпан айынан бастап ресейлік вакцинаның 43 400 дозасы жеткізілді. Бүгінге дейін 43 мыңнан астам адам вакцина қабылдады. Сәуір айының соңына дейін 72 мыңнан астам доза вакцина жеткізу жоспарланған. Облыс бойынша 610 инфекциялық және 300 карантиндік төсектік орын ұйымдастырылған. Бүгінгі таңда инфекциялық төсектік орындардың жүктемесі – 60,8%, ал карантиндік төсектік орындарының жүктемесі – 16%.
Түркістан облысы