• RUB:
    5.37
  • USD:
    477.04
  • EUR:
    520.78
Басты сайтқа өту
24 Сәуір, 2021

Жабал Ерғалиев: Қазақ жері - біртұтас ұлттың жері

567 рет
көрсетілді

Қазақ жері біртұтас ұлттың жері. Бұл туралы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, сенаторлар кеңесінің мүшесі Жабал Ерғалиев айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Оның айтуынша, Жер реформасы жөніндегі комиссияның жер иелігіне қатысты нормаларға белгіленген мораторий мерзімін 5 жылға ұзартуы туралы шешімі көңілге сенім ұялатар жайт. «Қазақ үшін тоқымдай жер қымбат» деген Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бір ауыз сөзі көкейден шыққаны да анық.

«Әлқисса, кең байтақ қазақ жеріне кім көрінгеннің көз құрты түсе бастағаны күні бүгін дейсіз бе?! Сонау жаугершілік замандарда ата-бабаларымыз аттан түспей, қалмағы мен жоңғары бар не бір жаулармен осы жер үшін алысып өтті емес пе? Одан кейін орыс патшасының отарлау саясаты да қазаққа аз қасірет әкелмегені анық. «Еділді келіп алғаның етекке қолды салғаны, Жайықты келіп алғаны, жағаға қолды салғаны, Ойылды келіп алғаны, ойындағысы болғаны» деп Мұрат Мөңкеұлының жүрегі қарс айырыла айтқанын да қазақ баласы ұмыта алар ма? Комиссия мүшелері жер иелігіне қатысты нормаларға жыл соңына дейін белгіленген мораторий мерзімін 5 жылға ұзартуды қолдап дауыс беруін орынды деп ойлаймын», деді Жабал Ерғалиев.

«Меншікке байланысты «болады не болмайды» деп шешім қабылдамай, оны болашаққа қалдыру керек деп ойлаймын», деген ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың осы пікірі де жөн. Біз ендігі арада осы мораторий жарияланған 5 жылдың ішінде жеріміздің есебін түгендеп, тиянақтап, «анада мынша жер бар екен» дегенді жай ғана айтпай, кімде қанша жер бар екенін ашық жариялап отырсақ та болар еді.

Осы ретте, ол әрқайсымыз жерге ие болудың осы заманғы әдісі мен тәсілін жете меңгеріп, жермен еңбек ету мәселесіне ерекше ден қоюмыз қажет екенін айтуда.

«Жерде еңбек етсек қана ол жердің иесі бола аламыз. Сонымен бірге мемлекет те ендігі арада халықтың жерді игеру мәселесіне де қатысты өз шешімдерін анық та айқын айтуға тиісті. Қазақ жері - біртұтас ұлттың жері. Егер де дәл бүгінгідей ауылдарымыз қаңырап бос қалып жатса, жайлауымыз малсыз қалса, халқымыз өспей жатса, көбіміз шет елде тұруға ұмтылып отырсақ, әрине қазақ жері кім көрінгеннің көз құрты болып қала берері бар. Баяғы Биағаңның, Бейімбет Майлиннің «Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз» деген ұранын қайта көтеретін кез келген сияқты. Сонымен бірге елдің бірлігі мен тыныштығын сақтау, Тәуелсіздікті ең қасиетті жетістігіміз деп білгеніміз де абзал. Жер тұтастығы-Тәуелсіздіктің берік тұғыры!», толықтырды Жабал Ерғалиев.