• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Футбол 25 Сәуір, 2021

«Астана» көш бастады

195 рет
көрсетілді

Футболдан Қазақстан чемпионатының жетінші тур ойындары аяқталды.

Екі күнге жалғасқан кезекті тур бәсекелері әдеттегідей тартысты өтті. Чемпиондық атақ үшін таласып жатқан «Астана» елордада «Шахтерді» жеңіп, турнир кестесінде көш бастаса, «Қайрат» сырт алаңда «Атыраудан» жеңіліп, үздіктер қатарынан шығып қалды.

Жетінші турға жоспарланған жеті матчқа жеке-жеке тоқталар болсақ, турдың сенсация­сы Атырауда тіркелді. Биыл ғана Бірінші лигадан жоғары топқа оралған «Атырау» өз алаңында былтырғы ел чемпиондары – Алматының «Қайратын» қабылдап, 1:0 есебімен жеңіп кетті. Жергілікті «Мұнайшы» стадионында өткен кездесуде «Атырау» ойыншылары қарсыластарына қарағанда айтарлықтай басымдыққа ие болды деп айта алмаймыз. Тек екінші таймның алғашқы минуттарындағы «Қайраттың» қорғаныстағы қателігін тиімді пайдаланды. Матчтағы жалғыз әрі жеңісті голды «Атыраудың» жартылай қорғаушысы Жаслан Қайыркенов соқты. Чемпионаттағы төрт жеңіліс, екі тең ойыннан кейінгі алғашқы жеңісіне қол жеткізген Арам Восканянның шәкірттері турнир кестесіндегі жағдайын біршама жақсартып алды. «Атырау» ойыншылары кейінгі турларда тәуір өнер көрсетіп келеді. Алдымен өз жерінде «Жетісумен» тең түссе (2:2), кейін сырт алаңда «Қайсармен» (1:1) ұпай бөлісті. Ал жетінші турда сенсация жасап, «Қайратты» Алматыға ұпайсыз қайтарды.

«Атырау» – «Қайрат» арасындағы матчтың сценарийіне ұқсас ойын Ақтауда «Каспий» мен «Тараз» клубтары арасында өтті. Алты турдан бері бірде-бір ойында жеңілмей, турнир кестесінде «Астанамен» бірге топ бастап келген «Тараздың» жеңісті сериясына мұнайлы өлкеде нүкте қойылды. Ойын тағдырын 30-минутта «Тараз» қақпасына белгіленген 11 метрлік айып добы шешіп кетті. Бұл мүмкіндікті мүлт жібермеген «Каспийдің» жартылай қорғаушысы Уаджди Сали командасына үш ұпай сыйлады.

Әзірше өз алаңындағы ойындарды елордадағы «Астана Аренада» өткі­зуге мәжбүр болған Қарағандының «Шахтері» бұл турда стадионның негізгі қожайындары – «Астананы» қабылдады. Чемпионаттың алғашқы төрт турынан кейін бапкер ауыстырып, ойын мәнерін өзгерткен «кеншілер» командасына бұл өзгеріс оң әсерін тигізіп жатыр. Ресейлік маман Магомед Адиев клуб тізгінін ұстаған алғашқы ойында «Шахтер» сырт алаңда «Ақтөбені» 3:0 есебімен жеңсе, кешегі турда 1:0 есебімен «Астанадан» жеңілді. Ойындағы жалғыз голды «Астананың» жартылай қорғаушысы Валерий Чуперка соқты. «Шахтер» футболшылары есепті теңестіруге тырысқанымен, қатарынан екінші ойында жеңіске жету бақыты бұйырмаған екен. Молдовалық ойыншы чемпионаттағы алғашқы голын соғып қана қоймай, «Астанаға» турнир кестесінде жеке-дара көш бастайтын мүмкіндік сыйлады.

Биылғы Суперкубокты жеңіп, маусымды тамаша бастаған Қостанайдың «Тобылы» турнир дебютанты – «Тұ­ранмен» кездесті. «Тобыл Аренада» өт­кен ойында алаң қожайындары Түр­кіс­тан клубының қақпасына жауапсыз бес гол соғып, ірі есеппен жеңіске жетті. Бірінші таймда Неманья Николич пен Азат Нұрғалиев мергендігімен көзге түссе, екінші таймда Николич дубльдің авторы атанды. Сонымен қатар Дмитрий Мирошниченко мен қосалқы құрамнан шық­қан Жасұлан Жұмашев бір-бір гол соғып, ойынның нүктесін қойды.

Алтыншы турда Талдықорғанға қо­наққа барып, «Жетісу» қақпасына төрт гол соққан шымкенттік клуб әлі де қаһа­рынан қайтпағанға ұқсайды. Бұл жолы өз алаңында «Қайсар» клубын қабылдаған «Ордабасы» қарсыластар қақпасын төрт мәрте дәл көздеді. Кездесудің есебін алаң қожайындары ашқанымен, алғашқы таймның соңына дейін «қасқырлар» екі гол соғып таразы басын өздеріне аударды. Дегенмен екінші таймда «Ордабасы» футболшылары ойын тізгінін қолдарына алып, «Қайсар» қақпасына үш гол соқты. Екі таймда бір-бір гол соққан бразилиялық шабуылшы Жоао Пауло дубльдің авторы атанса, қорғаушы Тимур Досмағанбетов пен португалиялық шабуылшы Рубен Бриджиду да қарсыластарының қақпасын бір мәртеден дәл көздеді. Айтпақшы, 2019 жылдан бері «Ордабасыда» ойнап келе жатқан Жоао Пауло кешегі матчтан кейін клуб тарихындағы үздік сұрмерген атанды – 33 гол.

Бір жылдық үзілістен соң Премьер-лигаға қайта оралған «Ақтөбе» екі турдан бері жеңіске жете алмай келеді. Алтыншы турда өз алаңында «Шахтерден» 3:0 есебі­мен оңбай жеңілген Алексей Бага шәкірттері бұл турда Оралдың «Ақ­жайық» клубына 1:0 есебімен жол берді. «Ақтөбе» ойынның сөзсіз фавориті бола тұра, үш ұпайын олжалай алмады. Ал Петропавлдың «Қызылжар» командасы Талдықорғанның «Жетісуын» қабылдап, 3:0 нәтижесімен айқын жеңіске жетті.

Жетінші турдан кейін сұрмергендер көшін «Ордабасы» клубының шабуылшысы Жоао Пауло бастады. Оның еншісінде 6 гол бар. Ал 4 голдан соққан Абзал Бейсебеков, Абат Айымбетов, Марин Томасов («Астана»), Канте («Қайрат»), Каролис Лаукжемис («Қайсар») және Педру Эужениу («Тараз») екінші орынды бөлісіп тұр.