Қарағанды облысында балық және ауыл шаруашылығы жануарларына арналған азықтарды өндіру және қайта өңдеу бойынша құрама жем зауытын салу бойынша инвестициялық жоба іске асырылады. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев VIRGIN SOIL KZ ЖШС-нің құрылтайшысы Андрей Найманмен кездесу өткізді.
Зауыттың қуаттылығы күніне 1 мың тоннаны құрайды. Инвестициялардың жалпы сомасы – 30 млрд теңге. Бұл жобаны «Сарыарқа» АЭА аумағында іске асыру жоспарланып отыр. Құрылыс және пайдалану кезеңінде 500 жаңа жұмыс орны құрылады. Жобаны іске асырудың жоспарланған мерзімі – 2021-2022 жылдар.
Министрдің айтуынша, құрама жемнің сапасы мен тиімділігіне назар аудару қажет. «Балықтың өзіндік құны құрылымында жемге жұмсалатын шығындар жалпы шығыстардың 70%-ын құрайды. Сондықтан құрама жемнің сапасы мен тиімділігі – балықты өндірістік өсіру рентабельділігінің шешуші факторы. Осыған байланысты жоғары сапалы жемнің (қоректенетін азығының) отандық өндірісін жолға қою қажет. Бұл өз кезегінде импортқа тәуелділікті азайтуға, бизнеске қаржылық жүктемені азайтуға мүмкіндік береді», деді М.Мырзағалиев
Андрей Найман кездесу барысында жобаның жүзеге асырылу барысымен бөлісті. «Біз «Сарыарқа» АЭА басқарушы компаниясымен меморандумға қол қойдық, 25 гектар жер телімі белгіленді. Жалпы, өндіріс гидропониялық агрономия саласындағы израильдік және халықаралық ғалымдардың тәжірибесіне негізделетін болады. Өндірілетін жем 100% «жасыл» жем болады», дейді инвестор. Еске сала кетейік, министрлік балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын әзірледі, оның негізгі бағыттарының бірі – жем-шөп өндірісін жолға қою.