Ирак астанасы Бағдатта COVID-19 вирусын жұқтырған науқастарды емдеу үшін салынған ауруханада өрт шықты. Тілсіз жау ондаған адамның өмірін қиды.
Ибн Хатиб ауруханасындағы өрт оттегі баллондарының жарылуынан туындады дейді. Пандемия кезінде вирус жұқтырғандарды емдеумен айналысқан медициналық орталықтағы апат кезінде кемінде 27 адам қайтыс болып, 46 кісі жараланған деген ақпарат бар.
Орталық қызметкерлері жалынның тез тарап кеткенін, оны тоқтату мүмкін болмағанын жеткізді. Оның үстіне ғимаратта өрт сөндіру құрылғылары қарастырылмаған.
Ирактың Азаматтарды қорғау агенттігінің басшысы Кадим Бохам ауруханадағы 120 науқастың 90-ы құтқарылғанын мәлімдеді. Генерал-майордың айтуынша, өрт толықтай сөндірілген.
Елдің онсыз да ондаған жыл бойы түрлі санкция, соғыс пен сәтсіз келіссөздерден жапа шегіп, кенжелеп қалған медицина саласы тағы бірнеше жылға артқа ысырылғандай соққы алды. Оған қоса коронавирус пандемиясы да Ирактың медицинасы қаншалықты ақсап тұрғанын көрсетіп үлгерген еді.
Жалпы, Иракта вирусқа қатысты жағдай оңалмады. Өткен аптада COVID-19 жұқтырғандар саны 102 528 болса, одан көз жұмғандар 15 217-ге таяды.
Ауруханаларда оттегі баллондары жетіспейді. Өздігінен дем алуы қиын науқастардың төсектеріне цилиндрлер әкелінген. Алайда ол цилиндрлер ұзаққа бармайды. Медицина қызметкерлері мен науқастың туыстарына оны үнемі ауыстырып отыру керек екен. Азаматтарды қорғау агенттігі өртте қазақ тапқандар осы цилиндрсіз дем ала алмайтындар екенін жеткізді. Олардың айтуынша, құрылғы алып жүру үшін де ауыр болып шыққан.