Дәл қазір мамандар Қызылорда қаласындағы эпидахуалды тұрақсыз деп бағалап отыр. Бес күн бұрын облыс орталығы «қызыл аймақта» тұрған өңірлер қатарына енді. Соңғы аптада күніне 36-дан 44-ке дейін жағдай тіркелуде. Осылайша, сырқаттанушылық көрсеткіші алдыңғы аптадан 63,4 пайызға ұлғайды.
Пандемия басталғалы бері қала бойынша ауырғандар саны – 3 170 адам, осының 1 102-сі – жыл басынан бері анықталғандар. Қалада тәулігіне орта есеппен 250-300 сынама жүргізіледі. Сынама қорытындысына жасалған зерттеу сәуір айында COVID-19 індетімен сырқаттанушылық көрсеткіші қаңтардан – 3,8, ақпан айындағы көрсеткіштен – 3,7, ал наурыз айындағы деңгейден 4,9 есе асқанын көрсетті. Жалпы, ауырғандар арасында ересектер көп – 81 пайыз. Балалар үлесі – 19, ал жасөспірімдер 1,9% болып тұр.
– Вирус жұқтырғандар көбеюінің негізгі себебі тұрғындардың карантиндік шараларды сақтамауы. Қаладағы 12 егу кабинетінде вакциналау жалғасуда. Сондай-ақ жылжымалы егу пункттері де жұмыс істеп тұр. Алда ірі сауда-ойын орталықтары мен сауда үйлерінде екпе орындарын ашу жоспарда тұр. Қазір бұл бағытта дайындық жұмыстары жүргізілуде. Ондағы санитарлық-эпидемиялық талаптар да медициналық ұйымдағыдай қатаң сақталатын болады. Қала бойынша 1 ақпаннан бастап 15 174 адам егудің бірінші компонентімен, 5 002 тұрғын екінші компонентпен қамтылып отыр, – деді Қызылорда қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ерлан Ұзақбаев. – Жыл басынан бері шектеу талаптарының сақталуына жасалған тексеру барысында 62 айыппұл салынды. 52 нысан жоспардан тыс тексеріліп, ұйғарым берілді.
Дәл қазір 12 шұғыл хабарлама бойынша тиісті тексеру тағайындалды. Жалпы, жыл басынан бері карантиндік режім талаптарын бұзғандарға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 425-бабының 1-бөлігімен 5 332 260 теңге айыппұл салынып отыр.
ҚЫЗЫЛОРДА