Еліміздегі ірі жастар ұйымының бірі Jas Otan жақында Biz Birgemiz жобасының ірі волонтерлер қозғалысына айналғанын сүйіншіледі.
Жаңа құрылым алғашқы қадамын елорда мен өзге өңірлерде медицина қызметкерлерінің еңбегін бағалап, алғыс ретінде азық-түлік салынған себеттер таратумен бастады. Онда кез келген тағам емес, дәрігерлердің кеңесімен таңдалған пайдалы, витаминге бай жемістер бар.
Jas Otan жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев бұл қозғалыс еліміздің барлық белсенді және жанашыр жастарын біріктіретініне сенімді.
– Бүгін біз Jas Otan жанында құрылып жатқан Biz Birgemiz! волонтерлер қозғалысының іске қосылғанын мәлімдейміз. Nur Otan партиясының Көшбасшысы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев волонтерлік қызметпен айналысатын жастарды қолдауды тапсырған еді. Мәселен, стипендияны ұлғайту немесе еріктілікті еңбек өтілінде есепке алу секілді шешімдерді атап өтуге болады. Бұл қозғалыс осы жұмысты жүйелеуге және бақылауға мүмкіндік береді,– дейді ұйым жетекшісі.
Сонымен қатар пандемия кезінде қайырымды жандардың игі істері волонтерлік қызметтің қаншалықты маңызды екенін көрсеткендей. Jas Otan төрағасы ұйымның 2025 жылға дейінгі «Жастар – Отанға!» бағдарламасында волонтерлік қызметке ерекше көңіл бөлінгенін атап өтті. Құжатта көрсетілген міндеттерге сәйкес, 2025 жылға дейін волонтерлікпен тұрақты түрде айналысатын жастардың 3,5 пайызын қамту жоспарланған екен. Бұл – бүкіл ел бойынша шамамен 100 мың адам.
Biz Birgemiz! қозғалысының атауы Елбасының бастамасымен бастау алған өткен жылғы республикалық акцияның жалғасы екенін айта кеткен жөн. Өткен жылы бұл акцияға бүкіл ел бойынша 5 мыңнан астам волонтер тартылған. Нұржан Жетпісбаевтың айтуынша, осы еріктілермен жүйелі жұмысты одан әрі жалғастыру жоспарда бар.
Алғашқы іс-шара кезінде жасотандықтар мен Biz Birgemiz! волонтерлері Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің көпсалалы медициналық орталығына барып, дәрігерлердің ерен еңбегі үшін «алғыс себеттерін» ұсынды. Волонтер Ақерке Ескендірова пандемиямен алғы шепте күрескен медицина қызметкерлеріне қолдау артық етпейтінін алға тартты.
– Біз бұл әрекетімізбен қызметіне адал дәрігерлерге шексіз алғысымызды білдіргіміз келді. Себебі олардың күрделі жағдайда әлемді жаулаған індетпен күресіп жатқандарына бір жылдан асты. Бұл кімді болсын қажытатыны түсінікті. Алайда сертіне берік абзал жандардың науқастарды талмай емдеп жатқанын көріп отырмыз, – дейді волонтер.
Алдағы күндері еліміздің барлық өңірінде 500-ден астам ерікті өз отбасыларынан оқшаулануға мәжбүр болған 1700 медицина қызметкеріне «алғыс себеттерін» сыйға тартады.
Айта кету керек, өткен жылы медицина қызметкерлерін қолдауға бағытталған «Дәрігерлерге мың алғыс» республикалық акциясына 600-ден астам жасотандық белсенді қатысып, 6 500-ден астам азық-түлік себеті үлестірілген еді. Оның ішінде 1,5 тоннадан астам қымыз, 150 литр шұбат және 11,5 тоннадан астам су болды. Жалпы, былтыр 7 мыңға жуық медицина қызметкері мен 100-ден астам аурухана қамтылған-ды.