• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 27 Сәуір, 2021

Қазақстан балалар дәрігерлерінің ІХ съезі өтті

431 рет
көрсетілді

Алматыда 21-23 сәуір аралығында «Педиатрия және балалар хирургиясының жетістіктері мен келешегі» атты Қазақстан балалар дәрігерлерінің ІХ съезі онлайн-режимде өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Төрт жылда бір рет өткізілетін шарада биыл 9 мыңнан аса дәрігер бас қосты. Денсаулық сақтау министрлігі, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы мен Қазақстан Педиатрлар Одағының ұйымдастыруымен үш күнге жалғасқан съезд жұмысына АҚШ, Чехия, Ұлыбритания, Ресей, Украина, Беларусь, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа да алыс-жақын шетелдердің мамандары, педиатрия және балалар хирургиясы саласының жетекші ғалымдары мен сарапшылары, сондай-ақ отандық ғалымдар мен педиатр дәрігерлер қатысты.

– Ана мен бала денсаулығын қорғау мемлекет пен Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінің басым міндеттерінің бірі болып табылады. Елдің болашағы – жас ұрпақтың денсаулығына байланысты. Елімізде жылдан-жылға балалар өлім-жітім көрсеткіші азайып келеді. Мәселен, соңғы 5 жылда балалар өлімінің көрсеткіші 1,4 есеге, ал нәрестелер өлімінің көрсеткіші 1,2 есеге төмендеді. Бала жасындағы ауруларды ерте анықтау және уақтылы түзету мен емдеуді жүргізу мақсатында скринингтік бағдарламаларды жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Зат алмасудың тұқым қуалайтын ауруларын, ерте араласу, өмір сүру сапасын жақсарту және әлеуметтік мәні бар аурулардың жүктемесін азайту мақсатында сенсорлық бұзылуларды диагностикалаудың жаңа әдістері енгізілуде. Онкологиялық аурулары бар балаларға толық мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Балаларды оңалту өз дамуын алды. Балалардың аурушаңдығын, мүгедектігі мен өлім-жітімін төмендетуге қол жеткізуде қазақстандық балалар дәрігерлерінің қосқан үлесі зор, – деді съездің ашылу рәсімінде Денсаулық сақтау министрі А.Цой.

«Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы» АҚ Басқарма төрайымы, ҚР ДСМ штаттан тыс бас педиатры Риза Боранбаева алғы сөзінде Қазақстан Республикасындағы педиатриялық қызметтің бүгінгі жағдайын баяндады. Оның айтуынша, жыл сайын елімізде 390 000-нан астам бала дүниеге келеді, ҚР-дағы балалардың жалпы саны 6 289,8 мың баланы құрады.

– Елімізде болып жатқан бала дәрігерлерінің IX съезіне қатысып отырғандарыңызға қуаныштымыз. Бұл форум Қазақстан үшін әрбір 4 жылда бір рет өткізелетін дәстүрлі үрдіске айналды. Бүкіл жер бетін жайлаған COVID-19 пандемиясы біздің өмірімізге айтарлықтай әсер етті. Кейбір көзқарастар мен басымдықтар өзгерді, халықтың денсаулығы, оның ішінде балалардың денсаулығын қорғау мәселесі өзекті және құнды бола бастады. Өйткені балалар қоғамның ең осал, әлсіз бөлігі болып саналады.

Біздің елдің педиатрлары да COVID-19-қа қарсы күресте ерекше белсенділік көрсетті. Пандемия жалғасуда, бірақ балалардың басқа ауруларын диагностикалау және емдеу мәселелері кезек күттірмейді. Бүгінгі күні әртүрлі созылмалы немесе тұқым қуалайтын ауруы бар балаларға медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету бұрынғыдан да бетер маңызды болып отыр. Денсаулық сақтау саласында жаңа диагностикалық және терапиялық технологияларды енгізуді де одан әрі жалғастыру қажет.

Съезд балаларға медициналық көмек көрсету жүйесін жетілдіруге, әлемдік ғылым мен практиканың жаһандық жетістіктері мәселелерін шешуге лайықты үлес қосатынына және педиатриялық көмекті одан әрі дамытуға және жетілдіруге жаңа қуатты серпін беретініне сенімдіміз, – деді Педиатрия орталығының басшысы Р.Боранбаева.

Үш күн бойы өткен съезд алаңында балалар жасындағы ауруларды диагностикалау мен емдеудің ең өзекті мәселелері, атап айтқанда, балалардағы кеселдерді емдеу мен диагностикалаудың заманауи әдістері, педиатрия, неонатология, балалар хирургиясы, балалардағы сирек кездесетін ауруларды диагностикалау мен емдеудің жаңа стандарттары, әртүрлі соматикалық және хирургиялық патологиясы бар балаларды оңалту және медициналық-әлеуметтік бейімдеу, балалар жасындағы қарқынды терапия мен анестезиология, педиатриядағы ақпараттық технологияларды дамыту мәселелері және т.б. осы сынды нәрестелер мен бүлдіршіндерді емдеу мен педиатрия саласына қатысты өзекті мәселелер талқыланып, ғылыми жобалар ұсынылды. Барлығы 14 ғылыми сессия барысында 100-ден астам баяндама жасалды. Сонымен қатар, съезд барысында педиатрия тәжірибесінде сирек кездесетін әр түрлі клиникалық жағдайлар көптің талқысына салынды.

Съезд соңында арнайы Қарар шығарылып, педиатрия саласының негізгі мәселелері нақтыланып, даму болашағы айқындалды.

Съезд аясында 23 сәуірде докторанттар, магистранттар және резиденттерге арналған «Жас зерттеуші: заманауи педиатрия мен балалар хирургиясының сын-тегеуріндері мен даму келешегі» атты жас ғалымдар форумы өтті.

Жас ғалымдардың ғылыми әлеуетін арттыру, педиатрия және балалар хирургиясы саласындағы өзекті мәселелерді көтеру арқылы жас мамандарды ғылыммен айналысуға шақыру, денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру, жас дәрігерлердің рөлін арттыру мақсатында өткен форумда өз еліміздің, ТМД және шет елдердің ғылыми-зерттеу институттары мен ғылыми орталықтарында және жоғарғы оқу орындарының резидентурасында, магистратура мен PhD-докторантурасында оқитын жас ғалымдардың ғылыми мақалалары, жарияланымдары мен ауызша және постерлік баяндамалары ұсынылды.

Ғылыми-зерттеу жобаларды педиатрия және хирургия саласының білікті мамандарынан құралған қазылар алқасы бағалап, саралады.

Конференция соңында ұсынылған жұмыстар «Үздік баяндама», «Үздік тезис», «Үздік постерлік баяндама» аталымдары бойынша анықталып, арнайы дипломдармен марапатталды.

Биылғы Жас ғалымдар форумының жеңімпаздары:

«Үздік баяндама» — Алена Гончарова, ҚазОжРҒЗИ дәрігері. «Үздік тезис» — Дария Бекбатырова, балалар онкология/гематологиясы мамандығы бойынша Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың резиденті. «Үздік постерлік баяндама» — Пулатова Висола, Нұржамал Кеңес, Клара Жолдасбекова, педиатрия мамандығы бойынша Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының резиденттері (2 жыл).

Айта кетейік, үздік баяндамалар мен ғылыми мақалалар Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына қарасты «Педиатрия және бала хирургиясы» ғылыми журналында жарияланды.  Журнал ғылыми қызметтердің нәтижелерін жариялау үшін ҚР ҒБМ-нің Ғылым және білім саласын қадағалау комитетімен ұсынылған, сондай-ақ Ресейлік ғылыми дәйексөз алу индексі (РИНЦ) мәліметтер базасына кіреді.