Тобыл қаласында сатирик, этнограф-ғалым Сейіт Кенжеахметов атындағы «Мірдің оғы» республикалық әзіл-сықақ театрлары фестивалі басталды. Ауқымды шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып отыр. Үш күнге созылатын өнер мерекесіне сатира сардарының ұрпақтары мен белгілі сатирик Көпен Әмірбек арнайы келді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Әзіл-сықақ мерекесінің алғашқы кезеңі басталмас бұрын ұйымдастырушылар өңірлік коммуникациялар қызметінде арнайы баспасөз мәжілісін өткізді.
- Сейіт ағамыздың бізге қалдырған мұрасы өте көп. Өнер фестивалін қаламгердің сатира жанрында қалдырып кеткен мұраларын дәріптеу мақсатында ұйымдастырып отырмыз. Бүгінгі фестивльге еліміздің әр өңірінен өнерпаздар келіп жатыр. Олар қоғамдағы келеңсіз жағдайларды күлкі арқылы көрсетіп, астарлы ойларын білдірмек, – деді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов.
Баспасөз жиынында Көпен Әмірбек пен Сейіт Кенжеахметовтың қызы Зәмзәгүл Кенжеахметова обылстық мәдениет басқармасына ризашылық білдіріп, алдағы уақытта өнер фестивалі Нұр-Сұлтан қаласында өтсе құба-құп деген тілек айтты.
«Мірдің оғы» алғаш рет 2019 жылы Арқалық қаласында тұсауын кескен. Бүгінде ауқымы кеңейіп, фестивальға қатысушылардың саны да артып отыр. Тобыл төрінде жалауын көтерген сатира фестиваліне Ақтөбе, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Маңғыстау, Қостанай облыстарының әзіл сықақ театрлары қатысады.