Қазақстандық футбол күніне орай Велотрек стадионының футбол алаңында шағын футболдан әуесқойлар арасында турнир өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жарысқа физикалық дайындығы бар кез-келген 18-35 жас аралығындағы азаматтар қатысты. Аталған ойындардың ерекшелігі бір уақытта ерлер мен әйелдер турнирінің өтуі. Алаңға 8 команда шықты, оның екеуі әйелдер командасы.
Шараның ұйымдастырушылары FITCAMP жастар қозғалысының белсенділері.
Жоба бұқаралық спортты дамытуға бағытталды. Бағдарламаға: дене жаттығуы, флэш-моб, белсенді ойындар, шағын футбол кірді.
Шараның ашылуына Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері Комитеті төрағасы Серік Сәпиев қатысты. Ол елімізде бұқаралық спорттың қарқынды дамып келе жатқандығын айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі.