Шалғайдағы елді мекендер білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, әлеуметтік қамсыздандыру, спорт және мәдениет кадрларына сусап отырғаны мәлім. Әсіресе шағын ауылдардың шаңырағы шайқалып тұрған біздің өңірде. Мемлекеттік «Дипломмен – ауылға!» және «Серпін-2050» бағдарламалары жетілдіруді қажет етеді.
«Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша ауылға барған жас мамандардың 944-і келісімшартын бұзыпты. «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша соңғы үш жыл ішінде диплом алған 714 түлектің 71-і ғана тұрақтап қалған. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы 2009 жылдан бастау алды. Жастар үшін өте қолайлы, біршама жағдайлары қарастырылған, алдарынан ақ жол ашатын тәп-тәуір бағдарлама. 2010 жылы ел еңсесін көтеріп, ауылға барып жұмыс істеймін деп ниет білдірген жастарды барынша қолдау үшін көтермеақыдан бөлек баспана алуға жеңілдікпен несие беріле бастады. Қолында табақтай дипломы, көкірегінде елге қызмет етемін деген асыл арманы бар жігерлі жасқа бұдан артық не керек?! Бағдарламаның әу бастағы мақсаты да ауылдық жерлерге білікті маман тарту керек екендігі де белгілі. Олар шалғай елді мекендерге барып, орнығып қалып жұмыс істейтін болса, қыруар кадр мәселесі шешіліп қалар-ақ еді. Адам саны азайған ауылға да, жұмыс істеп тәжірибе жинақтайтын жастарға да пайдалы.
Алдымен осы бағдарлама аясында сала мамандары жолдама алса, 2020 жылдан бастап ауылдық әкімдіктердің аппараттарына бас маман, жетекші маман, Е-G-3, E-G-4 санаттарына да жастар тартыла бастады. Бүгінде ауылға барып жұмысқа орналасқан жастарға 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі көтермеақы және 1500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жеңілдетілген несие беріледі. Қайтарым мерзімі – 15 жыл. Бір айта кетерлігі, мұндай әлеуметтік көмек түрлерін алған жас маман сол ауылда кем дегенде үш жыл жұмыс істеуі тиіс. Жап-жақсы дүниенің қожырайтын тұсы да осы. Мамандардың айтуына қарағанда, бағдарламаның осы бір тұсын, жетілдіріп, яғни жастарды ауылда қалдырудың мүмкіндігін қарастыру қажет.
– Жоба басталғалы облыстың елді мекендеріне 5 мыңнан астам жас маман жолдама алды. Оларға бюджеттен 809 млн теңге көтермеақы төленіп, 2 801 маманға баспана алу үшін 8,3 млрд теңге несие берілді. Биыл 3 369 жас маманға бюджеттік несие, 616 жас маманға көтермеақы беру қарастырылып отыр, – дейді облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Фариза Байманова.
Өкінішке қарай, ауылға барғанымен, әлдебір себептермен алған бағытынан айнып, үш жыл жұмыс істеуден бас тартып, келісімшартты бұзып жатқан жас мамандар да аз емес екен. Жоба жүзеге аса бастағалы облыста 940 келісімшарт бұзылған. Қаншама машақат. Жастардың тәуекелге бел буа алмауынан бюджетке 415,5 млн теңге көлемінде шығын келген. Жұмсалған қаражатты қайтарып алу үшін де көп күш жұмсау керек. Қолданылған шаралардың нәтижесінде 341,4 млн теңге қазынаға қайтарылыпты. Ал әлі қайтарылмаған қаражатты алған жас мамандардың ісі сотта қаралу үстінде.– Бұл мәселе біздің күн сайынғы бақылауымызда, – дейді Фариза Байманова. – Келісімшарттың бұзылу көрсеткіші өте көп. Бәлкім, ауылға жолдама берер алдында әрбір түлекпен тиянақты әңгіме өткізіп, баратын ауылының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын ашық айту керек шығар. Әйтпесе, өзін де, өзгені де әуре-сарсаңға түсіретін мұндай жағдайдың қаншалықты керегі бар?.. Ауылға барғанымен, орнығып отыра алмай, кейін қайтқан жастарды іздестіріп көрдік. Он шақтысымен тілдессек те, нақты себебін күлбілтелеп жасыратын сыңайлы.
– Жалпы, осы бағдарламаның шарапаты өте мол. Мемлекетке өкпелеудің еш қажеті жоқ. Бар жағдайын жасап беріп отыр ғой, – дейді қарт ұстаз Рауза Бәйкенова. – Бәлкім жастар әуелі бағдарлама бойынша берілетін қаражатқа қызығатын шығар. Ендігі бір себебі, ауылдық жердегі әлеуметтік-тұрмыстық жағдайға байланысты. Кейбір ауылдарда ауыз су, жол мәселесі күрделі. Оның үстіне мәдени ошақтары дұрыс жұмыс істемейді. Шағын ауылдарда спортпен шұғылдану мүмкіндігі де жоқ. Бәлкім, ауылдың жайын жақсартқанда, кешенді түрде жағдайын жасау қажет шығар. Бірақ мемлекет осы білімді, білікті жастар ауылдың жағдайын өз қолдарымен жасайды деп сеніп, осыншама көмек көрсетіп отыр ғой. Жас мамандардың дені – ауыл балалары. Оларға ауыл тұрмысы таңсық деп айта алмасақ керек. Демек, патриотизмнің керек жері осы. Әркім өз өлкесінің өрені болып өркендеуіне сәл де болса үлес қосамын десе, бар мүмкіндік туып отыр. Ауылдың ажарын ашып, тынысын кеңейтуге – «Серпін-2050» бағдарламасы болуға тиіс еді. Бірақ бұл бағдарлама да ақсап тұр. Индустриялық-инновациялық жобалар үшін мамандар даярлауды, жастарға кәсіби-техникалық білім беріп, оң іске бағыттап, экономикалық белсенділікті дамытуға және ішкі көші-қон жағдайын жақсартуға арналған бағдарлама жетілдіруді қажет ететіні даусыз.
– Облыс орталығындағы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде «Серпін-2050» бағдарламасы аясында педагогикалық, техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Алматы облыстарынан келген 1 342 студент білім алуда, – дейді университет ректорының кеңесшісі Аманбай Сейітқасымов. – 2020-2021 оқу жылдарында барлығы 17 мамандық бойынша 254 талапкер оқуға түсті. 2017 жылы аталған бағдарлама бойынша оқуға түскен 323 студенттің биыл 306-ы бітіріп шығады. Бұл арада бір айта кетерлігі, соңғы үш жыл ішінде 714 түлек бағдарлама бойынша оқып, білім алғанымен, облыста 71-і ғана тұрақтап қалды. Халқы тығыз орналасқан әрі қазақылығы басым оңтүстік жастары біздің аймақта тұрақтап қалса, тұтқыр болған тіліміз тіріліп, салт-дәстүріміздің салтанаты арта түсер еді. Тек талапкерлердің көбі елорданың іргесіндегі қалаға оқуға келіп, білім алғанымен тұрақтап қалмайтындығы бағдарламаны баянды етпей тұр. Облыстық тексеру комиссиясы білім басқармасы мен басқармаға бағынышты 65 ұйымда мемлекеттік аудит өткізген. Нәтижесінде, заңнама талаптарының жиі бұзылуы, бюджет қаражатын тиімді пайдаланбау тәрізді заң бұзушылықтар анықталыпты.
Сондай-ақ «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша да кемшіліктер белгілі болып отыр. Мәселен, Қызылорда, Түркістан, Алматы, Жамбыл облыстарынан келіп білім алған 158 түлектің 9-ы ғана жұмысқа орналасқаны анықталған.
Ректор кеңесшісінің айтуына қарағанда, жастардың көпшілігі жаңа ортаға бейімделе алмайтынға ұқсайды. Қайсыбіріне ауа райы жақпайды. Сол себепті үйдегі ойды базардағы нарық бұзып тұр. Біздің тараптан айтылар бір ұсыныс, мемлекет қазынасынан қаншама қаражат шығындап, осы іске бұрып отырғандықтан жас мамандарға міндетті түрде кемінде үш жыл жұмыс істетудің тетігін ойластырған ләзім.
Ақмола облысы