Қарулардың көнесі Риддер мен Алтайда екен ғой. Халықтан қару сатып алу акциясы кезінде құқық қорғаушыларға 1889 жылғы тегіс ұңғылы мылтық және 1900 жылы шығарылған тапанша тапсырылған.
ХІХ ғасырда қолданылған мылтықты полицияға Риддер қаласының тұрғыны алып келген. Сот-баллистикалық сараптама нәтижесі көрсеткендей, бұл қару Тула қару-жарақ зауытында шығарылыпты. Шебер Н.Кураковтың 1889 жылы жасаған қос ұңғылы, шүріппелі қаруы – аңшы мылтығы екен. Бір қызығы, 130 жыл болған мылтық екі ұңғыдан да атуға жарамды.
Қаруды тапсырған ер адамның айтуынша, сирек кездесетін мылтықты марқұм анасының қоймасындағы ескі заттарды жинастырып жүріп тауып алған. Криминалистер айтқандай, ғасыр өтсе де мылтық бәз-баяғы қалпында. Бұл құнды қару үшін риддерлік тұрғынға комиссия құрамы 60 мың теңгеден астам қаржы төлейді.
Ал Алтай ауданының тұрғыны полицияға Екінші дүниежүзілік соғысы кезінде пайдаланылған тапаншаны тапсырған. Магазинінде үш патроны да бар. Сараптама жұмыстары көрсеткендей, бұл қару 1900 жылы жасалған. 7,65 мм калибрлі, зауыттық нөмірі «166710», яғни «Браунинг» жүйесіне жататын ойық атыс қару. Бір ерекшелігі, өздігінен оқталады. Бұл қару да атуға жарамды.
Айта кетсек, тапанша Екінші дүниежүзілік соғысы кезінде АҚШ пен Бельгия армиясының қолында болған екен. Аудан тұрғыны оны ардагер атасының жертөлесінен тапқан.
– Халықтан заңсыз сақталған атыс қаруы мен оқ-дәрілерді сатып алу жөніндегі комиссия құрамы ер адамға қару үшін
120 000 теңгеден астам қаражат төлейді. Осылайша, үш күн ішінде тіркелмеген қару мен оқ-дәрілерді ерікті түрде тапсыру акциясы кезінде халықтан 7 млн теңгеге 110 бірлік қару қабылданды, – деді Полиция департаментінің бастығы Сағат Мадиев.
Естеріңізге сала кетсек, 20 сәуірден бастап облыс аумағында халықтан атыс қаруларын, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды сатып алу бойынша республикалық акция өтіп жатыр.
Шығыс Қазақстан облысы