• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
28 Сәуір, 2021

Қарағанды облысында техногендік төтенше жағдай жарияланды

458 рет
көрсетілді

Қарағанды облысының Доскей ауылында техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Оған ауылға жақын маңдағы қоқыс полигонының жануы себеп болған, деп хабарлайды Egemen.kz «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.

Жақында полигон бір аптадан аса уақыт бойы өртенген еді. Жергілікті әкімдіктің мәліметінше, сол өрт қайта тұтанған. Облыстық ТЖД 1200 шаршы метр алаң жанып кеткенін айтады. Үйілген қоқыс биіктігі 3 метрге жетеді. Өртті сөндіруге жанғыш материалдың көптігі қиындық тудырған.

«25 сәуірде полигон қайтадан тұтанып, әлі күнге дейін жанып жатыр. Оқиға бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Қазіргі уақытта жағдай тұрақты, адамдардың өмірі мен қоршаған ортаға қауіп жоқ. Өртің тарау қаупі жоқ»,  деді Доскей ауылының әкімі Ерболат Тоқмырза.

Доскей ауылы маңындағы тұрмыстық қатты қалдықтар полигонында өрт шыққаны 19 сәуірде хабарланған болатын. Ауыл тұрғындары елді мекендегі иіске шағымданып, полигонды жабуды талап еткен еді. Олар полигоннан жиі өрт шығатынын айтты.