• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Спорт 28 Сәуір, 2021

Шахматтан «Үміткерлер турнирінде» Ян Немпомнящий топ жарды

403 рет
көрсетілді

Шахматтан Екатеринбургте өткен «Үміткерлер турнирі» Ян Немпомнящийдің жеңісімен аяқталды. 30 жастағы ресейлік гроссмейстер 14 турдан кейін 8,5 ұпай жиып, өзге бәсекелестерінен қара үзіп кетті.

Осылайша, Немпомнящий бірінші орын алса, одан кейінгі сатыларға Максим Вашье-Лаграв (Франция. 8 ұпай), Аниш Гири (Нидерланд, 7,5 ұпай),  Фабиано Каруана (АҚШ. 7,5 ұпай), Александр Гришук (Ресей. 7 ұпай), Дин Лижен (Қытай. 7 ұпай), Кирилл Алексеенко (Ресей. 5,5 ұпай) және Ван Хао (Қытай. 5 ұпай) сынды ойыншылар жайғасты. 

Ян Немпомнящийдің 1990 жылдың 14 шілдесінде Десна өзенінің жағалауында орналасқан Брянск қаласында дүниеге келді. Бес жасқа қараған шағында шахматқа мықтап ден қойып, екі-үш жыл аралығында спорт шеберлігіне үміткер дәрежесіне дейін жетті. Одан кейінгі жылдары да жас дарынның жүріп өткен жолы жарқын жеңістерге толы болды. Ян өз құрдастары арасында әлем және Еуропа біріншіліктерінде топ жарып ересектер дуына да еркін қосылды. 14 жасында халықаралық шебер және 17 жасында гроссмейстер атанды. Әр жылдары Ресейдің және командалық әлем біріншілігінің бас жүлдесін екі реттен олжаласа, Еуропа чемпионатында бір мәрте теңдесссіз деп танылды. Басқа да халықаралық додаларда дара талантымен оқшауланып, олжаға кенелді.

2020 жылдың көктемінде Непомнящий «Үміткерлер турниріне» қатысты. Сол жарыста ол франциялық Максим Вашье-Лагравмен бірге жарыс кестесінде көш бастап тұрған еді. Алайда күллі әлемді дүрліктірген коронавирустың кесірінен айтулы дода кейінге шегеріліп, ол тек биылғы жылдың көктемінде ғана өз жалғасын тапты. Бұл жолы ресейлік шахматшы қарсылас шыдатпай, «Үміткерлер турнирінде» бас жүлдені олжалады. 

Әлем чемпионы атағы үшін тартыс ағымдағы жылдың 24 қарашасы мен 16 желтоқсан аралығында Біріккен Арабтар әмірлігінің Дубай қаласында өтеді. Бұл бәсекеде даңқты Магнус Карлсенді қапы қалдыру үшін Ян Немпомнящийге көп тер төгуге тура келеді. Өйткені, 30 жастағы норвегиялық шахматшы қазір нағыз бабында. 2013 жылы алғаш рет чемпиондық тәжді иеленген Карлсен күні бүгінге дейін сол тұғырынан еш төмендеген емес. Қандай жарысқа қатысса да, ол үнемі алдыңғы лектен көрінуде. Ал 2020 жылдың қаңтарында Магнус рекордтық нәтижеге иек артты. Скандинавияның саңлағы қатарынан 111 партияда ешкімнен жеңілген жоқ. Ақыры өзінің бұл көрсеткішін 125-ке дейін жеткізді. Былтырғы жылдың қазан айында өткен «Altibox Norway Chess» турнирінде Карлсеннің жеңіспен өрілген сериясы үзілді. Өз елінде ол польшалық Ян-Кшиштоф Дудаға есе жіберді.