• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Қаржы 28 Сәуір, 2021

Баға нарықтық жолмен реттеледі

798 рет
көрсетілді

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов бүгін     әлеуметтік желідегі парақшасында  кәсіпкерлерден көптеген өтініш түсетінін,  олардың айтуынша монополияға қарсы орган олардың қызметіне шамадан тыс көп араласатынын жазды, деп хабарлайды Egemen.kz .

Р. Жүрсінов атап өткеніндей,   монополияға қарсы ведомство әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) 19 позициясына қатысты бағаның өсуіне баса назар аударып отыр. «ӘМАТ бағасының көтерілуіне қарсы күресте бөлшек сауда желілеріне қатысты қатаң шаралар қолданылады. Біз өткеннен сабақ алмаған болып тұрмыз ғой. 80-жылдардың соңында бағаны реттеуге байланысты дүкен сөрелері босап қалған болатын. Иә, ол кезде әлеуметтік-экономикалық күйреу болды. Ал бүгінде нарықтық экономика емес пе, бағаны нарықтың өзі реттеуі керек» дейді Р. Жүрсінов.  

Бағаның негізсіз өсуі азаматтардың қалтасын қағарына  тоқталып өткен өкіл бірақ бағаның шамадан тыс реттелуі кезінде ӘМАТ тапшылығы пайда болатынын ескертті. Мұндай жағдайда  дүкен сөрелері 80-жылдардағыдай босап қалуы да ғажап емес. Бөлшек сауда ӘМАТ ассортиментінен бас тартады, өйткені бір жағынан оларды сату экономикалық тұрғыдан мүмкін емес болса, екінші жағынан, шекті бағадан асып кеткені үшін саудагер қатаң жазаланады.

«Сауда желілеріне қатысты нақты шаралар олардың азық-түлік тауарларының бөлшек саудадағы үлесінің жоғары болмауына байланысты тиімсіз. Неғұрлым дамыған елдерде қазіргі заманғы форматтардың үлесі (сауда желісі) барлық бөлшек сауда нарығының орта есеппен 80%-ына жетеді, Ресейде бұл көрсеткіш 69% - ға, Беларусьте - 61%-ға, Франция мен Кореяда - 81-ға, Австрияда - 86%-ға жетті. Қазақстанда бұл деңгей 31%-ға әрең жетеді. Демек, мемлекет өзі ұсынған шаралар арқылы ӘМАТ-қа шекті бағаларды сақтау іс жүзінде мүмкін болмайтын және бақыланбайтын бөлшек сауда үшін бәсекеге қабілетсіз артықшылықтар береді.Мен бағаларды тек нарықтық әдістермен реттеуге болатынына сенімдімін. Дәл осы үшін монополияға қарсы органдар бар. Бөлшек сауданы әкімшілік жауапкершілікке тарту дұрыс емес», дейді Р. Жүрсінов.

Р. Жүрсінов атап өткендей,  супермаркеттер желілері ӘМАТ бағасының төмен болуына өздері мүдделі және тауарлардың осы санаты бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша контрагенттермен өз бетінше жұмыс жүргізеді.

Сондықтан баға мониторингінің пысықталған тетігін пайдалана отырып, олардың монополияға қарсы комплаенс құралдарын енгізу тәсілін әзірлеу қажет.

«Мұндай мониторингтің қағидаттары - ынтымақтастық, негізделген сенім, заңдылық, ашықтық, кеңейтілген ақпараттық өзара іс-қимыл болуы тиіс. Монополияға қарсы комплаенстің сыртқы актісін келісе отырып, кәсіпкерлер монополияға қарсы органмен келісім жасасады – олар «тауар нарығындағы ойын ережелерін» белгілейді. Оларды сақтаған жағдайда кәсіпкерлер жауапкершілікке тартылмайды», дейді Р. Журсінов.

Осы ретте өкіл  ӘМАТ бойынша біз белгілі бір үстемеақыны бекітуді ұсынатынын айтты.  Бұл тасымалдау, сақтау және т. б. шығындарды өтеуге тиіс. Бизнес қабылдаған міндеттемелерді бақылауды 2020 жылы заңнамалық түрде енгізілген баға мониторингі тетігі арқылы тұрақты негізде жүзеге асыруға болады. Деректермен, құжаттармен алмасу құралы Салық кодексінің ережелерінен алынған. Олар деңгейлес мониторинг туралы келісім жасасқан салық төлеушілерге қатысты қандай да бір ден қою шараларынан босатуды көздейді (131-б. – деңгейлес мониторинг).

«Мен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғаринге монополияға қарсы органның базасында қатысы бар ұйымдардың қызметкерлерін тарта отырып, талдау орталығын құру туралы ұсыныспен хат жолдадым. Орталықтың қызметі тауар позицияларында бағалық талдау жүргізуге және нарықта жағымсыз көріністердің пайда болу себептерін анықтауға бағытталатын болады. Бұл мемлекеттік органдар тарапынан жазалау шараларын қолданбай, ӘМАТ бағасының өсу проблемасын жүйелі түрде қарастыруға мүмкіндік береді. Бұл жерде кәсіпкерлер де тұтынушы тәрізді қалыптасқан жағдайдың кепіліне айналғанын түсінген жөн», деп сөзін түйіндеді Р. Жүрсінов.